Басты бет Арнау олеңдер Экспромт жырлар Туған жер жырлары

Майдан жырлары

ИСПАНИЯ ҰРПАҒЫНА

І

Жауыздықтан жаны шошып,
Кімдер сонау күңіренген?
Қосылып жұрт жатыр босып,
Қош айтысып туған елмен.

Бостандықтың бұлбұлдары
Неге үрікті ұясынан?
Басты ұяны, ысқырады
Фашист деген сарбас жылан!

«О, сүйікті Испания!
Қош бол, қош бол,
		ұлы өлкем!
Туған өлкем гүл жазира,
Біз қайтармыз күні ертең!»

Деп бостандық бұлбұлдары,
Туған елмен қош айтысып,
Қан боялған қанаттары,
Шартарапқа жатыр ұшып...

ІІ

Әне бір шал, ақсақалым,
Шықты жаяу Мадридтен.
Шұбыртқандай балапанын
Балаларын соңына ерткен.

Жатыр бықсып Испания,
Шаладай боп қалған өрттен...
Қайта айналып ол қария,
Тұрды қарап қиыр шеттен.

Кеуде толған зар мен ыза,
Ата-баба уһілейді.
-Қанды жастан сел ағыза
Жусақ дейді Пиренейді.

Жуып-шайып жастың селі
Туған елді бір тазартса.
Фашистердің өлімтігі
Тастай батып, сендей ақса...

Деп тұрғанда ата-бала,
Бұрқырады бомбы жауып.
Күңгірттеніп кетті айнала,
Шал құлады есі ауып.

Оқ тиіпті көкіректен,
Балалары кұшты әкесін.
Жиналған жұрт тұр құшақтап;
Ақсақалым жиды есін.

Көзін ашып қарады шал,
Жиналған жұрт тұр құшақтап,
Шпиондай жүрді ажал
Анадайдан айналсоқтап.

Мұңдастары, балалары
Тұрды жым-жырт, шалды сүйеп.
Жалын шашып көз жанары,
Ақсақалым айтты өсиет:

«Тыңдаңыздар, балаларым,
Өлсе-өлер бір қария...
Өлмес бірақ ұрпақтарым,
Өлмес Ұлы Испания.

Осы жолда қалсын денем,
Апармаңдар зияратқа.
Бөгет болып жатайын мен
Жауыздық пен қиянатқа.

Молам менің тұрсын жалғыз,
Торабында осы жолдың.
Өткен-кеткен етер аңыз,
Не себепті жолда өлдім...

Кегі қайнап, сонда олар
Сыбанар да сом білегін,
Бұрап тұрып жұлып алар
Фашизмнің кеңірдегін!

Қабырыма бұлбұл қонар,
Таңда сайрап айтар бір сыр...
Сонда маған тәуәп қылар
Осы жолмен көшкен ғасыр...»

Ақтық сөзін қарияның
Жаттап алып жөнелді жел.
Сонда естідім шулағанын
Тау-тас, орман, айдынды көл...

ІІІ

Жол үстінде жалғыз мола
Қала берді қарауытып.
Кете барды бір топ бала,
Іштен тынып, қабақ шытып.

Кетіп барад бір топ бала,
Кекті көздер қарайды артқа.
Қала берді жалғыз мола
Белгі болып болашаққа.

Қайғырмаңдар, балапандар,
Қалды екен деп жолда әкем.
Жан табылар пана болар,
Жер көтерер, дүние кең...

Тас жастанып, бұлт жамылып,
Дарияларды кешерсіңдер.
Дүние кезіп, сырлар ұғып,
Жігіт болып өсерсіңдер.

Алты қырдан ассаңдар да,
Ұмытпаңдар туған елді.
Ұмытпаңдар қалған жолда
Жалғыз көрді, қарт әкеңді!

Жеңіс туы желпілдеген
Испан болса сенің тегің.
Құдіретіңе сенемін мен,
Жібермессің ата кегін!


ҚОШТАСУ

Қош бол, досым, жақыным!
Уақыт тығыз, сөз қысқа.
Кетіп бара жатырмын
Сұрапыл бір соғысқа.
Тепкісінде соғыстың
Дүние меңзеп жатқанда.
Ажал бейне фашист сұм
Қасқыр болып шапқанда.
Қоян емен, адаммын,
Қайтып бұғып жатармын!
«Жаны тәтті жаманның»,
Сыналар күні мақалдың.
Сыналар күні жігіттің,
Қош бол, досым, сөз қысқа!
Зіл боп ойым, мен кеттім
Сұрапыл бір соғысқа!
1941


МАЗАСЫЗ МУЗЫКА

Бір мазасыз музыка гүрілдейді,
Дірілдейді жер мен көк, дүрілдейді.
Сай-сүйегі салдырап, сақ-сақ күліп,
Аждаһа ажал арсылдап би билейді.

Қанды қолы ербеңдеп Гитлер залым,
Дирижер болып, тұр жалдап адам қанын.
Басып озып кетсем деп Бетховенді,
Көрдіңдер ме қандай күй шығарғанын?!

