Басты бет Арнау олеңдер Экспромт жырлар Майдан жырлары

Туған жер жырлары

ЖАЙЫҚ

Жарқын жүзбен жайраңдап
Жатырсың ағып, Жайығым.
Жағаңда ойнап, сайрандап
Ескенмін заман қайығын.

Сырғып аққан сынаптай
Сабырлы өзен, салқын су.
Толқыныңды құшақтай
Келіп қонды бір аққу.

Қанаттанып жағаңда
Еді-ау бір кез ол ұшқан.
Сол бір аққу мен едім,
Келіп тұрмын алыстан.

Есіңде ме, Жайығым,
Қалмадың ба жатырқап?
Жамылып кеш сағымын,
Келмеуші ме ем ән шырқап...

Ойын, күлкі әзілмен
Бойында өткен талай күн...
Жайық, саған қазір де
Риза бола қараймын.


МЕН – ТАБИҒАТ БӨБЕГІ

Мен – табиғат бөбегі,
Еркін жанмын еркемін.
Аузымда жастық өлеңі,
Еркелеп күйім шертемін.
Жарқ-жұрқ етіп жүруді
Нажағайдан үйренгем.
Шадыман шат боп күлуді
Күн мен айдан үйренгем.
Тәкаппарлық, ерлікті
Асқар таудан үйренгем.
Мен бір жанмын ерікті,
Жарысып желмен жүгірген.
Ашу, қайғы дегенді
Қара бұлттан үйрендім.
Өз еркімше сілтемей,
Қашан ғана имендім?!


ХАН ТӘҢІРІ

Хан тәңірі –
	қарт Тянь-Шаньнің жүрегі...
Хан тәңірі –
	көк аспанның тірегі...
Хан тәңірі –
	жер жүзіне жария.
Хан тәңірі –
	жүрегі – тас, қаны – сел,
Хан тәңірі –
	лебі – боран, демі – жел.
Хан тәңірі –
	қабағынан қар жауған,
Хан тәңірі –
	балағынан қан тамған.
 Хан тәңірі –
	бұлт жамылып, мұз киген,
Хан тәңірі –
	көкті құшып, күн сүйген.
Хан тәңірі –
	жерге басын имеген,
Хан тәңірі –
	көк әлемін билеген.
Хан тәңірі –
	қаһарынан қайтпаған,
Хан тәңірі –
	ешкімге сыр айтпаған.
Хан тәңірі –
	ешкімге бой бермеген,
Хан тәңірі –
	еш бағынып көрмеген.
Хан тәңірі –
	бағынбасқа серт қылған,
Хан тәңірі –
	қарсылассаң, мерт қылған.
Хан тәңірі –
	күнге ғана табынған,
Хан тәңірі –
	хабар алған сағымнан.


БУРАБАЙ ТОЛҚЫНДАРЫ

Баурында «Оқжетпестің» тұрдым жалғыз,
Көл жатты күле толқып, айтып аңыз.
Үстінде Бурабайдың жарқ-жұрқ етіп,
Қайықпен келе жатты аққудай қыз.
Шақырдым: «қарындасым, кел бері деп,
Қайығын тосты маған қыз күлімдеп.
Көрмеге ол отырып, мен ескекке,
Толқыта кеттік тартып; жел соқты үдеп.
Жел соқты бізді әдейі сынағандай,
Жығылды жапырыла толқын жардай.
Біресе жайындай боп жон көрсетіп,
Біресе бүктетіліп айдаһардай.
Көк ала арландай боп абалайды,
Алды орап, соңнан қуып, жағалайды.
Біресе ауға түскен шортандай боп,
Құйрықпен қайығымды сабалайды.
Сескеніп сыр берместен келем есіп,
Тәкаппар тентек толқын кетті егесіп.
Лап беріп ұмтылады қайығыма,
Шегініп тұрады да аз кеңесіп.
Ентелеп келеді де, кер кетеді,
Біресе ойнаған боп тербетеді.
«Бойында өр қайраты бар ма екен» деп,
Сынамақ болад білем мені тегі.
Толқыннан мен бе болар қорқынышты,
Толқыны өз жанымның одан күшті.
Толқытып тарта бердім әнге басып,
Бір мезет қыз көзіне көзім түсті.
Көзінен нәзік сұлу көрдім жанын,
Оның да көлдей көңлі толқығанын:
Қауіптің қара құйын желі соғып,
Қашырып бара жатыр беттің қанын.
Үрпиген балапандай қыз үрейлі,
Дөңгелек көзі көлдей мөлтілдейді.
Үстінде толқып жатқан кеудесінің
Қара шаш қара бұлттай желпілдейді.
- Ағажан, бұзылды ғой күн райы,
Ежелден белгілі ғой толқын жайы.
Қайталық, тіл алыңыз, әне алда
Толқынның ойнақтап жүр асау тайы.
Қайтпайтын әдетім бар алған беттен,
Қыз сөзін құп көрмедім сол себептен.
- Сескенбе, қарындасым, ән шырқай бер,
Бұдан да зор толқынды жарып өткем.
Даурығып әлденеге толқын шулап,
Көк ала айғырлардай жатыр тулап.
Таң қалып бұл қызыққа қарағандай,
Төбеде тұрды бұлттар будақ-будақ.
Бүйірін ескегіммен ірей тартып,
Толқынды алсам керек ашулантып.
Қасқырдай қамады кеп жан-жағымнан,
Жіберді қайығымды қалтылдатып.
Қорқаудай көк жал толқын жетті екпіндеп,
Белінен қайығымның секірді кеп.
Құп-қу боп қыз үрейі кетті қашып,
Көзінен шыға келді жас мөлтілдеп.
Сонда да сыр берместен тарта бердім,
Толқынның ойнағына мен де үйрендім.
Көлденең келгенінің белін жаншып,
Ескекпен ентелесе, басқа пердім.
Айбары арыстандай бір долы бұлт
Ойнақтап, көк төсіне шықты жалт-жұлт.
Гүрілдеп тұрды-дағы шарт етті ол,
Жаңғыртты, болғандай-ақ аспан быт-шыт.
Су ішпек болғандай-ақ Бурабайдан,
Бұлт төніп созды мойын анадайдан.
Ту асау толқындарға мініп алып,
Ән шырқап, Бурабайда салдық сайран.
1939


КӨКШЕТАУ

Жаннаты жер мен көктің сұлу Көкше,
Ризамын бар ғұмырым Көкшеде өтсе.
Табиғат, таңғаламын тамашаңа,
Қандай күш жаратты екен сені ерекше.

Көп шығар көрмеген жер, дүние кең.
Сонда да тау бар ма екен Көкшеме тең?!
Берсе де Гейне – Рейнін, Гомер – Парнас,
Көкшемді мен айырбас етем бе екен?!

Құмарың Көкшетауды көрсең тарқар,
Адам түгіл аңның да көзін тартар.
Көктемде көрерміз деп Көкшетауды,
Жосылып бұғы, марал, құлан, арқар.

Екі уақ ерсіл-қарсыл қайтқан құстар,
Көкшеге бір қонуға болар құштар.
Сықылды тіршіліктің жәрмеңкесі,
Ғажайып нендей сыр бар, нендей күш бар?!

