Басты бет Экспромт жырлар Майдан жырлары Туған жер жырлары

Арнау олеңдер

Сұңқар жыры

(М. Горький туралы)

І

Бір үһілеп, бір өксіп,
Жатты дүние дөңбекшіп, -
Азап шеккен арудай.
Тұншықтырып түн түнек,
Түнжыраулы жер мен көк,
Күйзелгендей күн мен ай.

Сонда сонау қиядан
Ұшты сұңқар ұядан,
Ұшты самғап саңқылдап.
Қара түнді қақ жара
Қанатымен жол сала,-
Нажағайдай жарқылдап.

Ұшты сұңқар самғады,
Жиһан жүзін шарлады,
Көрді, ұқты түн сырын:
Екі басты самұрық
Шеңгелге сап тұр бүріп
Бостандықтың бұлбұлын.

Шықты сұңқар көкке өрлеп,
Көкірегін кек кернеп,
Бостандық деп жырлады.
Құмарта сұңқар үніне,
Таңшыл құстар сүйіне,
Бақыт жырын тыңдады.

Тау тулатқан толқын жыр,
Жосып аққан жойқын жыр.
Солқылдатты жер-көкті.
Аңыз болған арман жыр,
Құлақ құршы қанған жыр
Дүниені тербетті.

Сұңқарды тез құртам деп,
Қос қанатын қырқам деп,
Бар қаһарын тікті түн.
Қауіп-қатер төнгенде,
«Сұңқарға сын» дегенде,
Естілді бір күшті үн.

Топшысымен тау жыға,
Қанатымен бұлт сыра,
Келе жатты қос қыран.
Жер жендетін жайрата,
Таң құстарын сайрата,
Қара түнге салды ойран.

Саңқылдап сұңқар күшті үні,
Шарықтап таңның бұлбұлы,
Бастап ұшты қос қыран.
Нажағай бұлтты қамшылап,
Түн қорқауы қансырап,
Жарқырап атты алтын таң.

ІІ

Өмірдің асқар шыңында,
Бақытты алтын тұғырда
Жырлайды таңның сұңқары.
Гүлді, нұрлы алтын жаз,
Асыр салған аққу-қаз,
Шалқып шаттық шалқары.

Жердегі бір жырадан,
Жылжып жендет сұр жылан
Шықты шыңға өрмелеп.
Қапыда жылан шақты деп
Сұңқар қаза тапты деп.

Азаланды жер пен көк,
Бірақ сұңқар өлген жоқ.

Иланады кім оған?!
Өзге өлсе де, - өлмейтін,
Өліміңе көнбейтін
Ол бір туған ұлы жан.
Сұңқар жыры – жарқылдай,
Жауға атылған нажағай;
Ол біздің жыр, бізге ұран.
Шыңдағы алтын тұғырдан,
Сұңқарларын ұшырған
Ұлы Отан – тау қыран.
1936


АҚЫН

(Маяковский туралы)

Ескі дүние есігін теуіп ашып,
Кіріп келді ол жүзінен жалын шашып,
Босағада тұрмады, төрге шашып,
Бұзып-жарып, еңсеріп, еркін басып.
Кербез әйел сықылды дүние паң
Қылығына жігіттің бұлқан-талқан.
Ала көзбен бір қарап дүниеге,
Ақын тұрды азырақ болып аң-таң.
Дүние – шексіз, аралап кете барды,
Тілін ұқты, сырын да тез аңғарды.
Су орнына жұтты да аққан жасты,
Күй орнына тыңдады қайғы-зарды.
Осы шуды қақ жарып шықты бір үн,
Естімеген дүние мүңы бұрын.
Бостандықтың бүркіті саңқ-саңқ етіп,
Қанатымен сыпырды дүние кірін.
Ақын сонда әлемге айтты шынын,
Деді ол: «Жаңа дүние жаршысымын»
Бар дауысымен айқайлап жіберді кеп,
Жер құлағын тұндырды даусы мұның.
Дүние шуын бұл дауыс кетті басып,
Есі шыққан ескілік қалды сасып.
Баса қашты құлағын нәзік муза,
Музаны бұл не қылсын, емес ғашық.
Не қыламыз, шынында, музаны біз?!
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз.
Муза жазып бермейді бізге өлең,
Өлең тоқыр өзіміз фабрикамыз.
Өлеңді ол жазушы ед бұрқыратып,
Қанжарды да тұтушы ед, мылтық атып.
Көрікті де басушы ед күмпілдетіп,
Балғаны да соғушы ед тасты уатып.
Дабылдатып еді бір дүниені,
Амал қанша, дариға-ай сол да өлді.
Арыстандай ақырған ақын еді,
Жыр көгінде қырандай шалқып еді.
Даусы қалды құлақта саңқылдаған,
Жыры қалды жүректе жарқылдаған.
Жыр керек қой, дүниеге жыр керек қой,
Неге ғана өледі ақын адам?!
1940


АҚЫННЫҢ ЕСКЕРТКІШІ
(Пушкиннің өлгеніне жүз жыл толуына)

Өмір бақша жемісі мол, қызыл гүлі жайнаған,
Жан иесі бейне бұлбұл, гүлге қонып сайраған.
Сол бақшаны мен келемін тамашалап, аралап,
Гүлдің сырын, бұлбұл үнін жырға тізіп, саралап.

Гүлдің сыры, бұлбұл үні тербетеді жанымды,
Балқытады жас тәнімді, қайнатады қанымды.
Ұлы мұхит толқынындай тасқындайды көңілім,
Май айының бақшасындай құлпырады өмірім.

Нұрын төгіп, мейірленіп, күн қарайды күлімдеп,
Бақша ішінде музыкадан күй төгілед дірілдеп.
Шаттық жыры жүрегімді, көкірегімді кернейді,
Көңіл құсы шарықтайды, күнге қарай өрлейді.

Аралаймын гүл бақшаны, тамашаға тоймаймын,
Толқындаймын, тасқындаймын, толғанамын, ойлаймын.
Ой шыңынан құлдырайды асыл сөздің бұлағы,
Жыр тыңдайды, түрілері бар әлемнің құлағы.

Жырлаймын да, шырқатамын шаттық жырын өмірдің,
Еркіндеймін, орындаймын бар тілегін көңілдің.
Іркілмеймін, бақша ішінде тамашалап келемін,
Бақша ішінде, көз алдымда бір ескерткіш көремін.

Мрамордан орнатылған ескерткішке келемін,
Иілемін тәжім етіп, жырмен сәлем беремін.
Жыр тәңірінің, ұлы ақынның ескерткіші еді бұл,
Дақ түспеген, ескірмеген, өтсе-дағы талай жыр.

Бұйра шашы толқынданған, кең маңдайы керілген,
Тапжылмастан ұлы ақын тұр, терең ойға көмілген.
Ескерткішке кірпік қақпай қадаламын, қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын.

Қараймын да ескерткішке, терең ойға батамын,
Сырымды айтам, шынымды айтам, ақынға тіл қатамын:
- Шіркін жалған, опасы жоқ, әттең сұмырай, зар заман,
Не көрсетпеді, не қылмады, не қылмады ол саған!

Ақын едің, албырт едің, сұм жалғанмен алыстың,
Таң жолынан тапжылмадың, қайтпадың сен, қарыстың.
Ақын едің, күн боп едің, мезгіл жетпей сөндің сен,
Сонда-дағы борышыңды адамзатқа бердің сен.

Ақын едің, жалын едің, желмен ойнап өрт болдың,
Ақын едің, соққы жедің, сұм жалғаннан мерт болдың.
Бірақ, сені жоя алмады, құрта алмады сұм жалған,
Мәңгі сақтар, жүрек жаттар сенен асыл жыр қалған.

Сені қысқан сұм замана, болды міне күл-талқан,
Сен аңсаған, құмарланған атты міне, атар таң,
Жаңа заман сені бұгін жүрегіне бөледі,
Жаттап жырың, ақтап атың, сені тірі көреді...

