Басты бет Жастық жырлары Сүйіспеншілік жырлары Поэмалар

Жастық жырлары


ҰШҚЫШ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

(Жастар тілегі)

Мөлдір, тұнық көк аспан,
Сол аспанға жарасқан
Самолеттей сұңқармен,
Ұшқан құспен таласқан,
Ұшқыш болғым келеді!

Көңілі – дария, ойы – аспан,
Асқар шыңнан бойы асқан,
Ай, күнімен аспанның
Әзілдескен, сырласқан
Ұшқыш болғым келеді!

Күнге күліп, күй тартқан,
Айға әнін тыңдатқан,
Бақыт жырын жырласа,
Таң шолпанын қуантқан
Ұшқыш болғым келеді!

Тыңда туып түлеген,
Тас түлектей көреген,
Көк қойнында тояттап,
Шың басында түнеген
Ұшқыш болғым келеді!

Жат жерлерге қонбаған,
Жатқа көңілі толмаған,
Асыл затты сұңқардай
Өз ұясын қорғаған
Ұшқыш болғым келеді!

Мұздай болат киінген,
Батпан қару үйірген,
Қорғап бақыт ұясын,
Тас түлектей түйілген
Ұшқыш болғым келеді!

Ар, намысын ақтаған,
Жүректе сыр жаттаған,
Туған елін-ұясын
Жан-тәнімен сақтаған
Ұшқыш болғым келеді!

Ұшқыш болмай немене!
Қуат бітті денеме!
Қанатым бар қайыспас,
Жастарға ісім өнеге,
Ұшқыш болғым келеді!


САБЫР ЕТШІ

Неге мұнша, сорлы жүрек, соғасың?
Неге күйіп, неге мұздап тоңасың?
Арпалысып тыныш жата алмай ұяңда,
Неге мұнша мазасыз сен боласың?!

Неге мұнша үрейлене соғасың?
Қиял кернеп, нені ойлап шоласың?
Сорлы жүрек, ойларсың да, толғарсың,
Толарсың да, сарғаясың, соларсың.

Неге мұнша жалындайсың, жанасың?
Жанды қинап, тәнді өртеп барасың?
Өл дейсің бе, кет дейсің бе ғайып боп,
Талақ етіп жер мен көктің арасын!

Сорлы жүрек, баяуладың балбырап,
Сорлы жүрек, талдың ғой сен қалжырап.
Не қыласың өзіңді-өзің жаралап,
Қажымашы, сабыр етші азырақ!

Сабыр етші, жан-тәнімді талдырмай,
(Не шара бар, кетті ғой ол қайрылмай.
Сен жыласаң – ол күледі мәз болып,
Сен өлсең де, жүре берер қайғырмай).

Сабыр етші, мен де тыным алайын,
Сабыр етші, бар тілегің табайын.
Сабыр етші қайғыңды мен жояйын,
Күй шертейін, шырқатып ән салайын!

Сабыр етші, қолға қалам алайын,
Толғанайын, ой құдығын қазайын.
Тау суындай сөз шығарып кеудеден,
Сырыңды мен жырға тізіп жазайын.

Сабыр етші, не десең де тұрайын,
Қырандайын, көкке құлаш ұрайын.
Көкті кешіп, бұлтты тесіп, айға өрлеп,
Күнге барып тілегіңді сұрайын!

Сабыр етші, жерді кезіп кетейін,
Асқар таудан, орман-нудан өтейін.
Жонын тіліп, тонын, тасын қопарып,
Қол тимеген қойынына жетейін.

Сабыр етші, суға түсіп жүзейін,
Судың бетін қалқып, түбін сүзейін.
Су сұлуын, барлық асыл бұйымын,
Мөлдіретіп, алдыңа әкеп тізейін!

Сабыр етші, не десең де көнейін,
Өмір – бақша, біраз жеміс терейін.
Соның бәрін жырға тізіп, дестелеп,
Мәңгі өшпес ескерткіш сап берейін!
29 январь, 1936, Орал


ӨТЕДІ КҮНДЕР

(Тарас Шевченкодан)

Өтеді күндер, өтеді түндер,
Өтеді жазым зымырап.
Соғады дауыл, солады гүлдер,
Сарғаяды жапырақ.

Ой ұйқыда, жүрегім жым-жырт,
Сөнеді көздің жанары.
Бәрі ұйқыда жатыр ғой мүлгіп,
Тірліктің жоқ еш хабары.

Осынау жарық дүниеде
Бармын ба мен, - білмеймін.
Қаңғалақтап жүрмін бе әлде,
Жыламаймын, күлмеймін.