Ұлпа бұлт бейне торғын орамалы,
Толқып кеп тау мойнына оралады.
Жайғандай жасыл ала жібек кілем,
Көкшенің кең құшағы, бар алабы.

Көк қасқа Көкшетаудың бетегесі,
Сықылды сепкен алтын күн сәулесі.
Тыңдаған бұлбұл үнін ойшыл орман,
Толықсып бас изесер ерте-кеші.

Сықылды тоқсан ауыл тоқсан көлі,
Жалтылдап қарар-дағы тартар сені.
Аралап сұлу Көкше сай-саласын,
Шығады саяхаттап самал желі.

Тұп-тұнық қара барқыт түні қандай,
Рақат дүниесі ұйығандай.
Сұлудың алтын гауһар сырғасындай
Көкшенің иығында шалқиды ай.

Көкшеге құмартқандай «көк қыздары»,
Жымыңдар алтын кірпік жұлдыздары.
Айналар аспан жайлап дөңгеленіп,
Көкшенің күмбезіндей жылжымалы.

Кербез тау көрінеді түстегідей,
Қарайсың түсіне алмай, тырс үндемей,
Бұп-бұйра төбелері қызықтырар,
Сұлудың сүп-сүйкімді бөбегіндей.

Шалқыған шымылдықтай атады таң,
Алқадай қойған қадап алтын шолпан.
Ішінде сол шымылдық Көкше сұлу,
Қарайсың көркіне сен болып аң-таң.

Суреттеп жеткізе алман қанша мақтап,
Келеді Көкше сұлу көп сыр сақтап.
«Өзгемнен осым қымбат» дегендей-ақ,
Көкшетау Бурабайын тұр құшақтап.
1939


КӨКТЕМ

Төбеден төнген аспан, күн мен айы,
«Тамаша» жанға жайлы күн райы.
Ақырын жылжып қана көктем келед,
Сықылды жас жігіттің сәулетайы.

Күлімдеп кел тезірек, кел, көктемім,
Өмірдің «рақатына» тең көктемім.
Тігілген он бір қанат ұлы ордама,
Сұлудай тәжім етіп ен, көктемім.

Мен биыл он бір қанат орда тіктім,
Төрінен орын қойып сені күттім.
Жырыммен бетіңді ашып енгізейін,
Тезірек кел, көктемім, кел, сүйіктім!

Масайрап, гүл-гүл жайнап, кел тезірек,
Сағынған жер анаң да тұр елжіреп,
Сүті ағып, «алпыс екі тамыры иіп»,
Жадырап, жаны жібіп, күлімсіреп.

Жер күліп, аспан төніп құшақтасып, -
Бейне бір қосылғандай екі ғашық.
Асқандай аясынан айдын шалқып,
Кербез бел күнге қарап қойнын ашып.

Аспанда қаз бен үйрек қиқуласып,
Жерде еңбек ерлері жүр ән шырқасып.
Жайраңдап, қыза қайнап, күшін сайлап,
Маржандай, егін жайға, тұқым шашып.

Құлпырып ұлан-байтақ сәнді дала,
Тамаша думан-тойлы сансыз қала.
Бәрі де: «көктем келед!» дейді күліп,
Көктемге көңілдене, құмарлана.

Көңлі шат, жүзінде нұр бәрінің де,
Қайғыдан хабары жоқ кәрінің де.
Бақыттың дариясы шалқығандай,
Қарайды қуанышпен алтын күнге.

Кел, көктем, күлім қағып қарсылайық,
Арудай аймалайық, құшақ жайып.
Қосылған сүйгеніне жас сұлудай –
Көктемім – көңілді елге сен лайық!

Көктемім – көңіл қошым, кел тезірек,
Көріктім көзің күн де, жүзің жібек.
Өмірді нұрға бөлеп, гүлге орайық,
Жаннаттай жиһазыңды бер тезірек.
1937. Алматы


ДАУЫЛ

Ышқына соққан дауылға
Құмартушы ем жасымда.
Нөсерлеп құйған жауында
Қызығушы ем жасынға,
Жүгіруші ем жарысып,
Сарыарқаның желімен.
Ойнаушы еді алысып,
Соққан дауыл менімен...
«Дауыл! Дауыл!» дегенге,
Шықтық үйден дүркіреп.
Аспан тұрды төбемде,
Аласұрып, күркіреп.
Дүние сол кез дүрілдеп,
Келе жатты бір дауыл.
Түндіктері желпілдеп,
Күтіп тұрды жарлы ауыл.
Шыр айналды шаңырақ,
Сықырлады сырғауыл.
Бұрқырады бар аймақ,
Соқты ышқына көк дауыл.
Көшті дауыл керуені,
Ілестім де мен кеттім.
Көк дауылдай кеуделі
Жігіт болдым, ер жеттім.
Мен дауылдың ұлымын,
Тұра алмаймын дауылсыз.
Қарсы алуға дайынмын,
Соқса да дауыл дамылсыз.


ТАЛҒАР

Түксиіп, қабақ түйіп, бұлт үстінен
Даланың патшасындай қарайсың сен.
Не деген ызғарлы едің, тәкаппар ең,
Басқандай бар әлемді сенің еңсең.

Тау жоқтай бұл дүниеде сенен артық,
Мен саған қарай бердім көп құмартып.
Қайтер ең қаһарлы хан, кәрі Талғар,
Бойыңнан өрлігіңді алсам тартып?!
1940


АТАМЕКЕН

Сүйем сені туған ел – атамекен.
Абзал анам сенсің ғой құшағың кең.
Жер мен көктің жаннаты бір өзіңсің,
Сенен артық не табам, қайда кетем.
Асан қайғы емеспін, Қасыммын мен,
Қобызымен сырласып күңіренген.
Іздеймін деп «Жерұйық» көр басында,
Ерке жанмын, өмірде өстім еркін.
«Еркелеме, ей жігіт, еспе» дер кім?!
Өз елімде өзендей гүрілдеймін,
Тасып, шалқып өтемін, осы сертім.
1940


ЕРТІС

Арқада аққан күміс алтын арна,
Ер ерке Ертісімдей өзен бар ма?
Суылдап, сабырлы оймен жатыр ағып,
Жарқырап көз жіберіп айналаға.

Күй төгіп, кернейлетіп ағады Ертіс,
Лебімен балқытады даланы Ертіс.
Ертісім – еркіндіктің бесігі бұл,
Ер жігіт, ерте тұр да, Ертіске түс.

Жерімнің жатқан бұл бір көк жойқыны,
Үстінде ойнақтаған өр толқыны.
Болаттай суарылған осы Ертісте
Қайтып та ер болмасын қазақ ұлы!
1943


САРЫАРҚА

Сарыарқа сап-сары алтын жүзген нұрға,
Қоналқы мекен болған сан ғасырға.
Сайран тау, самал жайлау, сырнайлы өзен
Лебімен алар тартып, шықсаң қырға.

Көтеріп ән мен жырдың күй қанаты,
Жүрегің ұшар құс боп аспанында.
Әлемнің саған ауып махаббаты,
Сарыарқа орнап сенің жас жаныңда.

Жұбанып сол Сарыарқа құшағында,
Есімде ойнағаным жас шағымда.
Жетімдік жалбыр тонын жерге соғып,
Құмартып ауған бұлтқа, алыс шыңға.