Уа, ғаламат, не дерсің бұл сұмдыққа!
Күйге басып түсер ме жұрт тамұққа?
Өшір үнін бұл долы музыканың,
Алқымынан ал, залымның жанын сық та!
Июль, 1941


ОРАЛ

Оралым, шықтың алдымнан,
Оралым менің, Оралым.
Қол созып қызыл вагоннан,
Үстіңнен өтіп барамын.

Оралым, сенің қойыныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғамын.

Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.

Өмірдің алтын кесесін
Тосқамын айдың нұрына.
Кешкенмін Совет көшесін,
Кеудемді ашып құрбыма.

Сонау бір шетте, сонау үй,
Кетер ме, сірә, көңілден?
Алушы ед тартып мені ылғи
Махаббат, жастық лебімен.

Терезе алды – жас терек,
Тұр екен кімдер сүйеніп?
Жүр екен кімдер еркіндеп,
Жүрегін ұстап, үйге еніп?..

Сағындым сені, Оралым,
Күндер жоқ бейбіт бұрынғы.
Келгенше қайта оралып,
Алып қал осы жырымды.

Сіркіреп жаңбыр жауғанда
Байқарсың өзің анықтап.
Жаным бір жүзер ауаңда,
Ауаңда сенің қалықтап.

Қош болшы енді, Оралым,
Күле бер шалқып, сайранда!
Айтпақшы, қайда бораның?
Кетейін алып майданға.
1943


ҚАНҚҰЙЛЫ ЖАУ

Қара тулы қанқұйлы жау,
Көрсем деуші ем азғаныңды:
Шұлғауыңды етіп жалау,
Өзің қылғып өз қаныңды,
Іріп-шіріп тозғаныңды.

Арманым жоқ, өз көзіммен
Көрдім бәрін, болды тілек,
Қасиетті отты зілмен
Көкірегімде қайнаған кек,
Төгіл жауға! Тула, жүрек!
1943


ЗҰЛЫМ ЖАУ

Қандай ғана дозақтан түстің сен сұм?
Қандай умен тәжіңді бояғансың?
Қандай әйел тапты екен сені неге?
Қандай сайтан енгізді дүниеге?
Ажал отын уыстап Рейхстагта,
Қанды қылыш сен жауыз тұрған шақта.
Қалжыраған Дейчланд кеудесінде
Билегені бандының әлі есімде.
Қанды өзенде ағыздың өліктерді,
Шіріндіні ұрладың, ашып көрді.
Өлі-тірі қасіретін бірдей таптап,
Зеңбірек пен танкты жидың баптап.
Бетховен мен Гетенің қабыр тасын
Қорғасынға ұялмай сен сатқансың.
Гейне сенің отыңда жанған шақта,
Мұңлы Рейн күйзелген бу құшақтап.
Тау бүркітке атылған сен бір жылан –
Долы сайтан дүниеге салдың ылаң:
Түрме болды немістің ұлы отаны,
Зират етпек болдың сен Европаны.
Енді отырсың құзғынша қонып көрге,
Қара күңгірт бір аруақ алтын жерде.
Царьградта сұлаған мас варвардай,
Сайтанындай дозақтың, қарақшыдай.
Жер фрицтің басы емес, оны ұмытпа,
Аяғыңа бас ұрмас еш уақытта.
Тас астында жаншылған жыланға ұқсап,
Жермен-жексен сен болар таялды шақ.
Европаның ой-шұқыр жырасында,
Ұрпақтар аяғының дәл астында.
Жатар шіріп сүйегі фрицтердің
Лағнаттап теуіп, таптап өтер әркім.
1943


МАЙ МАЙДАНДА

Еркіндеп, еркелеп,
Дәл менің жарымдай
Жарқылдап, күлімдеп,
Гүл ұстап, келді май.

Жалғыз бұлт, жалғыз күн,
Сіркіреп жас жаңбыр.
Сағынған жүректің
Тарқатты мұңын бір.

…Оқ жауын нөсерлеп,
Қар күреп кеудеммен…
Ойлап па ем көрем деп,
Сұлуым, сені мен?

Балқытып нұрымен
Сыз өткен денемді.
Мұз түсіп кеудемнен,
Шештіріп шинельді,

Тазартып гүлімен
Етігін солдаттың.
Шомылтып күнімен
Нұрына рақаттың.

Әкетті май сұлу
(Қалды алыс казармам).
Бойына ағын су,
Ішіне ойлы орман.

Тоқташы, тоқташы,
Өтті ғой, кетті қыс.
Естілед оқ даусы,
Біткен жоқ қан соғыс.

Жүрші тез, сұлуым,
Достарға, окопқа.
Солдаттың қызығын
Көрерсің сол жақта.
1944


МАРТБЕК
(Қарағанды шахтеры, Совет Одағының 
Батыры Мартбек Мамыраевтың жауынгерлік
өмірінен бір үзінді)

- Ой, Днепро, Днепро! – деген бір дауыс
Шыққандай жердің өзегін жарып.
Тебіренте бойды, қайнатып намыс,
Жаңғыра тиді аспанға барып.

Алдағы жеңіс нұр шұғыласындай
Үстінде майдан ту болып шалқып…
Ұмтылдық біздер батысқа қарай,
Дауыл боп ұйытқып, өрт болып шарпып.


* * *

Жалтақтап қарап жағалауына,
Ыңырсып ән сап, қобызын ойнап.
Түйіле толқып, сыр бермей жауға,
Жатты ағып Днепро, көп ойлар ойлап.