Сыбағам қайда, сыбағам?
Жоқ па сірә ешқандай?!
Жақсылық менен аясаң,
Жамандық бер, а, құдай?!

Берме ұйқы, кезбе жанға,
Жүрегі бос қатпасын.
Ұсап сұрсыз қу томарға
Бұл дүниеде жатпасын.

Берші өмір, бер махаббат,
Жүрекпен сүйсін адамды.
Ол болмаса, етіп талақ
Өртесін мына жалғанды.

Қандай қиын – қаза тапсаң
Тар қапаста, зынданда.
Еркіндікте ұйықтап қалсаң,
Қиынырақ содан да.

Ұйықтап өтсең өміріңде,
Ұйқың ешбір қанбаса.
Тірлігің не, өлгенің не,
Ешбір ізің қалмаса.
1940


* * *

Ішім пысты. Жалықтым,
Жүре алман енді аяңдап.
Кенде қаппын, жаңа ұқтым,
Не болса, соған аялдап.

Көңіл күйі екен деп
Күнделік тұрмыс ызыңын.
Өмір сыйы екен деп
Квартбюроның тізімін

Жүргенімде, тиісті
Сыбағамнан құр қаппын.
Егде тартып, сүйінішті
Жас шағымды ұрлаттым.

Қайта оралмас жиырма бес
Қоштасқанын сезбеппін.
Жас та емес, қарт та емес
Бір уақытқа кез кеппін.

Өткен күннен белгім аз,
Беттегі әжім болмаса.
Шимайлаппын көп қағаз, -
О-дағы бір далбаса.

Өкінгеннен не пайда?
Кеш болса да, қал сілтеп.
Кім өкпелер Абайға
Қырықта қызды жаздың деп!
1940


ДҮНИЕГЕ ЖАР

Ей, тәкаппар дүние!
Маған да бір қарашы.
Танисың ба сен мені?
Мен – қазақтың баласы!

«Тағы жұрт» деп тағы да,
Танымассың, білмессің.
Өйткені мен қазақпын,
«Англичанин» емеспін.

Танисың ғой сен оның
Өзінен бұрын мылтығын.
Дәріптейсің қасиетін
Адамы түгіл, итінің.

Мен де оны бір кезде
Етігінен танығам.
Қадай басып өкшесін
Далама кеп қаңғыған.

«Тағы» дейтін халқымды,
Дозақ дейтін даланы.
Кен қазам деп көр қазып,
Ақтаратын моланы.

Жылап жатса бір қазақ,
Күлуші еді-ау ол әлі!
Соның бәрі сұрқия
Сұм патшаның әлегі.

Екі аяқты аң патша
Көп батырды шеңгелін.
Сар далада сарғайдым,
Қасіретпен шөлдедім.

Мынау қара көзімнен
Сансыз дария жас ақты.
Өз етімді өзіме
Кесіп алып асатты.

Айтып, айтпай не керек,
Не көрмеді бұл қазақ!
Дүние бүгін ұялар,
Айтпа, ойбай, аузың жап.

Сорлы емес ем ежелден,
Қаралы едім, зарлы едім.
Ұялушы ем өзге елден,
Намысты едім, арлы едім,

Есе тиер, енші алар
Ел болсам деп ойлаушы ем.
Қазақпын деп айта алар
Мен болсам деп ойлаушы ем.

Тәкаппар дүние төріне
Емін-еркін шықсам-ау.
Айтқанымды тыңдатып,
Айтқандарын ұқсам-ау

Деп ойлаушы ем, сол болды,
Арманыма жеттім мен.
Үдере жорттым, жол болды,
Тау төңкердім екпінмен.

Енді мені менсінбес
Европаның қай елі?
Қарсы келсем – құшақтар
Қаратпайтын әйелі.

Сорлы негр қара боп
Туғанына жазықты.
Тәкаппарсың дүние,
Көп қорладың аз ұлтты.

Қатарластың бірақ сен,
Аз дегенің көп екен.
Көміп кетер көпшілік,
Көп кешікпес күні ертең.

Бола бермес дүниеде
Күнде жанжал, күнде шу.
Жауып кетер жер бетін
Жалғыз ғана қызыл ту.

Сол қызыл ту астында
Күн келбетті қазақпын.
Отар емен телмірген,
Азаматпын, азатпын.

Енді сірә, дүние,
Танисың ғой мені сен.
«Танысамын соғысып»
Деп ойлама тегі сен.

Төрт құбылам түгел сай,
Қорқытпайды соғысың.
Жетпіс қабат қорғандай,
Батысымда – орысым.