Арқа ару, ашып нұрлы күн бетіңді,
Ойнатып, еркелетіп мен жетімді.
Аулақтап сұр бейіттен әкетуші ең,
Не дермін, сенің сол бір құдіретіңді?

Сарыарқа сағындырдың атамекен,
Сардала анам едің, құшағың кең.
Тұсыңнан тоқтай алмай барам өтіп,
Артта – сен, алда – майдан қайтсем екен?


СІБІР
«Сібір!» деген жалғыз сөзден
Соғушы еді үскірік.
Анықтап бір көрмей көзбен
Бал ашыппыз түшкіріп.

Жер екенсің, шіркін Сібір,
Жас өскендей жүгіріп,
Ер өскендей салып дүбір,
Қызды ауылда кідіріп.
Алтын жайлау, ата жұртым
Әкеткендей жерсің ыстық
Қыртысыңды сындырып.
1943


БАЙҚАЛ

(Баллада)

І

«Байқал», «Байқал» дегенге,
Тұрдым атып орнымнан.
Ұйқылы-ояу денемде
Толқи ақты ыстық қан.
Қызыл вагон есігін
Айқара ашып тастадық...
Соқты самал есіліп,
Ақты бұлақ тас жарып.
Торғын тұман жамылып,
Байқал жатты көсіліп.
Таң сәріден сабылып,
Жәрмеңкеге жосылып.
Кернейлеткен көп өзен
Жатты құйып тұс-тұстан.
Ерте оянған Таң жеңгең
Тұрды қарап шығыстан.
Ой тастап бір Байқалға,
Ғашық болған Таң сұлу.
Айнала асқар тауларға
Қойды қадап алтын ту.
Шіркін, Байқал, Байқал деп,
Біз келеміз шарқ ұрып.
Кең бір дүние көкпеңбек
Әлдеқайда шақырып.
Алыс сапар асығыс,
Аялдауға жоқ мұрша.
Сықылданып таңғы түс,
Қалмақ па бұл тамаша?

ІІ

Шіркін, Байқал, Байқал! деп,
Кете бардым, ән шырқап...
Байқал бір сыр айтар деп,
Бір тоқталып, бір тыңдап.
Ұшты құстар көңілімнен,
Жанымда жыр толғадым.
Шымылдықтай төгілген
Араладым орманын.
Аспанменен егескен
Бастым зәулім шыңдарын.
Күркіреп көкте кеңескен
Бұлттың сөзін тыңдадым.
Өр толқынмен ойнадым.
Қақтым ұшқан құстарын.
Шолп-шолп еткен шортанын
Шоқтығынан ұстадым.
Жаттым бір кез құмартып,
Салқын самал сайында.
Би билеттім бұралтып,
Ақ балтырлы қайыңға.
Бұлт жамылып, аң қуған,
Шаңқылдап шың бүркіті.
Шықты бір кез алдымнан
Бурят-монгол жігіті.
Маужыратып көл құсын.
Байқал деп ән шырқатқан.
Тағып шолпан шолпысын
Қыз да шықты бір жақтан.
Байқалдың ор түлкісін
Аңшы берді, алмадым.
Жарқылдатып шолпысын
Қыз шақырды, бармадым.

ІІІ

Арудай жүзі ақ жарқын,
Байқал жатыр – бір мырза.
Қиялымның қанатын
Тасқа соқтым боп ыза.
Баспа ғып бір қайқаңды
Бұлт боп төндім, торландым.
Құшпақ болып Байқалды
Әурелендім, зорландым.
Сірә, менің қылығым
Болса керек тым ерсі.
Байқал атып толқынын,
Күлді қатып сілесі:
Кенет таулар жаңғырып,
Аймақ шулап тебіренді.
Мені есімнен тандырып,
Байқал сөйлеп жөнелді.
1943


ҚҰЗ

Қабағын түйіп құз тас тұр,
Төңірегіне парық сап.
Шыңында шулап құстар жүр,
Айнала ұшып, шарықтап.

Кеудесі жалын қара бұлт,
Келеді төніп аспаннан.
Алып құз тас сұп-сұрғылт,
Жамылып шапан – боз тұман.

Шық моншақтап – шыпшып тер,
Сорғалайд жасы жүзінде...
Сол құзды көр де – мені көр,
Ойға бір шомған кезімде.


АЛМАТЫ

Жақсы екен ғой Алматым, -
Алтын үйек астанам.
Осы екен ғой жаннатың
Атам қазақ аңсаған.

Келдім сені сағынып,
Алтын ұям – Алматым.
Кең көшеңде басар нық
Мен бір ақын солдатың.

От пен темір сайысқан
Келдім майдан төрінен.
Жер құшам деп, көр құшқан
Жау жерінен келдім мен.

Сағынышын солдаттың
Сен сұрама, мен айтпан.
Кетті шығып бір ұшқын
Кеудемдегі шыңайттан.

Күлкі-жасы аралас
Ақын да бір жас бала.
Тербет өзің, мауқын бас,
Алтын бесік – астана.

Жүрмін жортып қызықтап,
Көше қоймай баспаған.
Сыбырлайды жапырақ,
Жалт қарайды тас маған.

Өкпе, назға – манифест,
Жатыр құшып достарым.
Сары алтын күн, думан кеш
Қанар емес құмарым.

Ән мен күйді сапырған
Сал домбыра, - сал ожау.
Сабырлы оймен отырған
Бір кәрия Алатау.

Неткен сұлу өмір ең!
Қарай берем үңіліп.
Ғажайып бір мейірмен
Келешегің тұр күліп.

Жақсы екен ғой Алматым –
Алтын тулы астанам.
Осы екен ғой жаннытың
Атам қазақ аңсаған.
1945


ҚАЗАҚСТАН

Елу жаста «Елім бар деп айта алмай»,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатайын мен бүгін.

Қойсын енді Қорқыт күйі сарнамай,
Атам Абай арманыңа бер тыным.
«Гүлжазира», «Жерұйықтан» кем бе екен,
Сен таппасың, біздер таптық жер тыңын.
Мынау дала біздер өскен кең мекен –
Қызыл тулы ел – Қазақстан дейтұғын!

Көкше, Баян, Қарқаралы, Алатау,
Тоңы – алтын, түгі – торқа жер мынау!

Қарағанды қара қазан қайнаған,
Елдігіме етер шүбә қандай жау.
Дүние байлық тұрған жайнап айналам,
Дүрсілдейді сонау Балқаш жағасы,
Баршы өзің, көңіл қойып тыңдашы!

Тұр ғой соғып туған дала жүрегі.
Кім қызықтап мақтан етпес бұл жерді,
Бақытыңа қуан қазақ баласы,
Кең далалы, кең пейілді қазақпыз,
Құл емеспіз, еркін жанбыз, азатпыз;
Ел намысын ешбір жауға бермейміз,
Өмірді алға бастырамыз, өрлейміз!
Сертің осы азат жігіт, азат қыз!

Байтақ Отан – туып өскен өз елім,
Өмірімдей өршіп аққан өзенім?
Артым жақсы,
Алдым қандай тамаша,
«Бөтен елдің падишасы болғанша,
Өз елімнің терсем артық тезегін!»

Қуанамын көрсем атты қазақты,
Ән шырқаған алшы тастап тымақты.
Қуанамын шапқанына құйғытып,
Қанаттанып, алыс жолды тез ұтып,
Отты көзбен тұрса шолып жан-жақты.