Деймін-дағы, ескерткішке қайта-қайта қараймын,
Ескерткішін ұлы ақынның дәл өзіне балаймын,
Қарсы алдында ескерткіштің кетем жырлап тағы да,
Жырлаймын да, гүл орнатам ескерткіштің маңына.
1937, Алматы


ЧЕРНЫШЕВСКИЙГЕ

Бір масқара уақиғаны
Еске алсам, шошыр жаным.
Айтуға тіл ұялады,
Айтсам, қайнар зығырданым.
Ортасында өткен ғасыр,
Алаңында Петербургтың
Түсі суық бір ағаш тұр.
Тартып көзін өткен жұрттың...
Әлдекімдер келеді алып
Сол ағашқа бір адамды.
Ерсіл-қарсыл өткен халық
Аң-таң болып тұра қалды.
Таңды әкеліп әлгі адамды
Қабыстырып қара ағашқа,
Масқаралап қысым салды
Көзің қимас қыршын жасқа.
Жендеттері жауыздықтың
Жауап берер кейін не деп?
Жазығы жоқ жас жігіттің
Түкіреді бетіне кеп.
Христосын қасына ертіп,
Сықылданып мүнкір-нәңкір,
Поптар тағы келді жетіп,
Тұғызбаққа заман ақыр!
Қанды ағашқа тұр таңулы,
Тұр ұлы адам – тұр ақыл, ой,
Тұр халықтың адал ұлы,
Тұр ұлы адам – тұр ақыл, ой,
Қанды алаңға толған халық
Қайтып төзсін мұндай күйге?!
Кетті толқып ызаланып
Бүкіл Россия, бүкіл дүние.
Тұс-тұс жақтан шықты дауыс,
Ызаланған қаһарлы үн.
Нажағайдай тиді қарғыс
Қалтыратты патша тағын.
О, сүйікті Чернышевский,
Жауыздардан не көрмедің,
Сонда-дағы сен өлмедің,
Қайтарылды сенің кегің!
Қанды ағаш сені таңған
Болды талқан, қалды адыра,
Орнына оның мрамордан
Саған арнап соқтық мұра.
1936


ГОРЬКИЙ

Горький – күн,
	заманына нұрын төккен,
Горький – гүл,
	гүлдендіре ұрық сепкен,
Горький – үн,
	жер шарына еркін жеткен.
Горький – жыр,
	тәнді сұйіп, жан тербеткен.
Горький – от,
	кекке өрлеген қызыл жалын!
Горький – оқ,
	өңменінен атқан жауын!
Горький – сел,
	тас талқандап аққан ағын!
Горький – ер,
	таң жолына тапқан табын!
Горький – ол
«дауылпаз» боп дауылдатқан,
Жауына
	жасын тастап, жауындатқан,
Сескенбей
	төніп тұрған қара бұлттан,
Дауылпаз
	қайсар, қайтпас 
		қанат қаққан.
Горький – ол
	заманының тілі болған,
Табының
	таусылмайтын жыры болған.
Ойы – аспан,
	кеуде–сарай – алтын толған,
Алтынын
	өз табына берген қолдан.
Сол Горький,
	міне, бүгін жұмды көзін.
Жүрекке
	«Өлді...» деген жетті сезім.
Бірақ та!
	тәні өлді... өзі өлген жоқ.
Мәңгі өлмес –
	берді бізге асыл сөзін!
Горькийдің
	күші – табым білегінде!
Горькийдің
	ісі – табым тілегінде!
Сезімі –
	миллионның сезімінде,
Сөздері –
	ұлы заман жүрегінде!
Тән тозбақ,
	қан суалмақ – өмір заңы!
Мәңгі өлмей
	тұра алады кімнің жаны!
Тарихта
	мәңгі өшпес сыр қалдырған –
Горькийдей
	тап ұлының не арманы.
1936. Орал


АҚЫН
(Пушкиннің өлгеніне 100 жыл толғанда)

Күн боп тұған ұлан күнше күледі,
Күндес болған түн өзегін тіледі.
Түн мазағын, өмірдің сұм азабын
Тартқан жанның сырын, мұңын біледі.
Төгілген қан, аққан жасты көргенде
Елжірейді, жалындайды жүрегі.
Жібек жыры жауыздықтан жиіркеніп,
Оқ тигендей сырқырайды сүйегі.
Жалындап сырт, ыза кернеп, қайнап іш,
Жас ұланның таза қаны күйеді...
Қара түнде қара киіп қайғырған
Сұлуларды құшады да, сүйеді.
Құшады да, кенет, сақ-сақ күледі.
Әнге шырқап, кейде шалқып жырлайды.
Тасқындайды жас өмірдің тілегі...
Мұны көріп, сұр жыландар ысқырып,
Жындар жортып, иттер-дағы үреді.

«Ит үреді, керуендер көшеді».
Жел жынданып, ызыңдайды, еседі...
Көшкен елдей, ескен желдей мазасыз,
Сұм жалғанның гуілдейді өсегі.
Бірақ оған мойымайды жас ұлан,
Албырт болып, ақын болып өседі.

Ақын ұлан өмір сырын тереді,
Қырағы көз көрмегенді көреді.
Сезгіш жүрек, асқан ақыл, албырт ой,
Қайтпас қажыр, ақынға күш береді.

Ақын ұлан арыстандай айбатпен
Ар, намыстың майданына енеді.
Қалам найза, қалқан болып қағазы,
Сөздері – оқ, алмас қылыш – өлеңі...
Зұлымдыққа нажағай боп атылып,
Әділдікке көңіл нұрын себеді.
Дабыл қағып, таң жолына шақырып,
Таң атады, күн шығад деп сенеді.
Бұл майданда албырт ақын, жас ұлан
Түн қысымын көп көріп, зар шегеді.
Күңіренеді, көзден жасын төгеді.
Көңіл көгін қара бұлт торлайды.
Талай рет түн түнегі төнеді.
Амал қанша, зарлатады зар заман,
Жауыз тағдыр жас ұланды жеңеді...
Амал қанша! Жалмауыздар желікті,
Аямапты, ақын қанын төгіпті.
Ақын ұлан қоштасарда жанымен,
Ақтық рет: күндей күлген көрікті
Жас сұлуын – Музасын бір көріпті,
Көріпті де, көз жұмыпты, өліпті...
Өңшең сұмдар өлі тәнді басынып,
«Тұрмасын» деп, тереңірек көміпті...
Ақын өлед – жан иесі күңренед...
Өтеді өмір. Ақырында күн жеңді,
Ақын жыры күн нұрымен гүлденді.
Ақын аты, ақын күші ақталар,
Заман туды. Жан иегі кенелді.
Ақын жыры мәңгілікке жатталар,
Шаттығы мол жүректерге бөленді,
Бақыт қонған, құмар қанған заманда
Ақын жыры күн нұрына теңелді.
Ақын жыры әсер берді маған да,
Ақынға арнап жаздым мен де өлеңді!


РУСТАВЕЛИ ШОТАҒА

Шықтым шалқып шың басына, шарықтатып шат қиялды,
Өр көңілмен орай шолдым бар ғаламды, жер-жиһанды.

Тұңғиыққа терең бойлап, түстім тарих дариясына,
Көз жеткісіз көлемді ойлап, амандастым бар ғасырға.

Өткен өмір – бейне музей, араладым емін-еркін, –
Ұқтым талай ғасыр сырын, өмір сиқын, елдің кейпін.

Жеті ғасыр жолға жетіп, айналама көз жібердім,
Қап тауында тұрмыс құрған халық көрдім, көңіл бөлдім.

Ханды көрдім, қаһарымен айналасын қалтыратқан;
Батыр көрдім, жолбарыстай тауда жортқан, садақ тартқан.

Елді көрдім, еңіреген, Еділдей боп жасы аққан,
Ерді көрдім, азап қабын арқалаған, нәр сұраған.

Сұм заманнан жаны шошып, жапан түзге кеткен босып,
Көрдім жалқы жауынгерді, өлім жолын жүрген тосып...

Қарай қалдым Қап тауының бұлт бүркеген құз басына,
Кенет көзім кетті түсіп бір ұлы адам тұлғасына.

Тұр екен ол тым тұнжырап, Эльбрустан елге қарап,
Ел қиялын, ер арманын жиып-теріп өзі арқалап.

Ақын екен, арыстандай айбарымен айға шапқан,
Ағыл-тегіл төгілген жыр – бейне Терек¹ таудан аққан. 

Қиыр кезіп, ойға жүзіп, қиял құсы қанат қаққан,
Айдынды аспан аясында жыр тыңдатқан, мұңын шаққан.

Жан саясын, ой шұғыласын іздеп асыл махаббаттан,
Шын достыққа, шын ерлікке, бостандыққа дабыл қаққан.

Қолын сілтеп қашқан патша Тамарадан², тәж бен тақтан,
Ақырында арманды ақын күн боп туып, ай боп батқан.

Көргем талай, күңгірттеніп, нұры кеміп батқан айды,
Батар айды басқан бұлттай, ақын жүзін жапқан қайғы.

Көз ұшында көлеңкедей ақын маған бұлдырайды,
Тіл қатпайды, томсарады, Тариелдей³ тұнжырайды...