Шымдай болат киінген
Шұғылалы шығысым.
Тас түлектей түйілген
Қырғыз, якут туысым.

Қазақ деген атымды.
Өшіре алмас ешбір жау!
Төбесінен, тиіссе,
Төңкерілер Алатау.

Аумағы мол алыппын,
Кең-ді менің құшағым.
Британия аралын
Қолтығыма қысамын.

«Тағы» емеспін тағы айтам,
Адаммын-ды бұрыннан.
Адаммын деп жылағам,
Адаммын деп қырылғам.

Тәкаппар ұлы дүние!
Қазақ деген – мен деймін.
Мылтығыңды ұсынба,
Қолыңды ұсын, кел деймін!
1940. Алматы.


КҮЛЕМІН ДЕ ЖЫЛАЙМЫН

Күлемін де жылаймын,
Жылаймын да күлемін.
Неге ғана бұлаймын, -
Өзім ғана білемін.

Өкінбеймін өмірге
Босқа келген екем деп.
Өкінемін бір күнде
Түк бітірмей кетем деп.

Мен сүйемін өмірді
Құшақтаймын жарымдай.
Бірде болам көңілді,
Бірде тұрман қайғырмай.

Білмеген жан өлерін
Қайтып сүйер өмірді.
Білмей қайғы келерін,
Қайтіп болар көңілді?

Дәл осыны түсінбес
Адамдар бар, не шара!
Іші қуыс, сырты мес,
Тас бауырлы бишара.

- Жылама сен, күл, - дейді.
Күлсем және сенбейді.
Қаратер боп тергейді,
- Неге күлдің сен? – дейді.

Күле білмес қуыршақ,
Жылай білмес, - ақиқат.
Күлсек, яки қайғырсақ –
Бәрі болар оған жат.

Ол сорлының ойынша –
Даурығумен күн өтсін.
Бар арманы – тойынса,
Құлқын үшін күнелтсін.

Бас көтерсе төсектен,
Өз үйіне сыймайды.
Дүниедегі өсектен
Дым қалдырмай жинайды.

Ішкенге мас, жесе тоқ,
Құр даурығу, бос ыржаң.
Қуаныш жоқ, қайғы жоқ,
Неткен сонша сорлы жан.

Осындай дос көргенде,
Қайтіп қана шыдарсың.
Ойлап-ойлап келгенде,
Күлерсің де жыларсың.
1940


ТҮН ОРТАСЫ АУҒАНДА

Түн ортасы ауғанда
Отырсың, жігіт, нені ойлап?
Кімнің атын жазасың
Қайта-қайта шимайлап.

Махаббаттың бұлбұлы,
Жүр ғой сенен алыстап.
Ол естімес үніңді,
Шақырсың да дауыстап.

Кетті ғой ол қайрылмай,
Жат жүрекке не амал!
Ұйықта, достым, қайғырмай,
Түсте көр де, - ләззат ал.
1938, Алматы


* * *

Есігің алды ағын су,
Ерте тұр да, жас сұлу,
Ағын сумен бетің жу, -
Судан сәулем көрінер.

Қалтаңда ақ орамал
Бір шетінде атым бар,
Көр де мені есіңе ал, -
Көзіңнен жас төгілер.
1939


БІРАҚ ТА...

Бірақ та күн мәңгілікке тұтылмас,
Күн екені тұтылса да ұмытылмас.
Тұтылғанмен бүгінгі күн, дәл ертең
Күлім қағып шығатыны ып-рас.

Біреу болар инженер, біреу доктор,
Профессор, редактор... не кондуктор.
Не машинист, не ұшқыш, не әнші – артист...
Болғым келед мен ақын тілі өткір.

Өнер алды қызыл тіл – жырлай білсең,
Өмір көркін кестелеп, сырлай білсең.
Алмас қылыш жүзіндей өткір тілді
Жанып, қайрап, суғарып, шыңдай білсең.

Жырлай берсем тауыса алман жүрек сырын,
Сыйғызармын бұл хатқа қайсы бірін.
Азды көп қып оқырсыз... оқыр жеңгем,
Қарындасым Ғайни мен Еркін інім.

Өтеді екен білінбей өмір шіркін,
Өзгергендей табиғат біртін-біртін.
Таңғалғандай сүйсіндім көргенімде,
Ғайни менен Еркіннің сүгіретін.

Оларды мен көрмедім, мені – олар,
Көрмесе де білер де, ойына алар.
«Беттерінен екеуін сүйдім» дейін...
Қолға алып сүйетін күн де болар!
1935. Орал


БЕЗ!!!