Аралашы Алматының көшесін,
Емендермен егесе сен өсесің.
Талғар тауда тудай жайнап талабың,
Бой ұрасың мұхитына даланың,
Қайтарам деп өмірімнің есесін.

Туған бала құба құмда, жер үйде,
Тоқсан томды алдына алып ҚазПИ-де.
Отыр дүние архивтарын ақтарып,
Соны көріп сүйсінем де мақтанып –
Кетем жырлап, қосылам да бір күйге.

Тау қопарған, көлді көлге қотарған,
Біз ерлерміз алғыс алған Отаннан.
Туған жердің салмақтап сом алтынын,
Содан ұғып келешегін халқымның,
Жүрген жасты жырлап өтсем жоқ арман.

Кемпір көрем көк өзендей күй төккен,
Шалды көрем жыр ұшырған көкіректен.
Қызымыз бар құралай көз, қара шаш,
Күлкісі – күн, сайрап кетсе – сандуғаш,
Жігітіміз барабар жас түлекпен.

Көк құрыштан құйылғандай бір елміз,
Әрі биік, әрі кеңбіз, тереңбіз.
Әніміз бар асқақ жалау сықылды,
Көтерілсе – тік көтерер жұртымды,
Біз дүниеге мәңгілікке келгенбіз.

Елу жаста елім бар деп айта алмай,
Кетпес естен күйінгенің, мұңлы Абай.
Елім бар деп айтатын бір туды күн,
Елім бар деп шырқатамын мен бүгін,
Еркелеймін кең даламда баладай.

Қазақстан дейтін менің бар елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін!

Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далада атам қолға ту алған,
Бұл далаға жылап келіп уанғам,
Бұл даланы көріп алғаш қуанғам,
Бұл далада өскен жанда жоқ арман!


ТУҒАН ЖЕР

Шықшы тауға, қарашы кең далаңа:
Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға.
Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең,
Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма?
Уа, дариға – алтын бесік туған жер,
Қадырыңды келсем білмей, кеше гөр!
Жатса алмас ем топырағыңда тебіренбей,
Ақын болмай, тасың болсам мен егер.
Неткен байтақ, неткен ұлы жер едің!
Нендей күйге жүрегімді бөледің?
Сенде тудым, сенде өстім мен, сенде өлсем, -
Арманым жоқ бұл дүниеде, - дер едім;
Мен де өзіңдей байтақ едім, кең едім;
Қызығыңды көріп еркін келемін,
Сен де аямай бердің маған барыңды,
Мен де аямай барым саған беремін.
Болдым ғашық, туған дала, мен саған,
Алыс жүрсем, арманым – сен аңсаған.
Жақын жүрсем, мен – төрінде рахаттың,
Алтын діңгек - өзім туған босағам!
1946


САУЫНШЫ ЖЕҢГЕЙДІҢ ЖЫРЫ

Сауыншымын,
Сүттен селді ағызған,
Сауыншымын,
Бармақтан бал тамызған,
Сауыншымын,
Колхозыма әйгілі,
Сауыншымын,
Сауып алғам бәйгіні.

Ақ телегей,
Сауған сүтім теңіздей,
Сиырым – піл,
Бұзауым бар өгіздей;
Ағызамын –
Бал қаймақтың өзенін,
Қарық болсын,
Деймін менің өз елім.

Бақытым жоқ,
Тауып алған бір жерден,
Берекесін –
Сауып алған бұл жеңгең,
Сол сүттей ақ,
Көңілім аппақ жеңгеңмін.
Шырқап әнге
Той-думанға енгенмін.
1946


АКАДЕМИЯ

Бір үй маған қарайды қызықтырып,
Терезеде ойнатып күн сәулесін.
Мен де оған қараймын ой құлпырып,
Ашып тастап жанымның терезесін.
Терезеде ойнайды сәби шұғыла,
Күн қызығып қарайды, шығып шыңға.

Нақ сол кезде аяғын басып нығыз,
Аңғарына Алатау ойы сыймай,-
Әлдеқайда қиялы қопарып құз,
Келе жатад сол үйге Қаныш ағай.
Ойлы көзбен бір қарап жан-жағына,
Шығады ол ғылымның михрабына.

Ой мұхитын кешкендей терең бойлап,
Мұхаң келе жатады тым асығыс;
Асау арман алыста салып ойнақ,
Ақын қиял, - аспандап ақ сұңқар құс.
Дүние сөзін бойына алған сықап,
Тұлғасына қараймын мен таңырқап.

Нығай басқан аяғын не бір сығай,
Келіп кіріп жатады сол бір үйге;
Қуанамын, тасамын, жерге сыймай,
Сәлем бергім келмейді Фердаусиге.
Өмірімнің тереңін, биігін де
Сол бір үйге барып мен көрем күнде.

Бір жетім ұл қалған-ды Самұраттан,
Қой бағам деп, ой баққан құба жонда;
Ой бағам деп, қозыны жамыратқан;
Нені сонда ойлаған, нені сонда?!
Тон орнына сол бүгін том көтеріп,
Келе жатыр.
Қуанам соны көріп.

Академик емеспін, тек ақынмын,
Мәз боламын, сол үйге сырттан қарап...
Келешегі күлімдеп өз халқымның,
Жақтауынан сол үйдің тұр сығалап.
Қарсы алдымнан ашылған кең есікке
Кеттім кіріп, асықтым келешекке.
1946


* * *

Шарт жүгініп бұйығып,
Молла отырса намазға.
Шарқ ұрып келіп түйіліп,
Мен төнемін қағазға.

Молла сенде не ісім бар,
Сұбхан айт та сұңқылда.
Тірілтіп өлең жаратар
Өзім тәңір – бір құда.
1946


* * *
Бұйра жонын күнге төсеп, жылынып,
	Тастар жатты көшемде.
Көктем келіп, кеткендей-ақ тіріліп,
	Жансыз тас қой десең де.
Ақын деген қызық жан ғой кей кезде,
	Жансыз затпен сырласар.
Жансызға жан  берейікші дейміз де,
	Көп болған соң жансыздар.
Тартып сырын табиғаттың, тастардың,
Бір нәрсені үйрендім.
Көктем келіп, күліп жатқан тастарды
	Басуға мен имендім.
«Әттең шіркін, бере ме еді сезімді?
	Тас болғаны – жазғаны»
Деп тұрғанда бір есерсоқ өзімді
	Басып кете жаздады.
1946


ДОМБЫРА

1 олең

Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішегіңе.

Аққудың әуеніндей үнің бар-ау,
Сарыарқа самалындай ескен баяу.
Бөбектей бесігінде маужыраған
Тыңдаймын мен отырып ұйқылы-ояу.

2 өлең

Салқын кеш ашып тастап терезені,
Қолға алсаң қоңыр сазды домбыраны.
Қырандай қалықтатып қиял сені,
Асқар ой шыңына бір қондырады.

Жарқ етіп ашылады жұмбақ жаһан,
Әлемі ақындар мен күйшілердің.
Үн-тілсіз отырасың болып аң-таң,
Құпия сырын аңдап көк пен жердің.

Қоңыр саз домбырадан ескен баяу
Тербетіп, көтереді сені ақырын.
Оянып, көкірегіңе келед таяу
Белгісіз әлдеқайда жатқан жырың.