Амандастым мен тіл қата, Алатаудан ән шырқата:
О, сабазым, ақын Шота, неге мұнша болдың қапа?

Өміріңе өкіндің бе, көрмедім деп, ешбір опа?
Әлде жаның қажыды ма жер жастанып жата-жата?

Сен тірісің! Мәңгі өлмейсің. Өлім сені басына алмас,
Сен жалынсың лапылдаған, түн түнегі жасыра алмас.

Сен болатсың жарқылдаған, тот та баспас,
						жерде қалмас,
Сен алтынсың, жүрегінде сақтап келді Кавказ, Парнас.

Бір тынбады, зырылдады дүниенің дөңгелегі,
Ақырында атты алтын таң – адамзаттың көксегені.

Бақытты өмір құшағында еске алады бүгін сені,
Тариелдің інілері, Нестаныңның(4) сіңлілері.

___________________
¹Терек – Қавказдағы өзен.
²Тамара – Руставелидің замандасы, патша.
³Тариел – Руставели дастанының геройы.
4Нестан – Тариелдің ғашығы.



ӨЛДІ ДЕУГЕ БОЛАР МА
(Сулейман Стальский қайтыс болғанда)

Дағыстанның даңқты,
Қайратты қарт бұлбұлы ең.
Сүйсіндіре халықты
Күй төгіп ең тіліңнен.

Ерте туып, кеш жасап,
Көпті көзбен көріп ең.
Көргеніңді әнге сап,
Жырға тізіп беріп ең.

...Сол өмірдің қарасы
Біржолата батқанда.
Қуанып адам баласы,
Бақыт таңы атқанда.

Көне көзің күлімдеп
Жүзіңде ойнап бақыт нұр.
Ой түбінен нөсерлеп
Ақтарылды шаттық жыр.

Қарт Кавказдың құзынан
Аса шапқан дүлдүл ең.
Бақытты өмір шыңынан
Ән шырқатқан бұлбұл ең.


ЖЫР ЖОЛЫНДА АСҚАР ТАУ
(Нұрпейіс жырау туралы)

Жолға шықтым, қолға ұстап
Ақындықтың желегін.
Бірде шауып ойқастап,
Бірде аяңдап, желемін.
Жыр төселген жолдармен
Желе-жортып келемін.
Көк сүңгірдей өңгерген
Қолда батпан өлеңім.
Күндердің бір күнінде
Есті алдымнан самал жел.
Құлақ тостым бір үнге
Әлде тасқын, әлде сел.
Қоңыр самал төске алып,
Үнді қуып жөнелдім.
Алысқа бір көз салып,
Асқар биік тау көрдім.
Асқар таудан жосылған
Ағыл-тегіл сел көрдім.
Аққу ұшып, қаз қонған
Айдын шалқар көл көрдім,
Тәуекел деп, толқыннан
Жүзіп өтіп келдім мен.
Мейлің шанба, мейлің шан,
Бір ғажайып көрдім мен:
Таудай болып отырған
Өзіміздің Нұрекең.
Сел-дария толқыған
Нұрекеңнің жыры екен.
1940


СҰЛТАНМАХМҰТ ТУРАЛЫ БАЛЛАДА

Бауырында Баянаулы жалғыз қорған
Қиырдан жолаушыға аңыз болған.
Күзетіп күндіз бүркіт, таңда бұлбұл,
Түн болса тұғыр етіп байғыз қонған.
Тыным ап сол қорғанда тұрған жым-жырт,
Жамылып жиырма жылды жатыр Махмұт.
Күндердің күнінде бір сол молаға
Керісіп келе жатты екі жігіт.
Молаға екі жігіт келіп жетті,
Біреуі ақын еді от жүректі.
Сұлтанның қабырына гүл орнатып,
Көзінен жас домалап тәуеп етті.
Мелшиіп тұрды анадай екіншісі,
Әруақтай мола кезген сұп-сұр түсі.
Ербеңдеп кең дүниеде жүрген біреу,
Болғанмен сырты күмбез, қуыс іші.
Жамандап өлген жанды кәсіп еткен,
Өлгеннің сыбағасын нәсіп еткен.
Ақынның моласынан бір мін тауып,
Жамандап қайтуға оның есі кеткен.
Жол бойы екі жігіт көп ұрысқан,
Мейірімсіз бір-біріне болған дұшпан.
Елсізді елеуретіп айтысты кеп,
Ұялмай тауда аңнан, көлде кұстан.

Бірі айтты: - Сұлтанмахмұт тірі, - деді,
Мәңгілік өлмес жанның бірі деді,
Қазақтың кең даласын аралап жүр,
Өзіндей өжет оның жыры, - деді.
Бірі айтты: - қателеспе, өлген, - деді,
Жырын да, өзін де оның көмген, - деді.
Болған соң өзі дұшпан, сөзі арам,
Тарихқа жазып солай бергем, - деді.
Жанжалы екеуінің кетті қызып,
Аң қарап, құстар ұшып етті қызық.
Дүбірі екеуінің жер сілкінтіп,
Соғысты бір-бірінің ауызын бұзып.
Толқып су, дүрілдеп тау, қалшылдап тас,
Сұрапыл қабір басы болды айқас.
Жыртылған жаға мен жең желге ұшып,
Бұлттай боп бұрқырады жұлынған шаш.
Ғажайып күн күркіреп, етті жалт-жұлт,
Қабырдың бет тақтайы сынды сарт-сұрт.
От шашып екі көзден, «тоқтаңдар» деп,
Бейіттен шыға келді Сұлтанмахмұт.
Екеуі тұра қалды есі кетіп,
Мұздай боп тұла бойы, дір-дір етіп.
Қорыққанын екеуінің білгеннен соң,
Сұлтекең амандасты жайлап жетіп:
- Жігіттер, қош келдіңдер, жоғарылат.
Рахмет, ұмытпапсыз ер-азамат.
Жанжалыңыз азырақ болды-ау ағат.
Жас ақын Махмұтқа айтты сырын,
Жолдасы өсек айтып жүргендігін.
Сұлтекең сабырлы оймен тыңдап болып,
Мырс етіп бір күлді де, деді: - Інім!
Өлгем жоқ, иланыңдар, шынымды айтам,
Өлді деп айта берсін кейбір сайтан.
Қабірді жай қақсаңдар шығамын ғой,
Жүр, баста, жазушылар Союзынан
Мүшелік билетімді алып қайтам.
Сен жігіт өсек айтып жүргенше кұр,
Моламды мен қайтқанша күзете тұр.
Деді де қолтықтап ап жас ақынды
Сұлтекең жүріп кетті шырқатып жыр.
(20 май, 1940)


СӘБИТКЕ

Ішімде жанар таудай жатыр жырым,
Ұшқындап іште қайнап сұрапылым.
Көрерсіз соның бұрқап атылғанын
Жаңғыртып жан түпкірін, ойдың шыңын.
Өлеңнің қаптатармын отты селін,
Толассыз топанындай ертегінің.
Білерсіз кім екенін сонда, Сәке,
Бұл күнде от шайнаған тентек інің.
1942


ҒАБДОЛҒА

І

Ғабдолым, алдым хатыңды,
Жарқ етті кеште бір бақыт.
Сенің от махаббатыңды
Шырақ еттім бейуақыт.

Елестеп өтті алдымнан
Жаралы жылдар бейнесі
Қаралы туын жамылған,
Шіріген қанмен жейдесі.
Жалдап бір жүріп қан жұтқан,
Адамды қылғып тірідей.
Түскендей жерге «тамұқтан»
Қап-қара алып бір дүлей,
Ырситып темір тістерін,
Жалақтап, жалмап, жұтынып.
Істеп бір алып істерін,
Тұр әлі тоймай, құтырып.

Жүрегім шоққа көмілді,
Жанымды жайдым өртеңге.
Сұмдықта кеткен кегімді
Қайтара алмай өтем бе?
Жеді ғой іштен өкініш.
Қайратымды үңгіп, қуыстап.
Кеудеде тынған дауыл күш
Шығасың қай күн ту ұстап?