(Қ...дың әсері)

«Мен білем» деп кеудесін кергеннен без,
Жоқты бар деп, барды жоқ дегеннен без.
Өз еркімен өмірге түсіне алмай,
Не болмаса әркімге ергеннен без.

Ондайлар көп әлі де арамызда,
Тәрбиелеп, амал не, бағамыз да.
Өмірдің екі аяқты адамы боп,
Еріп жүр ғой, әйтеуір, қарамызға.

Сырты бүтін олардың, іші қуыс,
Адамшылық маңыз жоқ жалғыз уыс.
Қайтып қана кетерсің мүлде безіп,
Болғаннан соң не шара бірге туыс.

Талай жанмен болдым дос өмірімде,
Шын достықты таппадым әлі күнге.
Көбінің-ақ ісі жоқ, жігері жоқ,
Сүйенеді тек қана мылжың тілге.

Кейбірінің байқасаң сырт тұлғасын,
«Мынау бір жан керемет» деп ұғасың.
Егер тартып байқасаң ішкі сырын,
Ішің қайнап, ыза боп, аһ ұрасың.

Іші қуыс болар да, сырты күмбез,
Алтындай боп көрінер болса да жез.
Адамшылық ары жоқ, жігері жоқ,
Құр беталды мыжыған досыңнан без.
27 февраль, 1935. Орал


ТОҚТА, ЖОЛДАС!

Тоқта, жолдас!
	Бұзба көше тәртібін.
Өткізе алмай
	Өміріңнің артығын
Жүрсің бе сен!
	Қалай-қалай басасың?

Тоқта. 
Байқа.
	Ойла...
		Қаталасасың.
Ал кеп қалды
	Автобус пен трамвай!
Тоқта, жолдас!
	Тәртіп бұзба!
		Тұр былай!

Саспа босқа,
	Қақтықпа да, аптықпа!
Өз-өзіңе ойлайтының
	Қастық па?
Неге сонша
	Ентелейсің, елеуреп,
Сыбағаңды, қоятындай біреу жеп.
Көше түзу,
	Сен де түзу жүрсеңші,
Трамвайға
	Жанжалсыз-ақ мінсеңші!
Жыртасың ғой
	Жолдасыңның киімін,
Жұлқылама,
	Ауырттың ғой иығын.
Байқасаңшы, 
Бастайсың да жанжалды,
Жинайсың ғой
	Берекесіз «базарды».
Тоқта, жолдас!
	Бұзба көше тәртібін!
Өткізе алмай өміріңнің
	Артығын
Жүрсің бе сен?
	Ойла, болса ақылың!
Сақтасаңшы
	Өміріңді,
		Жарқыным!


АҚША

Шіркін, ақша,
Жолда жатса,
Бұрмас па едің мойныңды!
Төніп барып,
Уыстап салып
Толтырмас па ең қойныңды!
Жүрек ойнап, лупілдеп,
Жетсең үйге бүлкілдеп!

Келсең үйге...
Бассаң биге –
Тасып көңлің шаттанып,
«Таптым ақша!!!» -
Деп жолдасқа –
Қойныңды ашып ақтарып,
Күлім қағып қарасаң,
Жата қалып санасаң!

«Бар, тез бар!» деп,
«Мол ғып ал» деп,
Жіберсең-ау тамаққа:
Ет пен майға,
Сүт пен шайға,
Папиросқа, араққа, -
Шашсаң еркін ақшаны,
Сонда көңлің тасқаны!..

Бірақ... ол жоқ...
Тек көңлің тоқ, -
«Ақша» деген қиялға.
(Сыртта мін жоқ),
Іште дым жоқ,
Сүйенесің құр нанға.
Ет те, май да, шай да жоқ,
Құр қиялдан пайда жоқ.

Ермек етер,
Ой тербетер
Папирос жоқ тартуға,
Елден сұрап,
Махорка орап,
Не насыбай атуға
Бере бермес ел-дағы,
Ұяларсың сен-дағы.

Болды бес күн,
Болдың «мүскін»,
Бұрыңғыдай іс те жоқ,
Басың қатып,
Өзек тартып,
Іс істеуге күш те жоқ,
Жапалақтай қобиып,
Отырғаның мөлиіп.

Бар білгенің –
Күңіренгенің,
Ызыңдап ән айтқаның,
Не сызылтып,
Не құбылтып,
Тек музыка тартқаның,
Мән шыға ма ойыннан,
Тамақ кетпес ойыңнан.

Ойнасаң да,
Ойласаң да,
Шіркін ақша келер ме?!
Бостан-босқа,
«Мә» деп «ақша!»
Біреу әкеп берер ме?!
Онан-дағы жолын тап,
Ақша шығар орнын тап.