Сол мезет жайып тастап жаныңды алға,
Келер жыр жолын тосып отыра қал.
Тізіліп көз алдыңда жыр туғанда,
Құлшынып тағы қайта домбыраны ал.
1946


ДОЛЫ БҰЛТ

Суырып көкте қылышын,
Нөсерлі қара төнді бұлт.
Тарылтып жердің тынысын,
Тапа-тал түс болды ымырт.

Өрістен қашты төрт түлік,
Асыға үйге енді жұрт...
Салатындай бір бүлік,
Ақырды жерге долы бұлт.

Күйзелді келіп, күңіренді,
Аласұрды аспанда.
Шуылдап аймақ тебіренді,
Жалынын жерге шашқанда...

Жіберді жылап долы бұлт,
Төгілді жерге көк нөсер...
Өтті де кетті, болды ұмыт,
Жадырап жайнап күлді жер.


БАСПАНА

Баспана деп бастайын бұл жырымды,
Отырғанда жамылып жылы күнді,
«Қылыш сүйреп» қатал қыс қысса келіп,
Өлең менің тыңдамас бұйрығымды.
Он жыл бопты, жүгірдім астанада,
Шақырса да бармадым басқа қала.
Алдамшы елес сықылды үміт қуып,
Он жыл бойы болдым зар баспанаға.
Қалай салған ағашты, не кірпішті,
Баспана бір үй еді төрт бұрышты,
Алғашқыда өртенгір жерде еді,
Енді бүгін қиял боп аспанға ұшты.
Құзға салған қыранның ұясындай,
Ұшпақтағы софының хұжрасындай, -
Елестейді баспана, - Алматының
Кең қойнына бір Қасым қойды сыймай.
Он жыл босқа жүгірдім, болмай жолым
Баспалдағын тоздырдым квартбюроның.
Бір ордерға бір бастық қол қойғанша,
Үлгеріппін мен жазып өлең томын.
Талай үйдің телміртті терезесі,
Алматыны шарладым ерте-кеші.
Алғызбады баспана қиын қамал,
Көңілімде қалды тек көлеңкесі.
Ақын болдым, жырладым астанам деп,
Бос жүгіріп жүрмедім, босқа нан жеп.
Солдат болдым, сағындым, келдім қайтып,
Тағы біраз сенделдім баспана іздеп.
Жер сұрадым ақыры күрке салар,
Жер де жоқ боп шыққан соң не шара бар?
Жер сұрасам – сілтейді зират жаққа,
Өлген жоқпын, қақым жоқ олай барар.
Қойдым енді, сірә мен үй алмаспын,
Үйім жоқ деп ешкімнен ұялмаспын.
Өгей ұлдай қойныңа сыймасам да,
Кете алмаспын, астанам, қия алмаспын.
Аспан мен жер бәрі де үйім менің,
Сенің көркің, астанам, сүйінгенім.
Кең көшеңде еркіндеп жүрсем басып,
Не қиындық болса да, - иілмедім.
1946


ЖАҢА ЖЫЛ

Сағат дәл он екіден тұрды аумай,
Ескі жыл жайлап жылжып қарт адамдай.
Есіктен шыға бере сәл кідірді,
Қарсы енген жаңа жылға қақтыққандай.

Екеуі келіскендей болды тілге,
Жаңа жыл жас жігіт боп енді өмірге.
Еркіндеп, - ендігісі менікі деп,
Сағатты өз қолымен бұрды бірге.

Жаңа жыл мың тоғыз жүз қырық жетінші,
Отырмыз сені күтіп үлкен-кіші.
Айқара ақ шапаның серпе тастап,
Кәнеки, шықшы төрге, бір желпінші!

Кел, достар, көтерелік күңгірлетіп,
Ал, досым, көңілді күй жібер шертіп.
Жаңа жыл, жаңа мейман, жаңа ырыс,
Көл болып, көңіл шіркін жатсын көлкіп.

Ризамын ескі жылға, болды игі,
Қиынды қиып түстік неше қилы.
Он екі серігін ол соңына ертіп,
Аралап елімізді, көрді сыйды.

Құрметтеп үш жүз алпыс нөкерін де,
Қызықпен ұластырдық күнін түнге.
Көтеріп ұлы еңбектің күмбездерін,
Тойладық келерін де, кетерін де.

Сен-дағы құтты болшы, жаңа жылым,
Шомылып шалқарына өнер-ғылым.
Ашыла түссін біздің ой-санамыз,
Шыныға түссін күші жұмысшының.

Тамған тер, сіңген қайрат жерімізге
Ырыс боп, тұрсын өсіп келер күзде.
Адамзат еңбек етсе – біздей етер,
Берерін дүние шіркін берсін бізге!

Ту етіп қасиетті ынтымақты,
Кеудеге толтырайық махаббатты.
Бақыттың бесігінде тербетейік
Өмірге келе жатқан жас ұрпақты.

Сол үшін келші, достар, жаңа жылда,
Отырып қала-дала, ойда-қырда.
Шалқая тарталық бір шаттық суын,
Дуымыз жетсін тарап бір ғасырға!
1946-1947


* * *

Алтын айна алдында
Қараймын да құлпырам.
Ғажайып нұр бар мұнда,
Жүрегіммен ынтығам.

Алтын айна қолымда,
Отырмын мен күн ұстап.
Ұзақ өмір жолында
Рахат тауып, тыныстап.

Алтын айна – алтын ай,
Алақанда ойнаған.
Айнадағы шұғыладай
Қоншы келіп ой маған.

Қасиетті айнада
Ойнайды өмір шарқ ұрып.
Игі іске майданға
Ту көтеріп шақырып.

Керуен тартып өткен шақ,
Қызық көрем, жай табам,
Шұғыла шашып болашақ,
Қарайды осы айнадан.

Алтын айна бетінен
Көрем еңбек күресін.
Қуанамын, бар екен
Өзімнің де үлесім.
1947


БЕТПАҚДАЛА

Басқа жанға өзінен
Сыр ашып, тіл қатпаған.
Жылайын десе көзінен
Бір тамшы жас ақпаған.
Болушы еді қаралы
Талайсыз сорлы бір ана.
Жүрегі шерлі, жаралы,
Арман болып бір бала...
Сол бір ана сықылды
Бедірейген Бетпақ шөл
Бүгінгі күн ұл туды,
Бетпақ шөлді – басты сел.

Құлазыған, қаңсыған,
Шаңырқаған, шаң басқан.
Қара құрты құжынап,
Ордалы жылан арбасқан.
Тұғыр болар қыранға
Томары жоқ, бүрі жоқ,
Суат болар қыранға
Қағы да жоқ, түгі жоқ.
Ызыңдаған тек қана
Қыста боран, жазда жел.
Сұлап жатқан сұр дала
Сорлы еді ғой Бетпақ шөл,
Ешкімге тіл қатпаған.
Тауды бұзып аққан сел
Оған сірә, батпаған.