ІІ

Сырласып, досым, сенімен,
Кеш еді оймен табысқан.
Айдаһар соғыс лебімен
Тартты кеп мені алыстан.
Құлдырап Қиыр Шығыстан,
Бұлдырап қырда, тауларда.
Жазылып көңлім құрысқан,
Жұлдызым жүзіп заңғарда.
Шабытпен түлеп, шарқ ұрып,
Құдіретті бір күш қонғандай.
Алысты көзбен шақырып,
Мерекем менің болғандай.
Қып-қызыл дария майданға
Басыммен сүңгіп келемін.
Бойлап бір кешіп тереңін.
Білмеймін, қайда жоғалттым
Сескену, қорқу дегенді?
Есігін қақтым дозақтың
Өлеңмен келіп мен енді.
Жанымды салсам жалынға,
Жанады-ау деп те сескенбен.
Жап-жасыл балғын шағымда
Шомылып өртке өскем мен.
Қалсам бір қаусап мен өліп,
Достарым, аңсап, өкінбе!
Нажағайлы қара бұлт болып,
Жаңбыр боп жауып өтті де.


ПОДПОЛКОВНИК ӘЛПИНГЕ

Құттықтаймын бірімен майдың,
Подполковник, жолдас Әлпин!
Біздің ағажан еді жайқын,
Жымия күліп оқыр, бәлкім.

Етіңіз қабыл жүректің нәрін,
Ақын солдат махаббатын;
Ылтифатыңыз өзіме мәлім,
Мен бе оны ұмытатын?

Балтырын таңған, сұр шинель киген
Осы бір солдат өтер өрттен.
Тасқындай еркін поэзиясымен
Шығар бір барып келешектен.

Ұмытармын ба қасіретімді,
Қатыбас күндер қан соққысын?
Қабыл ал осы қабілетімді, -
Махаббат, достық жоралғысын.
1944


ҒАЛИҒА ЖАУАП

Бірінші сөз

Сәл ғана саябырда тауып рақат,
От үрлеп сұр окопта отыр солдат...
Кім білер сол солдат мен екенімді,
Алтын от алдымдағы – дос жазған хат?

Ақын дос, адал ниет ағатайым,
Мен үшін тоқсан толқып, шегіп уайым.
Шөлдеген жіберіпсің жан сусынын,
Бойыма құйылды өмір жұтқан сайын.

Қатқан мұз көкірегімде қан аралас,
Балқып бір кетті тамып боп ыстық жас.
От шашқан жанартаудай тебірендім,
Түксиген түсі суық едім құз тас.

Айығып жарқырады ой аспаным,
Алыста ақты өзендей ерке сағым.
Досымдай іздеп тапқан құшты мені,
Бақытым, сүйінішім, жастық шағым.

Қан қатқан қанатымдай шинелімді,
Қайыра серпіп, ашып көкірегімді.
Құшып бір тұрғандаймын нақ осы кез,
Назымды, сырымды айтып мен елімді.

Қараймын отты көзбен жан-жағыма,
Ой тастап, арттағыма, алдағыма.
Қарлыққан соғыс даусын киіп-жарып,
Құйқылжып күй келеді құлағыма.

Тыңдаймын осы күйді жаным ұйып,
Барады жүрегіме жылы тиіп.
Ұлы өмір, ұлан-байтақ туған елім,
Қалайша көкірегіме кеттің сыйып.

Туған ел, сен дегенде жаным жайлау,
Орнашы зердеме кеп ұлы Алатау.
Құйылшы жүрегіме Есіл мен сыр,
Өтейін қаптатып сел, қиратып жау.

Ажалдан ата дұшпан алайын кек,
Мәңгілік тынбастай боп соқшы жүрек.
Майданда тасқа қатқан достар қанын
Ту ғып мен көтерейін, көрсін жер-көк.

Екінші сөз

Көңілімді тебіренттің, ақын аға!
Жыршы емен жалтақтағыш, жалтырама.
Елімнің солдатымын қарапайым,
Сөз шайнап тұрғаным жоқ сахнада.

Жұлдызым бүгін менің жүзбей өрге,
Аласа көрінсем де «биіктерге».
Бір келме қонағындай замананың
Сыр бүгіп, сылаңдаман туған жерде.

Мен емес сыртын сылар, іштен іріп,
Кимеймін тұмылдырық, көзілдірік.
Өткізіп өз көзімнен бар өмірді,
Аралап, жерде жаяу келем жүріп...

Нығырақ басамын мен аяғымды,
Алға ұстап жүрегімді, аянымды.
Өз жүрген жолдарыма келем жазып,
Сырымды, барлық өмірбаянымды.

Құлдықтың құрсауы емес – баста бөркім,
Табиғат бөбегімін өскен еркін.
Жүрегім торда отырған емес тоты,
Күлем бе, жылаймын ба, тек өз еркім.

Табиғат-анама мен туғам тартып,
Күн болып күлемін мен балқып, шалқып.
Көк дауыл көкірегімде күрсінгенде,
Бұлт болып арпалысам, жалын шарпып.

Көңілім – шың, теріскейім – ызғарлы аяз,
Күнгейім – тас балқытқан бір алтын жаз.
Кім келер қай жағымнан, мейлі өз еркі,
Отты сөз – дұшпанға зіл, досыма наз.

Үшінші сөз

Хат жаздым, қан тамызып мен сияма.
Айт сәлем туған елге, Ғали аға.
Мен үшін сүй бетінен сәбилерді,
Бер сәлем жолыққан әр қарияға.

Жанымның жалын шалған жапырағын
Жібердім салып хатқа, аға жаным.
Жи-дағы достарымды көрсет өзің,
Жапсырып кеудесіне домбыраның.

Айтар ем туған жердің сүй, - деп, - тасын
Аяймын, кетер тамып ыстық жасың.
Жанымыз сіз бен біздің жатқан майдан,
Тамшы жас тамып түсер бір қорғасын.

Ажалдың мен бе көнер дегеніне!
Келермін күтші, достар, мен еліме.
Біреулер жанарымнан жанымды ұғып,
Біреулер қарар ескі шинеліме.

Сыпырып кіреукесін жіті түннің,
Жүзіне қараймын тік келер күннің.
Жұлығын қан жалаған ботинкаммен
Төріне шығармын бір мен елімнің.

Тынар ма кеудем менің, жұтса да оқ?
Күйер ме тілім менің, шайнасам шоқ?
Туған ел кеудесінде арпалысып,
Соғармын ыстық қанды жүрегі боп.


ҚАПАНҒА

Қан қақтаған жалпақ дала
Жанымдай боп жатты өртеніп,
Кешкі аспан қызыл ала
Төмен түсіп, тұрды төніп.
Оралғандай тұмша бұлтқа
Отырдым мен бейне құз тас.
Ішкі толқын теуіп сыртқа,
Шашырады көзімнен жас.
Отты желі сағыныштың
Өтті қарпып, шарпып жалап.
Өз жасымды өзім іштім.
Кеуде қансып, жан қаталап.
Сол кез, досым, бақыт құсы
Қауырсынын малсаң қанға.
Іздеп мені қан майданда.
Жарқ етті де, келді, қонды,
Менің алақаныма кеп.
Әмма сайрағандай болды,
Жайып қанат, үні елжіреп.
Ақ қанатты бақыт құсы
Ақ қағазға жазылған хат.
Қанды сапар жолаушысы
Хат қадірін білер солдат.
«Хат қадірін білер солдат»
Деген оймен мені ескеріп,
Досым, құрбым, жазыпсың хат,
Жүрегіме болды серік.
Тапты ұя көкірегімнен,
Бір жаңардым, қайта түлеп.
Өршіп, қаулап тірілдім мен,
Қатар соғып екі жүрек.
1944


ҚАЛМАҚАНҒА

Алдым, аға, хатыңызды,
Тақсам ба екен бой тұмар ғып?
Сіздің махаббатыңызды.
Көкірегіме құйдым нәр ғып.

Көкірегіме құйдым нәр ғып,
Тапқандай-ақ жаным дауа.
Орынымнан тұрдым қарғып,
Шығып естен ауыр жара.

Тән жарасын алдым жазып,
Алдым жазып, жоқ уақасы.
Көңіл нәзік, ойлап қажып,
Қатты батты жан жарасы.

Жасыра алман қасіретімді,
Жасыра алман жұрт күлер деп.
Өзгерте алман мен бетімді,
Бояп-сылап «мені көр» деп.

Қулығы жоқ мен бір солдат,
Шинелінен сыққан қанын.
Сызып жалау, қойып ноқат
Картасына Европаның.