Ертең бар да,
Ақша ал да,
Оны жұмсау жөнін біл.
Барда тасып,
Жоқта сасып
Қалмауыңның шегін біл.
Жұмсасаңыз жоспарсыз,
Әлі талай қақсарсыз!

Еттен, майдан,
Сүт пен шайдан
Аямай-ақ ақшаны.
Молайт нанды...
Тыңайт әлді,
Қоя тұрып басқаны.
Болса денең – бойың сау,
Ақылың сау, ойың сау.

Папиросты,
«Тентек досты»
Сиреткенің жөн болар –
Бос жүрісің,
Қыдырысың
Азар болса кем болар...
Сән болмайды көк түтін,
Әл болмайды «бір жұтым»...

Мұным шыным,
Таза сырым
Айтқаныма ұрыспа!
Істе де іс,
Аяма күш,
Тұрмысыңды дұрыста.
Тұрмыс түзер бойыңды,
Бойың түзер ойыңды.
4 декабрь, 1935. Орал


НАР ТӘУЕКЕЛ

Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!

Жығылам деп жүре алмаймын жәй басып.
Жүгіремін киіп-жарып, айқасып.
Мүлги берсін, ілби берсін қорқақтар,
Іш пыстырып, жалт-жалт қарап, жай басып.

Жығылсам да жүгірумен өтемін,
Аяңшылдың ақылын мен не етемін.
Жығылармын, алқынармын, шаршармын,
Барар жерге бұрынырақ жетемін.


ҚАРА АҒАШ

Қашаңғы қайсар қария,
Қам көңіл жалғыз қара ағаш!
Жағасында дария
Қыстай тұрдың жалаңаш.

Жасартып сені келді жаз,
Бұтағыңда бұлбұл құс.
Қолында нәзік хат-қағаз,
Көлеңкеде отыр қыз...

Біздің де өтер қысымыз,
Біздің де келер жазымыз.
Бізге де сайрап бұлбұл құс,
Бізге де келер сұлу қыз.
1944


СУ ЖАҒАСЫНДА

Сарғая күтіп көктемді
Сап-сары боп су ақты...
Шынтаққа алып сескенді,
Жағада жалғыз шал жатты.

Су сарғайды ылайды,
Шал қарғайды құдайды.
Көктем келді, сарысу
Бола қалды мөп-мөлдір.

Жылға бойы у да шу,
Жамырады жас өмір...
Сылқ-сылқ етіп су күлді, -
Шал бір ауыр күрсінді.
1946


* * *

Күйім тасып барады, күйім тасып,
Ойнақтайды он саусақ перне басып.
Дүниеге қараймын отты көзбен,
Терезесін жанымның айқара ашып.
Құйқылжыған бір күйдің бастамасы
Домбырама келіп тұр тайталасып...
Күй деген бір сел екен жөңки аққан,
Қиялымды барады алып қашып.
Қаршығадай жүрегім, алас ұршы,
Күй бір толқын, кеттім мен араласып.


ЖАЗ ДИДАРЛЫ ЖАС АНА

Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегіңді әлдиле.

Қыз жырлайды бақытын,
Төгілтіп шаш арқаға.
Ойлап өткен уақытын
Күрсінеді қарт ана.

Шіркін ана қыз тауып,
Күң өсірген күн құрсын.
Нұр үстіне нұр жауып,
Өз күніміз құлпырсын.

«Теңдік» атты терең күй
Бізден басқа қай елде?
Дүние бүгін басыңды и
Еркін, азат әйелге.

Көктен, жерден, теңізден
Жұлдыз емес, қыз көрдік.
Ерке сәби емізген
Айдай ана біз көрдік.

«Сұлулық пен махаббат
Не?» деп әркім таласар.
Бақыты бар, басы азат
Адамға олар жарасар.

Қазақ қызы қара шаш,
Есіңде ме «Қырық байтал?»
Бүгініңе жай құлаш,
Өткеніңе бол қатал.

Жаз дидарлы жас ана,
Жаныңды тос әр күйге.
Жасара түс, жасара,
Бөбегіңді әлдиле.
1948


ДЕНСАУЛЫҚ ЖЫРЫ

Аяулы, адал ақ ниет
Менде де біраз бар шығар.
Адамға біткен қасиет
Сыздаса балтыр – хал сұрар.

Арыммен жаздым бұл хатты,
Жанымдай жайған жетпекші.
Сізге бір келген сырқатты
Үлесіп алып кетсекші.