Үндеместен үстінен
Жылдар өтіп кетіпті.
Көшкен бұлттай шұбалып
Ғасырлар да өтіпті.
Сол Бетпаққа ел қаптап,
Желбіреп қызыл ту барды.
Сарқырап ағып ойнақтап,
Күміс кәусар су барды.
Жұтты суды сіміріп,
Тамырына қан жүрді.
Бірте-бірте тіріліп,
Бетпақ шөлге жан кірді...
1940-1948


* * *

Сәскеде сансыз көкек сұңқылдаған,
Неткен кез дүние балқып күй тыңдаған!
Еркелеп бұйра бұлақ жатыр аунап,
Сүйкімді жас үнімен сыңқылдаған.

Алыста асау өзен күркіреген,
Жер жатыр жалт-жұлт етіп бір түлеген.
Аспанның өрмегіндей жерге төккен
Бір нәзік жұпар жаңбыр сіркіреген.
1948


КӨКТЕМ

Сансыз көкек сұңқылдап,
Көктем келді ертелеп.
Нәзік үнмен сыңқылдап,
Бұйра бұлақ еркелеп.

Асау өзен арқырап,
Асқар таудан дүркіреп.
Айдын жатыр жарқырап,
Алды дала бір түлеп.

Көкте бұлттар күркіреп,
Жерге төкті өрмегін.
Жауды жаңбыр сіркіреп,
Мейірленіп жерге күн.

Естіп аспан дауысын,
Асыққандай гүл шығып.
Аңдып бұлттар ауысын,
Колхозды ауыл құлшынып.

Алақанын тұр жайып
Жас ағашта жапырақ.
Балғын өмір ғажайып
Жас дауыспен жамырап.

Еңбек ата жүр елде
Егін жайда ту ұстап.
Қара бұйра кілемге
Алтын шашып уыстап.

Темір тепшіп, ер терлеп,
Трактор сүйреп даланы.
Бүгінгіден ертеңге
Алып кетіп барады...

Көктем күйін бастады
Өз өнерін асыра.
Қысты қуып тастады
Асқар таудың басына.
1948


ҚАРАҒАНДЫ

Бір жер бар Қазақстан даласында,
Құрбыжан, апарайын, барасың ба?
Арқаға Алатаудан ақ иықтай
Бір ұшсам, болат топшым, таласың ба!

Ол жердің тоңы – алтын, түгі – торқа,
Қанша алсаң қазынасы түспес орта.
Өшпейтін өміріңе от береді
Жігіті Қарағанды, салсаң қолқа.

Қарашы Қарағанды күмбезіне
Бойлаған мұнарасы күн көзіне.
Құрбыжан, қасиетті ол бір қазына,
Қуантып, тартпас сірә кімді өзіне.
1948


БАЛҚАШ

Көргенімде сені алғаш,
Көл едің бір жап-жалаңаш.
Келдім тағы, қойныңды аш,
Ұлы Балқаш, нұрлы Балқаш.

Өзгеріпсің таңғажайып,
Құшағыңды еркін жайып.
Сәулетті үй, сәнді сарай,
Көз тойғысыз қарай-қарай.

Сені мұнша кім өзгерткен,
Елің қалай тез ержеткен.
Ұлы Балқаш, ойлы Балқаш,
Туған жерге нұрыңды шаш.
1948


АҚЫН МЕН ШАХТЕР

Ш а х т е р

Қолда бұрғым,
Түстім бір күн
Жеті қат жер астына.
Өттім үңгіп,
Кеттім сүңгіп,
Қара мақпал пластыға.
Қалың тыңға,
Қара алтынға
Қадай салған бұрғыммен.
Түріп жеңді,
«Әуп!» деп, жерді
Көтергендей тұрдым мен.
Нақ сол кезде
Түспей көзге
Қайда жүрдің, ақыным?
Жер құлар деп,
Мерт қылар деп,
Сызып па едің ақырын?

А қ ы н

Жолдас шахтер,
Аз мұрсат бер,
Ұйқас тауып алайын.
Ұйқаспаса,
Ұйқы ашпаса,
Айып етпе, ағайын.
Аспанға ұштым,
Шолпан құштым,
Жаңа түстім жерге өзім.
Көп аңсаған
Келдім саған,
Енді жырлар дер кезім.
Көп сөйлеумен,
Көмейлеумен
Кетіпті өтіп көп күнім.
Еркін жырды
Серпілдірді
Сенің, құрбым, екпінің.

Ш а х т е р

Шахтер болмай,
Шабыт қонбай,
Аша алмассың жыр кенін.
Бізбен бірге
Түс тереңге,
Талабыңның түр жеңін.
Сырты жарқын,
Іші салқын,
Қойсаңшы құр сызуды.
Тоңба өзің,
Болсын сөзің
Тас көмірдей қызулы.

А қ ы н

Рас айтасың,
Кім байқасын,
Жазыппыз ғой небір «том».
Не жыр емес,
Көмір де емес,
Қызуы жоқ бықсық тоң.
Шахтер жолдас,
Енді болмас,
Еріксіз мен жеңілдім.
Жазайын жыр,
Қазайын бір
Кен шахтасын өмірдің.
1948


АЛАТАУ

Алатау бұлт асырмай асқарынан
Тұр қарап туған дала аспанынан.
Асылып Алатауға ай менен күн,
Жарқылдап шұғыла шашқан тастарынан.

Алға алып кең даласы – дастарқанын,
Алатау – ашқанда той – ақсақалым.
Жаңғыртып жер сарайын ән шырқаймыз,
Ту етіп туған халық жақсы атағын.

Құшақтап Қазақстан астанасын,
Алысқа Алатауым, көз саласың.
Алатау – айдын дала қариясы
Көтерген төбесіне өз баласын.
1948


ЖЫЛҚЫШЫ ЖЫРЫ

Төсімде Алтын Жұлдыз жарқыраған,
Астымда ақ жал атым арқыраған.
Алдымда айдағаным өңшең саңлақ,
Даңқымнан колхоз жауы қалтыраған.

«Қызылжар», «Қаракемер», «Қызбел»,
	«Қусақ»,
Бауырында жылқым бұлттай жатыр жусап.
Өргізем гүрілдеген көк өзенге,
Жарқырап маңдайымнан шолпан туса-ақ.

Бұлбұл құс қақты қанат, таң да таяу,
Ақырын қоңырлатам әнге баяу.
Жамылып таң шапағын мен келгенде,
Шықсаңшы күндей күліп, қалқатай-ау.
1949


АЙСҰЛУ

Есігің алды ағын су,
Ерте тұр да, Айсұлу,
Ағын сумен бетің жу, -
	Таңғы ұйқың серпілер.

Қыпша белің қынай бу,
Алдың егін, қалың ну,
Еңбекке шық, ұста ту, -
	Таудай көңлің желпінер.

Ай, Айсұлу, Айсұлу,
Сенен артар қай сұлу,
Қыз боп туса сендей ту!
	Деп бағыңды ел тілер.
1949


АРАЛЫМ, АЙДЫН ШАЛҚАРЫМ!

Алқаракөк айдынында
Аққу жүзген, Аралым!
Айдыныңа ай нұрында
Айбаттана қарадым.
Аралым, айдын шалқарым,
Толқыны бұлтқа ұмтылған.
Толқын сайын бір жайын
Тулап ойнап бұлқынған.

Шарасында шайқатылған
Берекесі даланың.
Ақ қайраңы айға атылған
Көл еркесі, Аралым!
Аралым, айдын шалқарым,
Толықсып жерде құлпырған.
Жағасында жасарып,
Қыз да туған, ұл туған.