Отырғам жоқ кабинетте,
Қарындашпен қиратып жау...
Аға жаным, айып етпе,
Кетсе шығып сөзім шашау.
1945


ТӨЛЕУТАЙҒА

Төлеутай, досым, құрбым,
Япыр-ай, тірі екенсің!
Қалың өрт, қанды қырғын,
Ұмытпай жұр екенсің.
Достарым бірі екенсің,
Солдатпын мен де өзіңдей.
Қан қатқан шинеліне;
Қасарып келем көнбей,
Ажалдың дегеніне.
Қасарып келем көнбей,
Қажысам, еш сыр бермей.
Уланса ақыл-сана
Үстінде ерегістің.
Болсам мерт қапияда
Оғынан бір немістің.
Кешер ме досым менің,
Кешер ме туған елім!
Қорықпаймын жұтар деп оқ,
Қаршыға жаз жүрегім;
Қорықпаймын бір есерсоқ
Салар, деп қан шеңгелін,
Қорқамын жұрт сөзінен:
«Тым арзан өлді» деген.
Төлеутай, досым, құрбым!
Тынбаса қан жүректе
Астында алты қырдың
Жүрелік бір тілекте.
Маған да келер, саған
Бейбіт күн біз аңсаған.
1945


ЖАМБЫЛ

Есімде, дәл осыдан он жыл бұрын,
Бос тастап жүрген кезім ой шылбырын.
Ақындық аспанынан қалдым көріп,
Жарқ еткен ақ жамбыдай Жамбыл жырын.

Кім білген, жүр екенмін жырға шөлдеп,
Құпия бір қуаныш бойды билеп.
Асығып алыс жолдан Алатауға
Келдім мен жұмбақ қартты көрейін деп.

Ақындық жолға түсіп, жаздым өлең,
(Сол кезде үркуші еді өлең менен).
Жамылып ала көбе шықтым жолға,
Барардай бата алғалы әулиеден.

Жолшыбай өлеңімді келем жаттап,
Жеп-жеңіл сөздерімді жүз салмақтап.
Ақындық сарайының босағасын
Көрмесең, қиын екен бұрын аттап.

Білмеймін «Май төбесі» - қай төбесі,
Мен үшін шың еді ақын мәртебесі.
Аулына Алатаудай ақсақалдың
Келдім мен, бір кішкентай жан иесі.

Толқуын тоқтаттым да жүрегімнің,
Есікті еркін ашып, үйге кірдім.
Жарқ еткен нажағайдай жанарыммен
Бір шарпып өттім бәрін үйдегінің.

Сыпайы ақ сақалы желпілдеген,
Ақ жарқын, жас баладай елпілдеген.
«Тоқсанның тоң қатырған» кәрі қысы
Қысса да, қыза сөйлеп еркіндеген.

Жүзінде айбыны бар жолбарыстың,
Саусағы шеңгеліндей қыран құстың.
Қияда қыңыр шөккен кәрі құздай
Бір шалды баласындай келіп құштым.

Сипады ол маңдайымнан танығандай,
Тоқсанда толқып жатқан жаны қандай!
Қағып ап бір ақынның домбырасын,
Өрбіттім өлеңімді, еш тайсалмай.

«Кездесу қайда бізге ол заманда,
Зар қағып жүрер ем ғой қой соңында.
Көрер ме ем мүмкін сонда қабырыңды,
Қарайып тұрған жалғыз құба жонда!»

Дедім мен, жалт қарады ол бір нажағай,
Жарқ етті жанарынан атылғандай.
Бір жалғыз ап-ауыр жас түсті аунап,
Жаңағы нажағайдан мерт болғандай.

Алды да домбыраны, кетті жырлап,
Тыңдадық ой ойнақтап, бой шымырлап.
Көп жұтқан дүние сырын кәрі кеуде
Тебіренді бір гүрілдеп, бір сырылдап.

Аймағы Алатаудың сілкінгендей,
Күңіреніп келе жатқан отты селдей.
Қайнады бұрқ-сарқ етіп бір тасқын жыр.
Сапырып, сөзді-сөзге соғып сендей.

Сақылдап екі жағы, тулап тілі,
Бусанып, буырқанып шықты үні,
Іштегі тынған дауыл кетті бұрқап,
Желкілдеп қырау басқан беттің түгі.

Қабағы қопарылып құз, жар тастай,
Саусағы кәрі жорға жортты адаспай.
Жанын бір желпіп-желпіп тастады да,
Құлшынып шыға келді қыршын жастай.
1946


АҚЫНДАР БЕСЖЫЛДЫҒЫ
(достық әзіл)

Біреулер кетті кезіп ақша бұлтты,
Біреулер бір-ақ аттап шыңға шықты.
Біреулер айға барып айғай салып,
Жұлдызбен алтын кірпік сырласыпты.
Аспандап алыс кеткен не бір мықты,
Не қылсын төмен қарап, жерді ұмытты.
Күндердің күнінде бір сонау көктен
Төгер деп жыр нөсерін, мен үмітті.

* * *

«Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?!»
- Жібермейміз, қорықпаңыз сізді ондайға;
Өлген жан «қайтып келіп ойнап-күлмес»,
- Ол қате, пожалуйста, күл де ойна! -
Деп Мұхаң жіберді ашып сахналарды,
Тіріліп ән сап Абай тұра қалды:
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла».
- Ойлап жазып жатырмын төрт романды;
«Жұп-жұмыр келсін тегіс айналасы»,
Деді Абай. Мұхаң біраз ойға қалды.

* * *

«Сұлушаш» қашты шошып «Ақ аюдан»,
Сәкең жоқ қашқан қызды соңнан құған.
Сырласып Асқар, Темір, Балуанмен,
Сәкеңнің жұрген жері күнде думан.
«Сөз – советтік Армия» сапын құрған,
«Біздің заман батыры» мына тұрған,
«Есілдей» есіп жатқан көңілі бар,
Сәкеңе өкпелейтін «қай антұрған?»

* * *

«Қыз-Жібек, Ақтоқты мен Баян сұлу,
Қыз тусаң, о дариға, солардай ту!»
Деген жыр шалынған соң құлағына
Ғабеңнің жүрегіне бар ма тыншу!
Ыза боп Қозы менен Төлегенге,
Қаратпай үш сұлуды өле-өлгенге.
Ертіп кеп театрға енгізіпті,
Білмеймін ештеңесін одан өңге.

* * *

Әбділда таңғаламыз мінезіңе,
Кіргізбей «Көтерілген күмбезіңе».
Дейсің ау «Біз де қазақ» баласымыз,
Күмбезді салып па едің бір өзіңе?
Ала кір ең болмаса Шахметіңді,
Бұл Шахмет алмай қойды біздің тілді
Жіберді өкпелетіп «Марабайды»,
«Алдармен» дос болған соң, аяр кімді?

* * *

Шомылып Асқар отыр сонау Сырда,
Берерін бергендей-ақ бір ғасырға,
«Қолдай көр Қожахмет Яссауи» деп,
Ол отыр, «уборщица» тұр қасында.

* * *

«Миллион қол», «Күн тіл қатты», «Тасқын»,
			«Нарын»,
Тайыр ап, таусып қойды-ау гонорарын.
«Ақылдан қайғы» жасап алғаннан соң,
Білмеймін «Сұр құлынмен» не табарын.

* * *

«Астында қызыл тудың қызыл тайынша»,
Япырым-ай, «ыңқылдайды» ол қалайша?
Құдіреті Ғабиденнің күшті емес пе,
Балқытты темірді де осылайша!

* * *

Әлжаппар қолына ұстап «Жас тулегін»,
Кетіпті көремін деп көмір кенін,
Шаршап-ақ жүрген шығар шахта астында,
Ол өзі жек көруші ед семіргенін.

* * *

Түбінде Ғали отыр «Еменінің»
Ақ шалып бара жатыр бастың түгін.
Қайтсын бұл қажыған ғой көтерем деп,
Жамбылдың тастап кеткен ауыр жүгін.

* * *

«Дөң асып», «Жанар тауға» барды Ғабдол,
«Жанар тау» жолы өте бір қия жол,
«Ақ тары», «Шұбар таяқ» асулары
Асырмай, қатты шаршап қалды Ғабдол.

* * *

«Егерде қазақ ұлы екенсің сен»,
Қалижан, қайтер еді сөзге көнсең.
Шашылмай онда-мұнда жазсаң өлең,
Кетер ме Жұмабайда сенің есең?

* * *

Әкелші Жұмағали лирикаңды!
Жанында «Күләндаңның» ұйқым қанды.
Жырлашы өз тілімен әр дәуірдің,
Мінгізбей Тайбурылға Бауыржанды.

* * *

Қуандық, сен шыққанда шын қуандық,
Аялап алдымызға «Ар» ыңды алдық.
«Құлақ тос көрден сен де аруақтар!»
Айтпаймын арғы жағын, аллауақпар.