Дәрігер емен, ақынмын,
Қолымнан келер жыр ғана.
Осы бір жазған хатымның
Соңында тілек бір ғана:

Қадірлі біздің досымыз,
Біздерден аулақ сырқаулық.
Қайратқа қайрат қосыңыз,
Жасасын біздің денсаулық!
1948


БЕСІК ЖЫРЫ

І

Әлди, әлди! Әлпешім,
Ұйықта деймін, - ұйықтайсың.
«Мә-Мә» берсем қайтесің,
Ұйықта десем, - ұқпайсың.
Жоқсың бүгін көз ілген,
Көп ісімнен бөгедің.
Жаудыраған көзіңнен!..
Ұйықтай қойшы, бөбегім.
Әлди-әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.

ІІ

Ұйықта десем, күлесің,
Айналайын күлкіңнен!
Ержеткен соң білесің,
«Тұр-тұрлармын» бір күн мен.
«Кешіктің, - деп, - сабақтан»,
Тынышыңды алсам «тұр-тұрлап».
«Жоқ қой әлі таң атқан»
Деп жүрмеші бұртыңдап.
Әлди-әлди, әлди-ді,
Әлди біздің қалғиды.

ІІІ

Ұйықта бөпем, үйықтай ғой,
Үйықтайтын бұл шағыңда.
Қызық өмір – думан той,
Тұр ғой күтіп алдыңда.
Ұйықтап өткен не табар
Бұл өмірге бекер кеп?
Ұйықта, бөпем, ұйықтап ал,
Ержеткен соң бол сергек!
Әлди, бөпем, бөпемсің,
Кім боп шығар екенсің?

ІV

Күлімдейсің – күнімсің,
Батардағы күн шығар.
Уілдейсің, күйімсің,
Күй де бір кез тыншығар.
Сен де тынық бір мезгіл,
Толқып қана жат бөпем.
Аспанымда жүзе біл,
Айым менің – ақ бөпем!
Әлди-әлди, әлдиім,
Назды, нәзік ән-күйім!


ЖЕТПІС ПЕН ЖЕТІ

І

Жеті жасар баласын
Жетпісте шал жетектеп,
Келе жатыр көшеде,
«Қайда әлгі мектеп» деп
Жетпіс келед сүрініп,
Жеті келед жүгіріп.

ІІ

- Балам, балам, жақсы бол,
Міне, сенің мектебің;
Сабағыңа зейін сал,
Ақылды бол, тентегім, -
Деп бір жетпіс күрсінді,
Жеті нені түсінді?

ІІІ
Келіп жетті мектепке,
Жамырады жас өмір;
Келер заман шуындай
Сонда естілді бір дүбір.
Жеті кетті жүгіріп,
Жетпіс қалды үңіліп.


ЖАННА

Артқа тастап алтыны,
Жанна жетті жетіге.
Жазды бастап «А», «Б»-ны,
Бірді қосып екіге.

Нажағайдай жалт беріп,
Жарқылдайды жанары.
Санасына тап келіп
Әрбір ойдың хабары.

Саусғымен сырғытып,
Қайырады кекілін.
Жанна біздің жүр күтіп
Келер күнін жетінің.

Талпынады асығып
Жетіге тез жетпекке.
«Жақсы сумка асынып,
Барамын, - деп, - мектепке».

«Қай мектепке барады,
Кім болғысы келеді?» -
Сәл түйіліп қабағы,
Соны ойлай береді.

- Артист болам, ән салам,
Апа, папа, кел! – дейді.
- Өзім шығып қарсы алам,
Билетсіз-ақ ен! – дейді.

- Дәрігер болам, дәрімді
Көп-көп етіп қойдырам.
Апа, мама, бәріңді
Аспиринге тойдырам.

- Аралаймын көп қала,
Ұшқыш болам мен! – дейді.
Бәрі болам, тек қана
Ақын болғым келмейді...

- Кім болсаң да ержетші,
Шықшы өмір төріне.
Қызығыңды көрсетші,
Ата-анаңа, еліңе!
1948

ӘПКЕСІ МЕН БӨПЕСІ

Әпкесі биыл жетіде,
Бөпесі шықты екіге.
Екеуі тату соншама,
Қай уақытта болса да.

Бөпеге беріп қуыршағын,
Қолға алып сумка шап-шағын.
Әпкесі оқып жұр биыл,
Көкірегіне нұр құйып!

«Бес алдым бүгін, апа, деп,
Таппады ешбір қата» деп.
Киімін іліп, төрлетіп,
Дәптерін ашып көрсетіп.
Әпкесі қайтса оқудан,
Үйінің іші бір думан.