Керуендей кемелері
Кернейлеткен, Аралым!
Кеме сайын Еңбек Ері
Сертке жеткен, Аралым!
Аралым, айдын шалқарым,
Жағалай қаптап ел қонған.
Балдырған жас баласы
Тез ержетіп, ер болған.
1949


ЕСІМДЕ ЕМБІ ӨЗЕНІ

Есімде Ембі өзені –
Су емес, кілкіп май аққан.
Күркілдеп жердің өзегі,
Фонтанын мұнай айға атқан.

Есімде Ембі ерлері –
Балуан қолмен тас сыққан.
Болаттай балқып терлері,
Сыққанда тастан май шыққан.

Есімде Ембі бойлары, -
Еркімен жасап, өскен ер.
Ғажайып «Темір орманы»,
Құйып бір тұрған көк нөсер.
1949


ЖАЗҒЫ ЖЫР

Келді көктем, келді жаз,
Кетті көк мұз, әппақ қар.
Әппақ қардай – ақ қағаз,
Жырым қайда көз тартар?

Жатпа менің алдымда,
Жырсыз, құнсыз құр қағаз!
Кешеуілдеп қалдым ба,
Сілкінейін мен біраз.

Жаз көңілім жарқыра,
Телегей жыр төгіл де.
Шабытпенен шарқ ұра,
Шықтым мен де егінге.

Шалқы менің көңілім
Жазғы Жайық, Еділдей.
Жайқала түс егінім,
Егейін мен ерінбей.
Ексем егін ел үшін,
Махаббатпен суарып.
Көкірегімнің жемісін
Алар халқым қуанып.
1948


КҮН КӨТЕРГЕН ҚАРЫНДАС

Көрейін деп ертемен
Колхоз күні шыққанын.
Араладым жеке мен
Қалың ауыл сырт жағын.

Нұрға бөлеп таң сұлу
Күн келбетті сәбиін.
Жатты жырлап қалың ну
Таңның күйін - әлдиін.

Шықты сол кез алдымнан
Күн көтерген қарындас.
Таң шапағын жамылған
Жаз бейнелі балғын жас.

- Күн көтеріп келесің
Толқып таңғы назыңмен.
Мұны кімге бересің? –
Деп сұрадым әзілмен.

Күн көтерген балғын қыз
Жауап қатты күлімдеп:
- Сыйлағаным, алыңыз,
Көп қой менің күнім, - деп.

Күн емес деп кім айтар
Сырдың сары қауынын!
Сүйсіндірер, жырлатар
Еңбек еткен ауылым.
1948-1950


НҰРЛЫ ДҮНИЕ

Нұрлы дүние – сырлы сарай
Айқара ашып есігіңді.
Ендім аңсап алтын арай,
Арманым жоқ осы күнді.

Нұрлы дүние, от бердің сен
Көкірегімде мәңгі лаулар.
Бердің қуат, бір сілкінсем,
Арқама орнар асқар таулар.

Нұрлы дүние, қадіріңді
Білемін де жырлаймын ғой,
Әнмен қарсы ап әрбір күнді,
Түн-түнекке ұрмаймын бой.

Нұрлы дүние – туған елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен.
1 июнь, 1950


АУЫЛ СЫРТЫ МАРЖАН КӨЛ

- Ауыл сырты маржан көл,
Маржан көлге баралық, -
Деді жеңгей Маржангүл
Қою шашын таранып.

Көлге құмар жандармыз,
Кете бардық біз саулап.
Шомылармыз, жалдармыз,
Қиқу салып, құс аулап.

- Қайық бар ма, жеңеше? -
Деп сұрасақ, «жоқ» дейді.
- Айып бар ма ендеше,
«Кеме бізде көп», - дейді.

Келеді ертіп жеңгеміз,
Сөзінде әлде сыр бар ма...
Келіп жеттік көлге біз,
Көлге емес... Қырманға!

Қимылдадық біз-дағы
Көлге маржан толсын деп,
Маржан көлдің қыздары
Бізге риза болсын деп,

Талай әнге қосылып,
Жаздың жырын жаттадық.
Маржан көлден жосылып
Алтын дария жатты ағып.
1948-1950


ШЫҢҒЫСТАУДА

Арқаның арланындай алып Шыңғыс,
Көргелі келдім аңсап сені тұңғыш.
Көтеріп әкетесің көңіл күйін,
Мүлгіген ойға шомып бұйра шың-құз.

Қараймын Қарауылдан аймағыңа,
Ұшырып қиял құсын қайдағыға.
Мекені ақындар мен батырлардың,
Сүйсінем, Шыңғыс, сенің айбарыңа.

Бұл жерге кімдер келіп, кім кетпеген,
Шертуге бар сырыңды тіл жетпеген.
Ағасы ақындардың туған жерге
Біз келдік інілік бір міндетпенен.

Аралап кең алқабын, тау саласын,
Кең өмір кенересін қаусарасың.
Жатсаң да күндіз-түні бірдей жырлап,
Бұл жердің сырын қайтып тауса аласың!

Ханорда, Дегелең мен Құндызды Арқат,
Дейтін жер «шіркін көңіл құмар тарқат!».
Айнала Қарауылды дөңгеленген
Ырысты дастарқандай жатыр алқап.

Көрініп колхозды ауыл айналадан,
Шақырып, көкірегіңді аймалаған.
Бұл бір жер еркіндетер өз үйіңдей.
Келсең де қайсы елден, қай қаладан.

Сапырса сары ала егін алқапта адам,
Қара бұлт қоңыр белден мал қаптаған.
Енші алған еңбегімен ұл мен қызын
Ата-ана алғыс айтып ардақтаған.

Бақыт пен берекенің кең өлкесі,
Екенсің шіркін, Шыңғыс, жер еркесі.
Қарайсың Қарауылдан Жидебайға,
Көрініп ақын атаң көлеңкесі.

Қарайсың Қарауылдан Жидебайға,
Бергендей күнде сәлем ұлы Абайға.
«Түбіне жүрегіңнің терең бойла»,
Абайлық азаматтар, сөзді абайла.
1950. Қарауыл