* * *

«Әлхамды Әбу Эльмин Атрауын»,
Ақшамда аралапты Балқан тауын.
Оқыпты таң намазын Балатонда,
Бәйіт қып гүл жайнауын, құс сайрауын.

* * *

«О, Вольтер!»  Қайда Қапан Сатыбалды,
Сатыбалды баласы жатып алды.
Жатып алды, аққудай ақын даңқын
Атып алды, тарихта аты қалды.

* * *

«Маскарадтың» шығарып масқарасын,
Алматыда жортып жүр ерке Қасым.
Мазасын ап Қаратай Құрманычтың,
Жыр етіп жүр өзінің баспанасын.

* * *

Бар Семейді жеке алып Қайым, Жәкеш,
Талай есік сартта-сұрт ертелі-кеш.
Екеуінің алдынан жалғыз-ақ тек
Поэзия есігі ашылмайды еш.

* * *

Қайдасың, ақын Зияш Қалауова,
«Кавказдың» шығып едің қай тауына?
Мариям екеуіңді сыйлаймыз біз,
Болмаса қап жүрерміз қыз дауына.

* * *

Ассалаумағалайкүм, Есмағамбет!
Сіз үшін атқарам деп мен бір міндет.
Байқаусыз жеріңізге кеттім түсіп,
Ағайын адамбыз ғой, кеш, ғафу ет!..
1945


НИЗАМИ ТОЙЫНДА

О, Низами, ұстазымның бірісің.
Сен атқардың ұлы дүние бір ісін.
Сегіз ғасыр, ұлан асыр ғаламда
Өзге өлсе де, сен өлмедің, тірісің.

Қауырсынын қалам етіп ақ қаздың,
Дүниені алдыңа алып хат жаздың,
Келер күндер керуені көрсін деп,
Күңгейінде күмбез соқтың Кавказдың.

Сен тірісің, жыр жырлайсың бұл күнде
Туған елің, Азербайжан тілінде;
О, сұлтаны ақындардың, Низами!
Сәлем саған, сәлем Самед Вургунге!
1947. Баку.


БАУЫРЖАН

Бір дауыл сапырды кеп өрт теңізін,
Теңселтіп темір топан дүние жүзін.
Бетіне туған жердің өшпестей ғып,
Ер жазды өз қанымен жүрген ізін.

Нақ сол кез естідім мен ер дүбірін,
Атағы атын алып келді бұрын.
Үстінде туған елдің тұрды толқып,
«Бауыржан Момышұлы» деген бір үн.

Ақынның ақ сұңқардай жүрегі бар,
Алқындым бір көруге болып құмар.
Көктемде күркіреген күн дауысын
Жер естіп, желкілдеген гүл ынтызар.

Қан майдан қаталатып, шөлдегенде,
Кез болдым жалтылдаған екі көлге.
Көл емес көздері ғой Бауыржанның,
Елестеп мың көрінер бір көргенге.

Бойы бар бізден гөрі биігірек,
Тіп-тік боп абыройын тұрған тіреп.
Топ жара көрінсін деп екі иығы,
Туған ел жаратыпты оны ірірек.

Ойы бар бірде дауыл, бірде жалын,
Теңіздей тебіренткен терең жанын.
Алғандай бойға жиып бар қуатын,
Кешегі өзі кешкен уақиғаның.

Кейде ол көк семсерлі генералдай,
Кейде ол күй көңілді ақын жандай.
Өмірдің ол шеті мен бұл шетіне
Өресі өрен ойдың тартылғандай.

Жан ұқпас жұмбақ емес бір жасырын,
Айтады ол тіке қарап жұртқа сырын.
Жаратпас жамап-жасқап жұрт ескісін,
Соғады өз дүкені сөз асылын.

Ойы бар қиялының қанатында,
Адаспас апарып бір салсаң тыңға...
Бір дәурен ойнап-күліп отырғаны,
Жалтылдап екі көзі қарсы алдыңда.

«Батырым – Бауыржаным» дейді халқым,
Алып ұш, ақын жүрек ердің даңқын.
Келешек келе жатыр көремін деп,
Тік басып туған жерде жүрген қалпын.

Ағамыз атағына асқар тау тең,
Жау келсе – жаубүйректей етер жәукем,
Емендей ерегісер сұрапылмен,
Басымен бұлтты жайпап біздің Баукең!
1948


ІЛИЯС ОМАРОВҚА

Танымаймын, қанықпын сыртыңыздан,
Мен ризамын еліме ұл туғызған.
Таныстықтың пердесін аштым жырмен,
Жат болмассыз ақындық ғұрпымыздан.

Күле кіріп бұл жерге әдеппенен,
Күңірене шықпаспын әдетпенен.
Аға көрдім өмірде, іні көрдім,
Қайсысынан көңілім дәме етпеген?

Талай жанға қойғанмен адам атын,
Ел таниды өзінің азаматын.
«Азамат!» деп ел Сізге ат қойыпты.
Сол себепті бұл жырды жазады ақын.

Жасап көрген емеспін сөз саудасын,
Тебіренгеннен тереңнен шығар даусым.
Туған елі өлеңнен құя салған,
Алдыңызда отырған мынау Қасым.

Өмір теңіз толқыны теуіп сыртқа,
Шығарып та тастап жүр кей уақытта.
Тереңіне қайтадан ұмтыламын,
Толқынымен ойнаймын, ақпай ыққа.

Жаман-жақсы болсам да ел ұлымын,
Елім деген ер болса – серігімін.
Туған елдің намысын, абыройын,
Өрге тартар бір жүрдек көлігімін.
1948


СЫРБАЙҒА

Сырбаз досым сен едің ғой, Сырбайым,
Сырғытайын, сырымды мен жырлайын,
Сендей серік серуен құрып бір жүрсе,
Мен өмірде қалай мәңгі тұрмайын.

Жаным құмар жан едім бір достыққа,
Болдық серік, жүрегіміз қостық та.
Қайран достық – дүниенің тұлғасы,
Жанымызды жолында біз тостық та.

Серігімсің, Сырбайымсың, ақыным,
Жақсылықпен күтші достық ақырын.
Жалқы жанмын жалғандағы мен жүрген,
Болшы досым, болшы құрбым, жақыным.
1948


ӨЗІМ ТУРАЛЫ

Өзге емес, өзім айтам өз жайымда,
Жүрегім жалын атқан сөз дайында.
Тереңде тұнып жатқан дауыл күйді,
Тербетіп, тулатып бір қозғайын да...

Аманжол – Рахымжанның Қасымымын,
Мен қалған бір атаның ғасырымын.
Біреуге жұртта қалған жасығымын,
Біреуге аспандағы асылымын.

Шарлаған жолым жатыр жер бетінде,
Көрінер көлеңкесі келбетімде,
Қай жерде үзіледі қайран сапар,
Түйін боп өмірінің бір шетінде.

Сол жерге қалармын ба мәңгі тоқтап,
Жоғалып жер бетінен сүрлей-соқпақ.
Немесе бастармын ба екінші өмір,
Жалынды жыр жолында қызыл шоқ қап.

Дүние, жалт-жұлт еткен кең мекенім,
Көре алмай көп жеріңді мен кетермін,
Арпалыс ала құйын заманалар
Арбасып тұрып алды, мен не етемін.

Өмір жоқ түскен жерде бір арнаға,
Көп күттім, көп тіледім кұмарлана.
Қайтейін, жетер емес қысқа өмірім,
Алыстан көрінгенмен мұнарлана.

Сен неткен бақытты едің келер ұрпақ,
Қараймын елесіңе мен таңырқап.
Жаңғыртып жер сарайын сен келгенде,
Көрпемді мен жатармын қырда қымтап.

Жүзінде кәрі жердің әжімі көп,
Ізімді табарсыңдар әзер іздеп.
Оқырсың сонда мүмкін бұл жырымды,
«Досың да, туысың да біздерміз» деп.

Ризамын туғаныма адам болып,
Өкінбен қаламын деп бір күн солып.
Адамзат сапарының мейманымыз,
Бір мезет жер бетіне кетер соғып.

Екі көз – екі жұлдыз маңдайдағы,
Көруші ең құбылысты қай-қайдағы.
Япырмай, сен де бір күн сөнермісің,
Қап-қара түнек болып маңайдағы.

Өкінбен мен де бір күн өлемін деп,
Өкінем ұқсата алмай келемін деп,
Күніне жүз ойланып, мың толғанам,
Өзіммен бірге өлмесін өлеңім деп.

Барымды да, бақытым да осы өлеңім,
Жақыным, жүрегімнің досы өлеңім.
Өмірге келгенім жоқ бостан-босқа,
Мен қайтып, босқа жасап, босқа өлемін.