Көздері күндей, ақ қабақ,
Бөпесін сүйіп аймалап.
Бөленген өмір бақытқа,
Жарасқан жастық уақытқа!

Өзіне алса бір дәптер,
Бөпесіне суреттер
Әпкесі әкеп береді,
Екеулесіп көреді.

«Міне, түлкі. Бұл – мысық,
Сен де өзіңше оқып шық,
Мынау, қасқыр, бұл қоян,
Біліп алсаң, «бес» қоям»

Дейді әпкесі күлімдеп,
Бөпесі де уілдеп.
Бір көрсетіп, бір тыңдап,
Бұл да өзінше былдырлап
Оқығандай болады,
Жаныма нұр толады.
1948


ЖАС ДӘУРЕН

Жас дәурен – гүл жазира, қайран жазым,
Тыңдаған ерке сұлу айтқан назын.
Әсерлі ән, көк нөсер күй, сал домбыра,
Жігіттің тебірентесің өнерпазын.

	Жас дәурен,
	Ризамын мен саған.
	Жан сәулем,
	Келші сәулем, аңсаған.

Жас дәурен – жігер оты жанған жалын,
Көрмесем қызығыңды армандамын.
Өмірге екі келер уақытым жоқ,
Сондықтан үлесімді мол қармадым.

Жас дәурен, қызығыңа тоя алмаспын,
Ән мен күй, өлең сені қоя алмаспын.
Тірлікте тербелейін, тебіренейін,
Бір күні кетсем ұйықтап, оянбаспын.

Жас дәурен,
Нажағайлы алтын жаз.
Жан сәулем,
Қосыл күйге, айтшы наз.


ҚУАНЫШҚА, БАҚЫТҚА

Қуанышқа, бақытқа
Құшағыңды еркін жай.
Біздің ұлы уақытта
Қуана біл баладай.

Еңсе көтер, еңбек ет,
Жеттік сонда табысқа.
Құлашыңды кең сермеп,
Серпіле түс жарыста!

Жастық отың сөнбесін,
Жігеріңмен жарқылда!
Қарттық саған келмесін,
Тарылма да сарқылма!
1949


ӨЛЕҢ ТУРАЛЫ

Отырам кейде құрысып,
Бойымда бір жүк жатқандай.
Өтеді уақытым жылысып,
Өз міндетін атқармай...

Кетемін кенет сілкініп,
Іздегенім тапқандай.
Манадан бері іркіліп,
Селім бір енді аққандай.

Келеді өлең еселеп,
Үлгіре жазып жатамын.
Бір әндетіп, бір сөйлеп,
Мол рақатқа батамын.

Құрысқан бойым жазылып,
Лапылдап отым жанады.
Отырғандаймын мәз қылып,
Ойнатып сәби баланы.

Өлеңім менің бөбегім
Өзіме тартқан секілді.
Үстіне түсе төнемін,
Үйретіп оған не тілді.

Дүние қандай тамаша!
Реніш-қайғы маған жат.
Құлпырам мәз боп балаша,
Айналам толған махаббат.
1949


ОҢАША ОЙ

Біреуге достық жасасам,
Қастық боп қайтад өзіме.
Жүрегімді ұқпай етед шам,
Еркіндеу айтқан сөзіме.
	Дүние досты көп көрдім,
Бәріне сендім бөбекше.
Жанымнан алып от бердім,
Болса да бір өлексе.
Тіледім оған жақсылық,
Өзімде жетпей жатса да.
Құшақтай бердім қапсырып,
Итеріп көзбен атса да.
	Ұғынар, дедім, достықты,
Болған соң адам баласы.
Осы бір ойым бос шықты.
Жанымда қалды жарасы.
	Жеңісім менің жарқ етсе,
Келеді дос боп ант беріп.
Бір жерімнен қалт кетсе
Кетеді шіркін жалт беріп.
	Базарым менің ашылса,
Келеді екен саудагер.
Өз пайдасы табылса,
Мұртынан күліп жөнелер.
	Дариға, қайда шын досым,
Бар ма, сірә, өмірде.
Өлеңнен басқа кім болсын,
Қалдырмас кіршік көңілде.
8. 1949


БАЛБӨБЕК

Ай, балбөбек, балбөбек, балдайсың,
Атқан жазғы арайлы таңдайсың.
Күлгеніңде көктемгі күндейсің,
Күн нұрымен құлпырып гүлдейсің.

Бақыттысың, балбөбегім,
Тұр алдыңда бар керегің.
Тез ер жетші, балбөбек.
Оқып білім ал, бөбек!

Ай, балбөбек, балбөбек, балдырған,
Келер күндер шығады алдыңнан.
Елге тұлға ұлан бол, балақан,
Биік ұшар қыран бол, балапан!