Күрсіне тыңдап өзеннің сырын,
Жағада жалғыз тұрды ұлы Тарас.
Тарқатып жайып төсіне бұрым,
Оксана сұлу төгеді көз жас.

* * *

- Ой, Днепро, Днепро! Зерделі өзен,
Алыстан бізді тартады лебің.
Тасып тұр кегің, айтпай-ақ сезем,
Қызғанып жаудан Украина жерін.

Басыңдар, достар! Қимылда, қыздар,
Көтерер бізді туған жер төсі!
Ай анау алтын, ұйқтамай ол тұр,
Телміріп жерге аспанның көзі...

* * *

Адымдап алда, лейтенант Волков
Келеді рота майданды үңгіп.
Днепрге құяр өзендей жортып,
Қара түн, қауып, қаймықпай сүңгіп.

Дүрс етсе бомба алыс бір жақта,
Түршігер мұнда денесі жердің.
Түн сырын ұрлап, жүгіртіп саққа,
Сөйлейді мезгіл тілімен желдің.

Құйрығы алтын снаряд, оқтар
Кезіп жүр көкті, дамылсыз ұшып.
Кеудеңе келіп қонуға құмар,
Тұмсығы сүйрік қадала түсіп.

* * *

Тынышталды бір кез.
	Таң қараңғысы.
Сөндірді соғыс жер ошақтарын.
Піскендей асы...
Бір орман құсы
Қанатын жайып, төкті кеп зарын.

Айнала орман күбір де күбір,
Түстерін айтып, ертелей жорып.
Естілді сол кез бір ғажап дүбір,
Жүрегі жердің тұрғандай соғып.

Тоқтады рота.
	Тыңдады, тұрды,
Орманда қонған бұлттай боп тынып.
Атой сап алда, сілкінтіп қырды,
Кернейіп ойнап, дабылын ұрып.

Жосыла жөңкіп, қалың қол қаулап,
Ашылды алдан жаңа бір дүние.
Украина дауын жатқандай даулап,
Күркіреп бұлттай Днепро – бір ие.

Деген сөз «Днепро!» Құс болып самғап,
Кеудеден ұша жөнелді ойнап.
Жалт етті көздер, жарқ етті жан-жақ,
Қуаныш-құйын бұрқ етті бойдан.

- Ой, Днепро, Днепро!..
	Ұмтылды ерлер –
Жер сыза ұшқан жалынды бір бұлт,
Тілгілеп түнді нажағай семсер,
Қалың бір нөсер келеді қауырт.

Алдында Днепро, аңқылдап лебі,
Қарсы ала шықты қанатын желпіп.
Қыртысы балғын Украина жері,
Қояды демеп, қайыса серпіп.

- Русь, русь, Днепро! – деді бір неміс,
Өрмелеп бойда сұп-суық жылан.
Көтеріп қауып, өргізді тегіс,
Кілкіп бір тұрған таңғы ұйқысынан.

- Алыңдар қоршап, жайыңдар құшақ,
Ашыңдар ауыз, өзі кеп кірсін.
Жұтыңдар қылғып, ет қой бір жұмсақ
Дейді офицері, қайрап кеп тісін.

Дүрлікті аймақ, басталды сойқан,
Ысқырды оқтар – атылды жылан.
Күп-күрең торғын жамылып шапан,
Таң сұлу шықты көк шатырынан.

Қыздыра жақты таң сұлу отын,
Қып-қызыл жалын лапылдап шалқып.
Сол оттан ұшқан бейне бір түтін,
Ақ ұлпа бұлттар аспанда қалқып.

Құлпырып кетті дүние жайнап,
Жерде өмір балқып, көкте нұр толқып...
Таласа таңмен жарасын байлап,
Ұмтылды алға лейтенант Волков,

Ұмтылды алға, ақырып жауға,
Ұмтылды жөңки достары бірге.
Құйылды келіп қан омырауға,
Қып-қызыл моншақ төгілді жерге.

Жығылды Волков, шайқалды қатар,
Зу етті бойы кей жігіттердің.
Кең аймақ сол кез боп кетті тым тар,
Қуырылғандай апшысы жердің...

Ежелгі көнбіс қара жер ана
Жасыра берді құшағын ашып.
Шатырлап жанып кетті айнала,
Жау келед оғын бората шашып.

- Ат! – деді Мартбек, айнала бұрқат,
Тілгіле оқпен құрсауын жаудың.
Желпініп сол кез қақты кеп қанат,
Бүркіті қайсар Ала бір таудың.

Ыдырай қашқан ерліктің бауын,
Шумақтап түйіп алды бір жинап.
Жалаңаш жерге жатқызып жауын,
Оқпенен орай салды бір сипап.

Ғажайып қайрат денесін кернеп,
Шабытпен түлеп, кек жалын атып.
Ұмтылды Мартбек! – Ал маған ер! – деп,
Әмірлі даусы бой шымырлатып...

Жармасып дұшпан, жанын сап өртке,
Таусылып айла, дағдарды міне.
Келе алмай тура дәл бетпе-бетке,
Сүрініп құлап өз өлімтігіне.