Гүрілдеп жалын атқан кеудем – көрік,
Сөз соғам құлашымды еркін керіп.
Суарып шынықтырам күйге малып,
Болсын деп әрі әдемі, әрі берік.

Құя алман үгітілген балшық өлең,
Көңілімде көл жасаман тамшыменен.
Серінің семсеріндей серке таққан
Өлеңнің өткірін бір алшы менен.

Ежелден ерке бұлан Қасым едім,
Бұлқына тасып едім, басып едім.
Жүзім – жаз, көңілім – көктем кең пейілді,
Жақсының жүрегіне ғашық едім.

Сөзім жыр, лебізім – күй ерке едім,
Өз жерім, өз елімде еркеледім.
Өмірім алтын сарай аспанына
Қиялым қақты қанат ерте менің.

Кең жайдым құлашымды дүниеге,
Білдім мен қайғыра да, сүйіне де.
Әйтеуір әрі-сәрі болғаным жоқ,
Ұқтым мен, көңілімнің күйі неде...

Аяған жүрегім жоқ жолдасымнан,
Сый көрді не бір сараң мол Қасымнан,
Жолдастың жүзін қайта алдым жинап,
Айрылсам ала көңіл он досымнан.

Қасыммын, сол баяғы бір Қасыммын,
Бақытын ойламаймын құр басымның.
Тымырсық түнек болсаң – дұшпаныңмын,
Ақ көңіл адал болсаң – сырласыңмын.

Боламын ақын Қасым әлі де мен,
Өлеңін бөбегіндей әлдилеген.
Қанатын қағып жылдам келер жылдар,
Бәрін де қарсы аламын ән-күйменен.

Бір күні от өмірім қалса өшіп,
Қайран ел, туған жерден кетпес көшіп.
Торқадай жамылып ап топырағын,
Жатармын өз жерімде бір төмпешік.

Дариға, о дариға, шіркін дәурен,
Басымнан таярмысың бір күн дәурен.
Жалт беріп жоғалар ма нажағайдай,
Жүзінде шалқып тұрған күлкім, дәурен.

Тоқтамас өмірімнің сағатындай
Жүрегім енді қанша соғар тынбай.
Тыншыр ма ақтық рет бір талпынып,
Мерт болған балапанның қанатындай.

Түсірген ой сәулесін шар тарапқа,
Ақылдың алтын оты сөнген шақта.
Бұл күнде саңқылдаған сұңқар үнім
Кетерсің судай сіңіп табиғатқа.

Сондықтан ап кел бері домбырамды,
Кеудеме күй қанатты қондыр әнді.
Берейін өмірімнен өлең жасап,
Шашайын оңды-солды сол мұрамды.

Дүниеге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын.
Өртке тиген дауылдай өлеңімді
Қасымның өзі емес деп кім айтасың!
1948-1954


СЫРБАЙҒА ЕКІНШІ ӨЛЕҢ

Мен едім от жүректі Қасым ағаң,
Дүние қасіретіне жасымаған.
Дауыл ғой, дауылдап бір тұрған бойым,
Мен қайтып іштегі өртті жасыра алам.

Сескенбей сол бір өртке енсең егер,
Жалынын жүрегімнің көрсең егер.
Сонда мен ұғар едім шын досымды,
Онсыз да көңіл шіркін бос сенделер.
11 ноябрь, 1949


МҰХТАР АҒА!

Мұхтар аға! Мықтар аға едіңіз,
Мықтылықты көзбен көрдік енді біз.
Рахмет сізге, ақындардың ағасы,
Бәйгімізден қасқайып бір келдіңіз!
Лауреаты ең құрметті сыйлықтың,
Бүгінгі күн аузындасыз сіз жұрттың,
Ертең елдің көкірегіне орнайсыз,
Даңқы сізде топтан озған жүйріктің.
Жаса, біздің асыл ойлы ағамыз,
Сіз бенен біз талай құрмет табамыз.
Сізге риза қалың қазақ баласы,
Сізге риза сонау Абай бабаңыз.
Кеудеңізде алтын ғасыр суреті,
Тұлғаңызға бір қарасын жер беті.
Ұқсын әлем, қандай екен жанымыз,
Рахмет сізге, дана халық перзенті.
Туған жердің еменіндей бойлаған,
Көп тусын деп ақын жанды ойлы адам.
Тойыңызға тұйғындай боп толғанам,
Өзіңіздей өссем деп те ойланам.
Келші, достар, көтерелік сол үшін,
Әпкел бері мөлдір бокал толысын.
Қайнап тасқан болаттай боп төгілсін,
Күлкі аралас күлдір-күлдір соғылсын.
1949-1950


АБАЙ АРМАНЫ

«Адасып алаңдама жол таба алмай,
Берірек түзу жолға шық қамалмай.
Не ғылым жоқ немесе еңбек те жоқ,
Ең болмаса кеттің ғой мал баға алмай»

Деген сөзі ақынның қайнап іште,
Келе жаттық жүйткітіп шаңқай түсте.
Көсіліп арыстандай жатты Шыңғыс,
Сенген соң бойындағы алып күшке.

Келе жаттық кең қорық Жидебайға,
Қарауыл қалды артта әлдеқайда.
Кернеген көкіректі көп сыр жатыр,
Келеміз айтарлықтай соны Абайға...

Айдынның аралындай бір дөңесте
Тұр қыстау, талай сырды салып еске.
Еркіндеп араладық әр бөлмесін,
Абайдың еркелері біз емес пе!

Бейт тұр кәдімгі ескі, төрт құлақты,
Япыр-ай, ақын бұған қалай жатты?!
Тіл қатпас, түсі суық, сұп-сұр мола
Сезе ме, қуанышты, махаббатты...

Қария жас көңілді, жүзі бір нарт,
Әрі әнші, әрі күйші, өзі жомарт.
Көп сырды көңілдегі берді шешіп,
Абайдың немересі Исраил қарт.

-Жігіттер, келіпсіздер Абайды іздеп:
Маған да ишаратпен «қалайсыз?» деп.
Ризамын! Ойламаған екенсіңдер
Абайдың ескі жұрты абайсыз деп.

Сөзімде ескертерсіз болса қатам,
Ақынға мекен болмас зират пен там.
Аралап туған елін кеткен еді
Сенің де, менің-дағы Абай атам.

Атаңның аңсағаны сендер едің,
Әрқайсыңды атаңа тең дер едім.
Ғылым, еңбек бар бақыт өздеріңде,
Осы емес пе, қарағым, ең керегің.

Жұттай қысып бір кезде қатал заман,
Оны жырлап бергенді атаң саған.
Үнін естіп бүгінгі бақыттының,
Атаң шыдап қабірде жата алмаған.

Деген сөзі зерделі қарияның
Бір сілкінтті ақынның өр қиялын.
Кеттік тағы аралап байтақ елді,
Арасымен алуан уақиғаның.

Қолхоз бардық, әрбір үй, әрбір мектеп
Ақын ата Абайын жүр құрметтеп:
Қала келдік, шықты алдан тағы да Абай,
Бекер ойлап жүріппіз «құр сурет» деп.

Қабырғадан қараса ойлы көзбен,
Тірі адамдай емес пе бәрін сезген.
Асқақ жыры ақынның жүр аралап,
Өзіміздей кәдімгі өр мінезбен.

«Республика тойына жаздым өлең»
Деп барсам мен ұйымға – кімді көрем?!
Нағыз төрде отыр ол маңғазданып,
Сөйлесердей сенімен, меніменен.

Ақын ата, жетіпсің арманыңа,
Осыны аңсап жүрегің талмады ма!
Бізбен бірге келіпсің бүгінгіге,
Бізбен бірге барарсың алдағыға.
1950


ЕЛУ ЖАСАР ЕЛУБАЙ

(Қазақстанның халық артисі Елубай
Өмірзақовтың 50 жасқа толуына)

Бір ғасырдың беліндей,
Жас болар ма елудей!
Еңбек етсең еліңе,
Елу жаста ерінбей.

Өнеріңе өзің сай,
Қадір тұттық сені ыңғай.
Еңкейемін алдында
Елу жасар, Елубай!

«Әлеу-ләйләй, әләу-ләй»,
Қой соңында жаяулай.
Еніп едің өмірге,
Өнер құмар, Елубай!

Көргенің көп жер екен,
Ер көңілді Елекем!
«Елу жаста ел жаңа»,
Құтты болсын мерекең!

«Шайқы-бұрқы дуана
Жын-сайтанды қуала»
Деп шыққанда-ақ сахнаға,
Қарап едім қуана.