СЫРДАРИЯ АҢЫЗЫ

Сарғая ақтың сан ғасыр
Сағына бізді күткендей.
Аралға барып айттың сыр,
Дүркірей таудан, үріккендей.
	Жаутаңдап екі жағаңда
Тамыры тандыр жер жатты.
Талатып көшін заманға,
Қабағы қату ел жатты.
	Ағып бір жаттың суылдап,
Айта алмай сірә бір сырды.
Қайыса қарап, суыңды ап,
Жағаңда мұңлы қыз тұрды.
	Жайындай тулап толқының
Қанаты тисе дауылдың.
Тербенттің талай ер ұлын
Жабығы жыртық ауылдың.
	Жағалай қонған ел еді,
Ел іші өлең-жыр еді.
Арманы елдің көп еді,
Өлеңі елдің Сыр еді.
	«Барасың қайда асығып,
Суылдап ағып, салқын Сыр?
Тасаттық беріп, бас ұрып,
Телміріп бұлтқа халқың тұр.
	Телміртпе бұлтқа, мойын бұр,
Шаңырқап далаң шөлдеді.
Ашықты жұртың, тойындыр,
Астықты әпер жердегі».
	Ұққандай елдің тілегін,
Жағаға толқын үймелеп.
Ел түріп сонда білегін,
Тартатын Сырды сүйрелеп.
	Бұлдырық құстай бұлшық ет
Білекте тулап, талапты...
Қалыпты қырда әлеумет,
Жетелеп нәзік-арықты...
	Көшіпті бұлттай сан ғасыр,
Талықсып дала, тау қаңсып.
Жатыпты ағып дария Сыр,
Арнада сыңсып, аунақшып,
	Иесі келіп еңбектің,
Аңдыды Сырдың ағысын.
Сүйреді қырға жер-көктің
Тулатып долы тағысын.
	Дария тулап бұлқынды,
Тәкаппар шіркін қорланып.
Толқыны жарға ұмтылды,
Желкілдеп жалы, долданып.
	Еріксіз мойын бұрды да,
Сыр бүгін елге бас ұрды:
Дірілдеп бойы тұрды да,
Ашуы жайлап басылды.
	Көгінен күні нұр сепкен,
Жерінен гүлі жайқалып.
Бойында сырдың ержеткен
Берекелі елім, бай халық.
	Көтеріп күйдің дауылын,
Сапыра Сырды жырлайды.
Далаға төсеп бауырын,
Дария толқын тыңдайды...
	Сарғая бізді күткендей.
Еліңе құт бол, ерке Сыр,
Құмыңнан қырсық үріккендей.
1947-1950


КӨКІРЕККЕ ҚҰЙЫЛ, НҰР

Көкірекке құйыл, нұр
Даналардың ойынан.
Төгілші, жыр, биыл бір,
Тереңіңе бой ұрам.

Кеңі кеуде көктемдей,
Кеңі байтақ Отандай!
Өлең менен кеткендей,
Жатамын ба от алмай.

Өлең керек өмірге,
Өлеңсіз күн көңілсіз,
Күй бітпей ме темірге,
Таба алсаңыз ебін сіз.

Темірдей бол жыр сөзі,
Маяковский айтқандай:
Елім-жұртым сыншы өзі,
Жырла, ақын, қалт қалмай.
1950


БАС КӨКТЕМНІҢ КҮЙІНЕ

Келді көктем ғажайып,
	Күй төгейік!
Жауларымыз азайып,
	Дос көбейіп,
Бара жатыр дүние
	Кеңіп, байып,
Бас көктемнің күйіне,
	Ән шырқайық!
Бізге келді бұл көктем,
	Оларға – қыс,
Бар үміті дәметкен –
	Тағы соғыс.
Қан аңсайтын, ұлитын
	Арам тамақ
Атлантика мұхитын
	Арамдамақ.
Торлама бұлт, көктемнің
	Нұрлы аспанын,
Қайта оралмас өткен күн,
	Бақас залым.
Көктем келді ғажайып;
Күй төгейік!
Жауларымыз азайып,
	Дос көбейіп.
Бара жатыр дүние
	Кеңіп байып,
Бас көктемнің күйіне.
	Ән шырқайық!
1950


* * *

Сен кім? Мен кім?
Ойлашы бір осыны,
Таңғалдырар,
Ойландырар
Кенет ойдың тосыны.
Ақылды бол,
Тілегім сол,
Құлағыңа кірсе егер дос үні.
Шыпжаңдама,
Қылжаңдама,
Дұрыстан.
Кім ұқпайды:
Түк шықпайды
Ұрыстан.
Қыңыр тартып
Қиындыққа кеткенше.
Дұрыс болар
Адал жолмен тырысқан.

Осы сені
Білем ғой деп ойлаймын.
Сондықтан да
Ақыл айтып қоймаймын.
Өзің-дағы білесің ғой әркімді,
Басыңызға түспесінші сондай күн.
1951


* * *

Семья – шағын мемлекет.
Мен – президент, сен – премьер.
Арттым саған көп міндет,
Премьер жолдас, бер пример.

Мен тыңдар деп селт етпе,
Ескіліктің уағазын.
Сен орында, екі етпе
Президенттің указын.

Басқара біл үй ішін,
Бердім саған билікті.
Жемісті болса жұмысың,
Мен аяман сыйлықты.

Бар досым да, бар дұшпан,
Сал ойланып ақылға.
Алыстай біл алыстан,
Жақындай біл жақынға.

Жауаптымыз сіз бен біз,
Ұқсын басқа ұқпасын.
Мемлекетке тәуелсіз
Дұшпан қолын сұқпасын.

Көкірегімнің күйі үшін,
Сен еңбек ет мен үшін.
Басқар өзің үй ішін,
Мен жырлайын ел үшін.

Жыр тоқимын көп ойға,
Жетер ме екен уақытым.
Мен де ойлаймын, сен де ойла
Балалардың бақытын.

Біздің байтақ еліміз,
Семьялардан құралған.
Елін сүйер, сеніңіз,
Өз семьясын сүйе алған.

Сүй еліңді – үйіңдей,
Сүй үйіңді – еліңдей.
Көкіректегі күйіңдей
Жырыңды жаз ерінбей.
1953


* * *

О, дағдыр, мені сауықтыр!
Айтатын жыр ойым бар.
Көңілім соған ауып тұр,
Алда бір қызық тойым бар.
Бір өзім емес, көп үшін,
Көкірегім толы күйім бар,
Сау болып соны шертейін,
Ауыра берсем – қиындар.
Өлең мен күйден жаралған
Мен де бір адам ғажайып.
Құтқаршы, ауру, жараңнан,
Жазылып бір жыр жазайық.
Көңілдің күйін төгейік,
Арманда кеттік демейік.
Бәрін де беріп ел, жұртқа,
Қарыздар болмай өлейік.
1953


* * *

Алматы ауасындай мінезің бар,
Жауасың бір кез жаңбыр, бір кезде қар.
Балқытып аласың да ыстығыңмен,
Артынан тоңдырасың төгіп ызғар.
Соққан соң екі жақтап ыстық-суық,
Барады ақырындап бойым суып.
Айнымай тамылжитын жазым қайда,
Япырай, күз бенен қыс қалды-ау жуық!
1953


* * *

Япырай мына күннің райын-ай!
Төсектен тәуір болып тұрайын-ай.
Десем де қабағын бір қойды-ау ашпай
Ерегіскен, енеңді ұрайын-ай!

Шығайын ең болмаса бір күн деймін.
Азырақ ашылсаңшы, шіркін, деймін.
Түнеред әкесін мен өлтіргендей,
Бір сыбап аламын да, күркілдеймін.
1953


НҰРЛЫ ДҮНИЕ

Нұрлы дүние, шіркін дәурен,
Ойлаймын ғой сені ылғи.
Көкейімнен кетпей сәулең,
Көкірегімде толқиды күй.

Қатты сырқат үстінде де
Бір сені ойлап қиналамын.
Өңім тұрсын, түсімде де
Сені қайтып қия аламын.

Тірліктегі тыпыршыған
Бір күніңе не жетеді!
Аулақ, ауру ыңырсыған,
Өмір күйі тербетеді!

Нұрлы дүние – думанды елім,
Жарқылдайсың жас айбынмен.
Бір сен үшін туған едім,
Бір сен үшін жасаймын мен!
Ноябрь, 1954

 
 

Published: 13 February 2009. Free to distribute, link to original URL is mandatory.


Используются технологии uCoz