* * *

«Құбылып жалт-жұлт бұп-бұйра жоны,
Суылдап сырғып, аңқылдап лебі.
Терең ой, алуан хиқая толы
Арнаға сыймай кең көкірегі.

Алыстан тартып дүние сырын,
Көзімен көрген көп қилы заман.
Ойнатып толқын Украина ұлын
Төсіне құшса, құмары қанған.

Жағасы жайлау, етегі өріс,
Жатқан бір жомарт қарық қып елін.
Атаңа нәлет, бұзақы фашист:
Ылайлап суын, жұлқылап жерін.

Қаңғып кеп сонау ит өлген шеттен,
Кәусармен жұды қолдарын арам...
Мұңайып көптен, ұлдарын күткен
Мінеки Днепро – даңқты бабаң».

Қуанып Мартбек, басып кеп нық-нық
Берді кеп рапорт:
	- Лейтенант жолдас...
Бұйрығыңызды орындап шықтық!
Днепрге жеттік! Шығын бар біраз...

Бітіртпей Волков Мартбектің сөзін,
Қалтырап қолы, күбірлеп ерні.
Құшағын жайып, кең ашып төсін,
Сорғалап жасы сүйді кеп ерді.

- Командир жолдас!
	жігіттер шөлдеп,
Қаталап кепті. Оқ нөсерлетіп.
Алғызбай суды, аралдан көздеп,
Барады жаудың қылығы өтіп.

Лейтенант Волков тамсанып, талып,
Дей берді бұ да: Днепро... су... су...
Қара түн көзін нажағай шалып,
Қап-қара бір бұлт келеді төніп.

- Төгіңдер оқты, аралға мына, -
Деді де кетті күмп беріп суға.
Бермеді мұрша, ашу мен ыза
Не ойлануға, не қоштасуға.

Алдында жүзіп пулемет «Максим»,
Келеді Мартбек бұрқатып атып.
Шойын боп үсте су сіңген киім,
Ойнайды өлім аяқтан тартып.

Біресе алдан, біресе арттан
Түседі жаудың оқтары зулап.
Көк ала толқын – шөптей боп шапқан
Жапырылады үйіле құлап.

«Біздің де аяр жанымыз жоқ» деп,
Қарғыды суға жауынгер бір топ.
Қадалып жатыр кеудеге оқ кеп,
Сонда да ерлер келеді сілтеп.

Келеді сілтеп, уралап, шулап,
Жаудырып оқты бұл жанталаста.
Үстінде Днепро толқын боп тулап,
Ажалды аста тепкілеп басқа...
1944


ЕЛГЕ ХАТ

Бірінші сөз
«Менің бір бар еді ерке тентек ұлым,
Өлі ме, тірі ме екен сол құлыным?»
Дейтіндей болдың ғой сен, туған елім,
Жоғалдым зым-зия боп, шықпай үнім.

Арада өтті үш жыл ойран-топыр,
Теңіздей тебіренді қала мен қыр.
Шарықтап аспанында жүрген шығар
Қанатын өрт шарпыған өлең мен жыр.

Көре алмай содан менің қаршығамды,
«Қан болып жатыр ма, - деп – құшып шаңды».
Астынан алақанның алыс қарап,
Іздер ме ата қазақ ақсақалды?

Бармын мен бұл дүниеде, жүрмін тірі,
«Жоқсың» деп жала жабар қудың бірі.
Түссем де отқа, суға тозар емен,
Солдаттың етігіндей жаным сірі.

Екінші сөз

Есімде жөнелгенім қанды жолға:
Туған жер қимағандай мені сонда.
Жалтақтап, жалпақ дала, қарай бердің,
Жүгіріп, еріп зорға эшелонға.
Сықылды сынып-құлап аққан жұлдыз,
Мен кеттім қарауытып үнсіз-тілсіз.
Білмедім қош дерімді, күт дерімді, -
Елестеп екі жақтан мыстан мен қыз.
Айнала нұрға шомып бір керемет,
Ашылды жайнап сол кез ғажап сурет.
Болдым мен туып өскен тау, даламды
Көргендей тұңғыш рет, не соңғы рет.

Үшінші сөз

Мен кеттім, сол кеткеннен кеттім ұзақ,
Базарға келіп түстім қанды қасап.
Бір долы от ауызды, темір тісті
Қыршып жас өмірлерді жатты асап.

Душар боп сол бір сойқан дүниеге жат,
Кәсібім – соғыс болып, атым – солдат.
Қан жалдап, шалпылдатып кете бардым
Серігім болды менің азап-михнат.

Түткілеп жапырағын оқ жегенде,
Қараушы ем аянышпен сорлы еменге:
Жанымның жанат нуын жалын шарпып,
Достарым, сол емендей болдым мен де.

Қан соқта арасында өліктердің,
Ажалды өз көзіммен талай көрдім.
Достасып, бір ыдыстан тағам ішіп,
Астында бірге ұйықтадық сұр шинельдің.

Немене айтып-айтпай көрген азап,
Қалмадым қирап-қаусап тек жалғыз-ақ.
Мың есе білдірдің ғой қадіріңді,
Атыңнан айналайын, ата қазақ.

Төртінші сөз

Жұлып жеп жер мен көкті от тұмсығы,
Долының ұстағанда қояншығы.
Қанатын ақша бұлттар қанға малып,
Өртеніп күп-күрең боп таудың шыңы.