Малқамбай боп маңқиып,
Дәркембай боп жан қиып.
Талай өтсең алдымнан,
Таңғалушы ем аңқиып.

Жантас, Жарас, Мырқалма,
Елекең бос шырқар ма?
Қанат жалғап, бірге ұшқан
Аманкелді сұңқарға.
1950



* * *

(Әзіл)

Санаторий, сәнді тау,
Көңіл жарқын, күн айық.
Тұр төгіліп бақша-бау,
Алдық біраз тыңайып.
Кіші ақынды шымшиды
Нән министр Нұрбаев.
Жыр мінезі әр қилы
Жеңілдете жырлайық.
Соқты сағат сегізді,
Ояныңдар, тұр, шай іш!
Өзің бастап жүр бізді
Мырзақадыр Нұрбаич!
Асқа тойдық, шай іштік,
Шыға келдік ыңқылдап.
Биллиардта сайыстық,
Ауыздан түтін бұрқылдап.
Орта, бұрыш, свой, дуплет,
Қаумалаған қанша жұрт.
Мырзакең бір керемет
Соғып жатыр сартта-сұрт,
Сипап шашын тарайды
Маруся мен Балғаным.
Қызық көріп қарайды
Нән шарларды салғанын.
Шіркін, біздің Мырзекең!
Екі қолы гүрзі екен.
Шар күлімдеп тұрса екен,
Мырзекең бір ұрса екен!
Бір министр, үш ақын,
Отырды енді «кингіге».
Министр алды «төрт қатын»,
«Кинг» ақынға тиді де.
Шіркін, біздің Мырзекең,
Кингіні тұзбен ұрса екен!
Қағылғанын қалтасы
Үйде жеңгей білсе екен.
5 октябрь, 1951


БІР БАСТЫҚҚА

Сырт кескінің дәл бұрынғы байдайсың,
Айырмаң тек: сен галстук байлайсың.
Еліретін, семіретін жөнің бар,
Құсасың да, оны қайта шайнайсың.

Бас қатырып неме керек тың ойға!
Әрқашанда оңайға тарт, оңайға.
Семіре түс, сескенсін жұрт сыртыңнан,
Тек жарылып кетпе бірақ, соны ойла.


* * *

Жасып қайғы ойлама,
Тасып тойды тойлама,
Осы екен өмір жолы.
Жасың қырықтан асты,
Жастық қайырылмас-ты,
Шырағым, ойла соны.

Денің де сау емес қой,
Болма енді әуесқой.
Арзан той ыржалаңға,
Желікпе, сөзге ерме.
Ойланбай сене көрме,
Өзіңнен басқа жанға.

Өлең жаз, ішің пысса,
Ән шырқа, кеудең қысса.
Өзіңді-өзің тербе.
Көрдің ғой басқаларды,
Жаныңдай жас балаңды
Еркелет, мұңға берме.

Шырағым, бекі енді,
Қатаяр реті келді.
Қаншама бос болсаң да,
Өзіңді-өзің ойла.
Жел сөзге құлақ қойма,
Әркіммен дос болсаң да.
15 декабрь, 1951


* * *

Эй, Қасым, адасуға хақың бар ма?
Адасу закон ба екен ақындарға?
Жаңа басқан жолыңнан адасасың,
Мұхтар, Сәбит, Ғабиттей атың бар ма?
Өзіңді-өзің ойла, ей, шырағым,
Сөнбесін кеудеңдегі шам-шырағың.
Жүйріктер бәйгесіне босқа түсіп,
Сен неге шабаныңды қамшыладың.
Кез емес дария көңіл тартылғандай,
Не бопты өлең шіркін сарқылғандай?
Қырықтың дәл қырқасында тұрмын қазір,
Байқаймын алдым қандай, артым қандай.
Азырақ құрғыр ауру қажытса да,
Әлі де жүрегім бар шарқ ұрғандай:
Риза етіп ата-анамдай мен елімді,
Өмірге берем кетіп берерімді...


ЖАҚАНҒА

Жаңа келдің елуге,
Правоң жоқ өлуге.
Асығуға болмайды
Сіз бен бізді көмуге.

Қара оң мен солыңа,
Түспей қазған орына.
Жаса дұшпан сорына,
Тілектеспін соныңа.
1952. Қырым.


АБАЙҒА АЙТАРЫМ

Бұл күнге лайық алыпсың!
Ол күнге қалай сыйғансың!
Бір өзің бүкіл халықсың,
Қалдырмай бәрін жиғансың.

Жарылып кете жаздапты-ау,
Жырламай тынсаң жүрегің.
Айтпаған сөзің аз қапты-ау,
Бөлек бір туған кім едің!..

Атаның ұлы емессің,
(Кешіре жатар Кеңгірбай).
Халықтың ұлы боп өстің,
«Ибраим» демей, деді «Абай».

Абай десе Абайсың,
Абайладың жан-жақты.
Риза еттің, жарайсың
«Қалың елің – қазақты».

Сен өлгелі елу жыл, -
Деген сөзге кім нанар?
Жүз тоғызда сен биыл, -
Бір мүшелің тойланар.

Ақын ата ақсақал,
Академик құрметті!
Ұсынамыз, қабыл ал,
Жазушылық билетті.

Өзің бастап ашарсың
Пленумды, съезді.
Құнсыз өлең, нашар сын,
Көпірмелі көп сөзді

Көрсетуге ұялсын,
Кейбір кесір кер ауыз.
Бағалансын, сый алсын
Ойлы, күйлі жыр нағыз.

«Заманына ақын сай
Болса...» дерсіз, білемін.
Болмай жатыр, япырмай,
Болсын! – менің тілегім.

Жатыр көп жыр жырланбай,
Шырқар кім бар шындықты?!
Керек боп тұр, шіркін-ай,
Өзіңіздей бір мықты.

Күтуліміз асыға,
Келе жатыр, тым жақын.
Сыншысын ертіп қасына,
Келеді бір мықты ақын.

Сол керемет тудырса –
Ешбір ақын тең келмес.
Біздің кейбір достарша
Сіз болмассыз бақ күндес...

Мынау біздің кеңсеміз,
Анау сіздің көшеңіз.
Таңданарсыз көрсеңіз,
Терезесі неше жүз...

Нұрлы сарай енсеңіз,
Іші толған ән мен күй.
Бұл түс емес, сенсеңіз,
Сізге лайық осы үй.

Төрлетіңіз, келіңіз,
Қолмен ұста, көр, тыңда...
Осындай ма еді төріңіз
Шыңғыстағы жұртыңда?..

Сіздің кітаптарыңыз...
Тиражын бір санаңыз.
Тек бұл емес барыңыз,
Мынаңыз бар, анаңыз...

Орысша да қазақша,
Қытайшасы және бар...
(Емес-ау бұл аз ақша,
Сұрай қалса гонорар).

Үйілген жүк сона бір –
Сіз туралы, сіз жайлы...
(Өзгелерін соң оқыр,
Абай алды «Абайды»).

Ал ақсақал, мен қойдым,
Айтсын енді басқалар.
Қиыры жоқ бұл тойдың
Қызығы енді басталар.
Сентябрь, 1954

* * *


Алматыда жүр жортып,
Бота тірсек боз бала.
Өзін мақтап әр жерде,
Баққаны өсек сөз ғана.

«Белинский, не Пушкин
Қайтсем-дағы боламын!» -
Деп жағалап жүр көптен
Жазушылар Одағын.

«Мұхтарың да, Сәбитің,
Жазушы ма Ғабитің?
Әбділда мен Тайыр-ай,
Ақын боп пе тәйір-ай!» -

Деді де ол кірісті
Белинский болуға:
Сайлады сөз шоқпарын
Ақындарды соғуға.

Жиналыста оттады,
Сынаймын деп боқтады.
Қаратер боп қалжырап,
Арақ ішіп тоқтады.

Кірісті өлең жазуға,
Сөзді салып азуға.
Жебемеді ұлы ақын,
Қалды байғұс қажуға.

Шарап ішіп шабытын
Шақырса да, шықпады.
Шықты ұйпа-тұйпасы,
Мас боп барып ұйықтады.

Қайғысынан осының
Барды үйіне досының.
Айтты досы ақылын:
- Тыңда, - деді, - ақыным!

Сабыр ойла, саспашы,
Тым ертерек таспашы,
Бірден Пушкин болмай-ақ,
Баймұханша басташы...
10 август, 1954
 
 

Published: 13 February 2009. Free to distribute, link to original URL is mandatory.


Используются технологии uCoz