Бақыттысың, балбөбегім,
Тұр алдында бар керегің.
Тез ер жетші, балбөбек,
Оқып білім ал, бөбек!
27 август, 1949


БАЛАЛЫҚ ШАҚ ТУРАЛЫ

Түседі еске жалаң аяқ күндерім,
Ақсүйекті ала қашқан түндерім.
Сол қашқаннан мол қашыпты балалық,
Қайда екенін көптен бері-ақ білмедім.

Қуар едім осы күні етікшең,
Бірақ маған жалаң аяқ жеткізсең.
Мен мұндамын, сен қайдасың білмеймін,
Жеңіл аяқты жетім болып кеттің сен.

Өткен екен талай жылдар, талай күн,
Өмір жолын, өлең жолын санаймын.
Сонау қарттың жөтелгенін есітіп,
Есік жаққа қайта-қайта қараймын.
1945-1950


* * *

Сыйса егер өмір сыры бір жаныңа,
Ой таста ол жағың мен бұл жағыңа.
Аумағын алақанда еркін ойнат,
Көнбессің сонда тағдыр қылжаңына.

Жерде тудың қадірін сен біле біл,
Аспанға ұшсаң, сонда да жерге үңіл.
Туған жерде тік бассаң аяғыңды,
Сен мықтысың, еркіндеп ойна да күл.

Қанат болмас жігіттер өктем желік,
Кішіпейілдік дегенді жек көрмелік.
Желігем деп, орынсыз секірем деп
Жатқандар бар аяғы көктен келіп.

Қанша қуат алса да қасқыр қаннан,
Мерт болатын бір ғана басқа ұрғаннан.
Игілік пен жақсылық болсын бойда,
Қалар түсіп сыртыңнан жапсырғанмен.

Дән піспейше қауызы жарылар ма,
Желге ұшар қауызда мағына бар ма.
Сырттан өспей, шырағым, іштен өссең,
«Жеңіл қауыз» деген ат тағылар ма!

Келіп қалған көңілге бұл бір сөзім,
Келген сөзді бөгерлік жоқ мінезім.
Ғибрат айтар сәуегей болмасақ та,
Құрбы-құрдас оқы да, ойла өзің.

Жақсылық пен жамандық шекаралас,
Ойсыз пенде екеуін айыра алмас.
Жаздым мұны жанымен түсінер деп,
Жері жерлес, бауырым, қаны қандас.

Тек мен емен бұл сырды талай айтқан,
Күні кеше өз атаң Абай да айтқан.
Тағы қайта айтамын, тағы-тағы,
Болғаннан соң не кеще құдай атқан.
1950. Қарауыл


* * *

Тыңдаңыздар,
	Артқы іні, алғы аға,
Жеңгейлерден, жырым, бүгін ал баға.
Арналады жүрегімнің бұл күйі,
Мұқанова Сәбитовна Жаннаға.

Кіп-кішкене балапаны Сәкеңнің,
Шақырыпсың тойына сен әкеңнің,
Түсінемін бақытыңды, қарағым,
Қолда барым – осы өлеңді әкелдім.

Сәкең, Мәкең арасында өскен гүл,
Саған лебін тигізсін де дос көңіл.
Жайқалып өс, жақсы әкенің ұрпағы,
Сақтап, жаттап, жыр қуатын өс те біл.

Бұл ағаңның аз сыйлығын мол сана,
Мол сыйлықтар үйлеріңе толса да.
Келші достар, алшы тосты ішелік,
Жанна алдында ұяттырақ болса да.
28 май, 1950


* * *

Жасып қайғы ойлама,
Тасып тойды тойлама,
Осы екен өмір жолы.
Жасың қырықтан асты,
Жастық қайрылмас-ты,
Шырағым, ойла соны.

Денің де сау емес қой,
Болма енді әуесқой.
Арзан той, ыржалаңға
Желікпе, сөзге ерме,
Ойланбай сене көрме
Өзіңнен басқа жанға.

Өлең жаз, ішің пысса,
Ән шырқа, кеудең қысса.
Өзіңді-өзің тербе.
Көрдің ғой басқаларды,
Жаныңдай жас балаңды
Еркелет, мұңға берме.

Шырағым, бекі енді,
Қатаяр реті келді.
Қаншама бос болсаң да,
Өзіңді-өзің ойла,
Жел сөзге құлақ қойма,
Әркіммен дос болсаң да.
15 декабрь, 1951


 
 

Published: 20 February 2009. Free to distribute, link to original URL is mandatory.


Используются технологии uCoz