Сырылдап қос өкпесі, іздеп жемтік,
Самолет сумаң етіп, келсе жетіп.
Бұлттағы долы сайтан найзасындай
Қадалса қара бомба жерге кеп тік.

Жылытып бауырымды ып-ыстық қан,
Кезімде өлі досты барып құшқан.
Үстіме сен кеп төніп тұрғандай-ақ
Болушы ем, атамекен Қазақстан!

Ес жиып тұрушы едім мен орнымнан,
Қараушы ем жалын шарпып жанарымнан.
Шегініп сен кетуші ең білдірместен,
Бұлтқа ұсап аспандағы аударылған.

Жалын боп қалушы едім жерді шарпып,
Көруші ем сонда анық көз құмартып.
Алтын ту, арайлы таң төккен нұрын,
Шұғыла боп аспанында жүзген шалқып.

Туған ел, бұл дүниеде сен болмасаң,
Өзімді отқа атар ем әлдеқашан.
Сен деген қасиетті бір махаббат
Жүр сақтап, көкірегіме жуытпай шаң.

Бесінші сөз

Кең далам – дастарқаным – атамекен,
Зейнді асқар тауым көкірегі кең.
Лебіңмен оттай ыстық тартасың кеп,
Тіріліп іздегендей мені әкем.

Жалбыр тон жетім болып жүргенімде,
Көтеріп, қаратып ең мені күнге.
Әкем де, анам да сен, туған елім,
Сен үшін ырысым да, қасіретім де.

Білмеймін не күтіп тұр мені алда,
Ажал кеп жүр дер ме әлде осы таңда?
Сені ойлап қиналам ғой, туған елім,
Қызыл ет, жатсам-дағы батып қанға.

Алшы деп мен ажалға бермен арыз,
Сен маған айтқан жоқсың «өл» деп уағыз.
Талпынған жаңа ғана екеумізге
Өлші деп әмір етер қандай
жауыз?

Болғанда сен жас әке, мен сәбимін,
Ашылған жаңа ғана гүлмін, күймін.
Бәрібір құтылмайсың десе-дағы,
Келмейді сұм өлімге еш бас игім.

Жанымды күйдірсем де жалынға сап,
Қасқыр боп таласа да мені азап.
Туған жер топырағында тіп-тік өскен,
Қара емен қасарысқан мен бір қазақ.

Сағындым, туған елім! Өтті жылдар,
Білмеймін достарымнан кім жоқ, кім бар?
Құс болса, ұшырар ем жүрегімді,
Ап кел деп туған елден сен бір хабар.

Сарыарқа самалды тау, сырнайлы өзен,
Сағындың сен де мені, айтпай сезем.
Айбарлы ақсақалым – Алатауым,
Күт мені, сабырлы оймен, түңілме сен.

Құс болып ұшар жырым ой-қырыңда.
Қонақтар сенің алтын тұғырыңда.
Қымбаттым – халқым деген махаббатым,
Сенемін қалмас шіріп қабырымда.
1944


ҰЛЫ КҮТІС

Күтудеміз! Асығып эшелондай:
Өтіп жатыр зулап күн, шұбалып ай.
Күтудеміз тықыршып, мың құбылып,
Қазір, қазір бар тілек болатындай.

Тұтылған күн дәл қазір шығатындай,
Талып жатқан досың ес жиятындай.
Ауыр азап үстінде қиналған жан
Рахат тауып, талықсып тынатындай.

Күтудеміз тұрсақ та әзілдесіп,
Арпалысып жүрсек те қан-сел кешіп.
Күтудеміз сонау сұр окоптарда,
Өліп бара жатсаң да талып өшіп.

Мейлі күтіп, шыдамай темір сынсын,
Мейлі көлдер суалсын, тас үгілсін.
Қасарысып біз күттік! Шыда, жүрек,
Бұл ақырғы, ең ауыр болсын бір сын.

Жараланған жауыздық қашты аң боп,
Атылса екен тезірек ең соңғы оқ.
Әділ сағат, сын сағат сенсің жүрек,
Сезіп-біліп тұрсың ғой, қаттырақ соқ!

* * *

Дүние қандай жап-жарық!
Осындай ма еді бұрын да?!
Байқамаппын аңғарып,
Ойдың тапшылығында.

Дүние қандай жап-жарық!
Көңілім неге жабырқау?
Көкірегіме дақ салып
Кетті ме соғыс япырм-ау?!

Дүние қандай жап-жарық!
Жырдың алтын бұлағы –
Жалт-жұлт етіп жатшы ағып,
Жарқылдайын мен-дағы.


ҮСТІМДЕ СҰР ШИНЕЛІМ

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қанды қырғын, қызыл от,
Қаптап жүр ажал дегенің.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Қағып-соғып жығар ма
Оңайлықпен мені өлім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Баяғы Қасым, бір Қасым,
Баяғы күйім, өлеңім.

Үстімде сұр шинелім,
Ақсаңдай басып келемін.
Ұмытса да достарым, 
Ұмытар ма мені елім.
1944


* * *

Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Сен аспаннан «жұлдыз қақтың»,
Мен далаға түйе бақтым.

Енді мынау қарайсың тек,
Дәрменің жоқ, көзіңмен жеп.
Арланасың, қорланасың,
«Тұтқын болдым тағыға» деп.

Егерде мен түссем қолға,
Қамар ең-ау темір торға.
Олай болмай, бұлай болды,
Біздің бақыт, сіздің сорға.

Сен – фашиссің, мен – қазақпын.
Сен айтқандай «азиатпын».
Таңқаларсың, «философым»,
Ғажабына табиғаттың.
1944


* * *

Көкте зырлап барады
Алтын жұлдыз.
Жерде тұрып қарады
Әлия қыз.
Алтын жұлдыз алысқа
	Кетті ағып,
Кетті ағып, жас қызға
	Бір ой салып.
Алтын жұлдыз зымырап
	Кетті алыс.
Кетті алыс мылтық ап
	Бір жап-жас қыз...
Майдан кешті мылтық ап
	Әлия қыз, -
Өр төсінде жарқырап
	Алтын жұлдыз.


СЫРЛАСЫМ

Хат жоқ елден: достан да, жақыннан да,
Шынымен-ақ шіркіндер ұмытқан-ба?
Жапа-жалғыз тұңғиық ойға батып,
Ұқсаймын су түбінде отырғанға.

Жалғыз сенсің сырласым, осы өлең,
Ақын жыры, туысы, досы - өлең.
Мейлі мені ұмытсын дүние жүзі,
Жырлап тудым анадан, жырлап өлем.
1944


* * *

Аспанымды бұлт торлап,
Құрыстырды денемді.
Көзімнен жас домалап,
Төктім сонда өлеңді.

Жырымды да жасымды
Бір сығып мен тастадым.
Жайнап қайта ашылды
Ойым менің – аспаным.
1944


1945 ЖЫЛ

Жаңа жыл, мың тоғыз жүз қырық бесінші,
Құйшы, дос! Қыран көңіл, бір желпінші!
Қан қырғын қызыл соқта толастар ма?
Жаңа жыл, айт та, менен ал сүйінші!

Тілемен жетсе екен деп жасым жүзге,
Тілемен нұр жаудыр деп көктен бізге.
Жаңа жыл, жаршысы боп игіліктің,
Жауды жеңіп қайтқандай елімізге.
1945


ДОСТАР, ҚАЙДА ЖҮРСІҢДЕР?

Достар, қайда жүрсіңдер, қай майданда?
Мен де келе жатырмын малтып қанға.
Ең болмаса біреуің кездессең ед,
Ыстық, суық күндерде сағынғанда.

Күндер өтті, үңілдім сендерді іздеп,
Айлар өтті: «Көрмедік, білмейміз» деп,
Жылдар өтті, таппадым, қайдасыңдар?
Мені қуантсаңдаршы, - бірің кез кеп?
1945


СЕН ЕДІҢ МЕНІ АЙЫРҒАН

Сен едің мені айырған достарымнан,
Долы жау, дүниеге салған ылаң!
Бөбегім махаббаттың жалынға атып,
Кеудеме қан аралас мұз қатырған,
Орыстың ойран салып орманына,
Қазақты қуғандай ең даласынан...

Дариға бізге де бір тиді кезек!
Сені өртеп жатыр міне ызалы кек,
Енді ме есің жаңа есер дұшпан,
Етесің енді неге безек-безек?..
Алайық ту сыртынан сығып жанын,
Қайта бас көтермесін өлікті жеп!
1945


АҒАЙЫМА

Жан аға, жазыпсыз хат, жан елжіреп,
«Қайда жүр, қайда менің бауырым» деп.
Дариға, бар екен ғой есіркеушім,
Алыстан адал тілеп, жүрген жебеп.

Жан аға, сізден жақын табам кімді?
Тебірентіп жібердіңіз көкірегімді.
Есіме еріксізден түсірдіңіз
Жылдардың артында ұмыт қалған күнді.

...Қыс. Қыстау атамекен Қызылдағы,
Ерттеулі аттар толы, қора маңы.
Томпаңдап үйге жалғыз келе жаттым,
Тойдырып күресіннің сырғанағы.

Жармасып босағаға үйге енгенде,
Түскендей болды жүрек ыршып жерге,-
Сұп-сұлық жатты әкем алдыңызда,
Бүркеніп жайнамазын оң жақ төрде.

Көл-көсір жылау-сықтау үйдің іші,
Неткен күй күңіренген үлкен-кіші!
Құшақтап жыладыңыз сіз кеп мені,
Жалын боп өткен әке күйініші.

Жыламай, қарай бердім ынтамды сап,
Көзіме көріндіңіз әкеме ұқсап...
Дариға, енді бүгін қан майданда,
Тағы да сізсіз мені жүрген аңсап.

Арқалап долы соғыс қанды жүгін,
Алдыңғы сапта жүріп келед інің.
Шығыстың шолпанындай тартады көз
Жұққан қан өңіріне шинелінің.

Өзгердім, ағатайым, мен азырақ:
Көрінем бұрынғымнан сәл жасырақ.
Қарая түсті қайта шашым менің,
Естірек болдым енді, ақылдырақ.
1945


ЕРКІН ІНІМЕ

Ойлаймын да жүдеймін,
Сағындырдың, Еркінім.
Тез жетсін деп тілеймін
«Аға келді» дер күнің.

Жалаң аяқ жарысып,
Ойын салып, ойнақтап.
Жас шағыңмен алысып
Жүргеніңде, кілт тоқтап,

Қарайсың ғой, білемін,
Әрбір өткен солдатқа.
Шым етіп жас жүрегің,
Мені ойлайсың сол уақта.

Сәл тұрасың елжіреп,
Қабақ шытып, ойланып.
«Ағам менің келді» деп,
Мақтана алмай, қорланып.

Ойлаймын да жүдеймін,
Жеткіншегім, Еркінім!
Тез жетсе екен, тілеймін,
«Аға келді» дер күнің.
1945


АҚШАЛЫҚ

Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық
Ой салғандай адамға?
Бір жапырақ былғары
Құрай салған әлде кім.
О, дариға, бұл-дағы
Болды менің ермегім.
Төрт жыл болды, қалтамда
Келем сақтап, жоғалтпай.
Мені қорғар майданда
Тілсіз туыс болаттай.
Жанталаста жоғалып,
Не қадірлі қалды зат.
Тек осы бір ақшалық!
О, құдіретті махаббат! –
Төс қалтамнан орын ап,
Жүр ілесіп жоғалмай.
Көкірегіме ұя сап,
Паналаған торғайдай.
Ағам берген ақшалық
Жүрерімде майданға.
Құнды зат ең қаншалық,
Ой салғандай адамға?
Қолға аламын, қараймын,
Қараймын кеп күрсініп.
Сенде туған ағамның
Махаббаты тұр сіңіп.


АҚША БҰЛТ

(бір ақынның өлеңі жайлы)

Асқар тауда ақша бұлт
Жүзуші еді жалтылдап,
Кеттім алыс, қалды ұмыт,
Бір жалтылдақ қызға ұсап:
Қызыл майдан, алтын ту,
Қыза жортып келем мен.
Бұлдыр бұлттар, қыз-қиқу
Алдағандай жас емен.
Ақын қиял – ақ сұңқар,
Қанатыңды қанға мал.
Ақша бұлт – ақ орамал
Шын жіберсе сүйген жар.
Түссін жерге үлбіреп,
Таңайын мен жарамды,
Не жаңбыр боп сіркіреп,
Бассын өрт пен тозаңды.
Не тері боп солдаттың
Сіңсін туған жеріне,
Не жасы боп сан қарттың
Құйсын қасірет көліне.
Аспандама ақша бұлт,
Алдандырма ақынды.
Жер деп жанын тосты жұрт,
Жерде оқтар атылды.
1945


ЖЕҢІС ДАУСЫ

І

Казарма лық тыныштық,
Жатыр ұйықтап солдат достар.
Жоғарғы нар қандай ыстық,
Жан екем бір монша құмар.

Әм дөңбекшіп, әм күркілдеп,
Арпалысып ұйқылы-ояу...
Тамып-тамып, тамылжып кеп,
Естілед бір күй қоңырау.

Естілед бір күй қоңырау,
Әлдилейді жүрегімді...
Мезгіл еді таңға таяу,
Неткен күй бұл, кім не білді?

Неткен күй бұл, жанға тәтті,
Неткен күй бұл, тым мезгілсіз?
Кім жіберді бұл ләззәтті?
Жаным-жаным, рақатқа жүз.

ІІ

Қайда, қайда кеттің күйім,
Таусылдың ба, сарқылдың ба?
Енді қанша дөңбекшиін...
Тыныштал жаным, тыңда-тыңда:

Болды маған естілгендей
Ұлы Москва дем алысы!
Кетші әрі ұйқы, түнше төнбей!
Япыр-ай, бұл диктор даусы –

Күйі ғой бір қуаныштың!
Саңқ-сұңқ етіп сонау көктен.
Қиқуындай қыран құстың,
Ғажап дауыс шығады өктем.

Жалғыз кезген жер-жаһанды
Күй қанатты бір жолаушы.
Тірілткендей өлі жанды,
Саңқылдайды жеңіс даусы!

Жеңіс даусы – құдіретті үн
Құйылды кеп кеудемізге,
Қалдық ұйып. Дүние шіркін,
Өліміз бе, тіріміз бе?

ІІІ

Тік көтеріп шаттық дауыл,
Өрт боп қаулап шықтық сыртқа.
(Өскен қала, туған ауыл,
Не күйде екен осы уақ та?)

Көк төсінде жүзді оттар,
Қуаныштай жарқылдаған.
Кетті атылып ақтық оқтар,
Винтовкадан, нагандардан.

Кетті атылып ақтық оқтар,
Кетті атылып ақтық ашу –
Кешегі қол – қанды шоқпар
Қызыл қанат ұсташы ту.

Келеді атып ғажайып таң,
Асыққандай игілікке.
Көрдім сені, байтақ Отан,
Шығып сол кез бір биікке.

Көрдім сені, жайдым құшақ,
Тоқтата алмай көз жасымды.
Құштым, сүйдім, ғашыққа ұқсап,
Майдандас бір жолдасымды.

ІV

Жеңіс даусы – құдіретті үн,
Саңқылдайды, тебірентеді.
Шіркін адам, ұқтым бүгін,
Жаны қандай нәзік еді.

Көңлі қандай шалқар еді?!
Нендей ыстық махаббаты!
Құшақтасып ұшар еді,
Әттең ғана жоқ қанаты.
1945



ЖЫЛҚАЙДАР

Берлиннің тар көшесінде
Салып жөнге фашистерді.
Жайнап жұлдыз кеудесінде,
Кезей ұстап көк семсерді,
Орнатып нық өз тәртібін,
- Олай емес, бұлай жүр! – деп.
Асауының басып желін,
Шабандарын етіп жүрдек.
Жылқыайдар жүр өзіміздің,
Жау ырқына мініп аттай.
Тигеннен соң қолға тізгін,
Қоюшы ма ед майпаңдатпай!
1945


ҚЫЗҒАЛДАҚ

Өртенген үй орнында
Өскен жалғыз қызғалдақ.
Кез боп қалдың жолымда,
Аялдаттың азырақ.

Өртенген үй жұртында
Қып-қызыл боп желбіреп.
Қалай өстің сен мұнда?
Нендей сыр бар, нендей кеп?

Қансың ба әлде тамған бір
Күнәсіз жас жүректен?..
Сен екенсің жас өмір
Ескі жұртты күзеткен?..


ДОСТАР

І

Біз көп едік отырғанда,
Демалыс күн мәжілісте. –
Жау тиді де Ұлы Отанға,
Бұзды шырықты шаңқай түсте.

«Соғыс» деген бір зілдей сөз,
Кетті басып еңсемізді.
Ап-ауыр ғып түсіртті тез
Қолымыздан кесемізді.

Сағасында домбыраның
Сыңсыды да үзілді күй.
Ауыртты да ақын жанын,
Тынды сұлық қайран «Мәди».

Күлкі ерінде қалды қатып,
Қуанышты қуды қайғы.
Ойнасақ та мылтық атып,
Көріп пе едік біз мұндайды?

Айтар сөзін бітірмей жар,
Қарай берді жасы іркіліп.
Кеткендей-ақ қайғы-қанжар
Жар өзегін тіліп-тіліп.

Шала жиып дастарқанды,
Қоштасарда сәл кідіріп.
Сақтаймыз деп Ұлы Отанды,
Қан майданға кеттік жүріп...

ІІ

Жалындаған жалынды өртке
Қотарылдық қара селдей.
Келіп жаумен бетпе-бетке,
Араласып кеттік сеңдей.

Араласып кеттік сеңдей.
Өзенінде қан майданның.
Солдат болдық кәдімгідей,
Білер парқын қара нанның.

Сапырылды ерсіл-қарсыл
Жорық жолы – майдан теңіз.
Айлап сынып, таусылды жыл,
Айрылысып қалыппыз біз.

Жүдемедік сонда бірақ,
Жарқылдадық салған жерден.
Жаңа достық алдық құрап,
Шар тараптан келгендерден.

Жауды жауша қарсы алдық біз,
Шынықтырып алдық жанды.
Тулап теңіз, шайқалды құз,
Алдық барып не қамалды!..

Жүрдік аңсап өткен күнді,
Шала жиған дастарқанды,
Кілт үзіліп қалған күйді,
Аяқсыз ән, мұңлы жарды.

ІІІ

Жеңдік жауды, алдық кекті,
Мөңкіп тулап, басылды апат.
Мең-зең етіп жер мен көкті,
Тынды-ау ақыр бір ғаламат.

Ескі дозақ орынындай
Қирап, қаусап қалды қала.
«Күміс күмбез, алтын сарай»
Қалды сонан төрт бағана.

Көнбіс ана бұл қара жер
Сезе ме екен мың жарасын?
Сезер болса, едік сүйер
Әр төбесін, әр құз, тасын.

Не деген біз қайратты елміз,
Болса-дағы не ғаламат.
Күліп тұрып көтергенбіз,
Жанымызға жабырқау жат!

Жеңіп жауын, достар үйге
Келіп жатыр жеке-жеке.
Шалқып тағы бастық күйге,
Бейбіт өмір – бір жәрмеңке.

Жайдық қайта дастарқанды,
Қолда ойнатып кесемізді.
Құштық қайта сүйген жарды,
Кім айырар енді бізді!

Домбыраны бұрап қайта,
Құшырлана сүрттік шаңын.
Бір жарқ етер осындайда
Өткен шағың, болашағың!

Қайта жалғап тарттық біздер
Кілт үзілген көңіл күйін.
Өтті, кетті қатал күндер, -
Көңілге бір тастап түйін.

Коп едік біз, көп едік біз
Демалыс күн мәжілісте.
Біз әлі де көп екенбіз, -
Кел, достарым, кеттік іске!
1946


БАЛДАҚТЫ ЖІГІТ

Балдағы бар бір жігітті көрдім де,
Қасақана сауал бердім келдім де:
«Ғафу, жолдас! Көрінбейд бір аяғың,
Кешегі өткен сұрапылда бердің бе?»

Жігіт екен! Жауап тапты тосыннан, -
(Бір ғажайып күлкі ойнады ернінде):
- Көріп тұрсыз, бір аяғым осында,
Екіншісін тұрмын басып Берлинде.
1949

 
 

Published: 13 February 2009. Free to distribute, link to original URL is mandatory.


Используются технологии uCoz