Басты бет Жастық жырлары Сүйіспеншілік жырлары Поэмалар

Сүйіспеншілік жырлары


ДАРИҒА, СОЛ ҚЫЗ

(Әні бар)

І

Өңімде ме еді,
	түсімде ме еді,
Көріп ем ғой бір
	армандай қызды...
Бір нәзік сәуле
	күлімдеп еді,
Сұрапыл соғыс
	соқты да бұзды.
Сапырды дауыл,
	тебіренді теңіз,
Тулады толқын,
	шайқалды шың-құз...
Қып-қызыл өрттің
	ішінде жүрміз,
Қайда екен, қайда,
дариға, сол қыз?!


ІІ

Оқ тиді келіп,
	қайратым кеміп,
Барамын сөніп,
	Келмейді өлгім!
Тұрғандай сол қыз
	жаныма келіп,
Талпына берді
	қайран жас көңілім!
Барамын сөніп,
Барамын сөніп.
Жұтар ма мені
мына сұм соғыс?
Арманым бар ма,
	өлсем бір көріп,
Қайда екен, қайда,
	дариға, сол қыз?!

ІІІ

«Келмейді өлгім,
	Келмейді өлгім.
Қайратым қайда,
	келші осындайда»
Дедім де тұрдым,
	жүгіре бердім,
Қолымда найза,
	шағылып айға.
Жеңдік қой жауды,
	арман не, құрбым,
Күркіреп күндей,
	өтті ғой соғыс.
Таба алмай жүрмін,
	Айқайлап ән сап,
Қайда екен, қайда,
	Дариға, сол қыз?!


КҮНДЕЙ ШАЛҚЫП КҮЛГЕНІҢ

Күндей шалқып күлгенің –
Шаттығыңның нұры ғой.
Шат боп өмір сүргенің
Заманыңның сыры ғой.

Сенің нұрлы жүзіңнен
Көрем бақытты өмірді.
Сенің әрбір сөзіңнен
Күй естілер көңілді.

Сол себепті мен саған
Ғашықтайын құмартам.
Жүрегімнен, жанымнан
Жыр жазамын, сыр айтам.

Күндей шалқып күле бер,
Ақ маңдайлы алма жүз.
Саған сірә тең келер
Жер жаһанда бар ма қыз!


ҚАРЫНДАСЫМ МАРПУҒА

Аялаған айдын көлде
Ұқсап бейне аққуға.
Астанаға келдің сен де,
Қарындасым Марпуға.

Есіңде ме сона бір жыл,
Оқушы едің рабфакта.
Сен қызыл гүл, мен жас бұлбұл,
Кездесіп ек бір бақта.

Сол бір баққа көрік беріп,
Сен құлпырып жайнаушы ең.
Құлпырғаның қызық көріп,
Мен құбылтып сайраушы ем.

Сенің гүлдей дидарыңнан
Бақыт нұрын көруші ем.
Махаббатты жас жанымнан
Жырлар жазып беруші ем.


* * *

І

Қарай-қарай, көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көңілімнің сыры бітпес.
Жалын жүрек, жасын тіл, жас ақынның
Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.

Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,
Сыр сандығын өзіңе ашып едім.
Жанға қимас сандықтың бар асылын
Аямай-ақ өзіңе шашып едім.

Сені өзімнің көзімдей көріп едім,
Сандық кілтін қолыңа беріп едім.
Дүние құнын тең көрмес сандығымды –
Жүрегінде сақтар деп сеніп едім.

«Мә сандығым! Бірақ сен сақта» дедім,
«Сандық – жүрек! Ұстатпа жатқа» дедім.
«Қызбалықты өмірдің базарында –
Қызып кетіп сандықты сатпа» дедім.

«Сандығыңды мен қабыл алдым» дедің,
«Сандығыңның сырына қандым» дедің.
«Екі сандық бұйымын бір-біріне
Қосып, сылап, құрметтеп салдым» дедің.

«Сандық – жүрек! Сен маған бердің» дедің,
«Еш күмәнсіз өзіңе сендім» дедің.
«Қол ұстасып бірге өтсем, арманым жоқ,
Жаным – сендік! Қайтсең де көндім» дедің.

Сандық жүрек! Сақтауға бердің сөзің,
Қос сандықпен күшейді жастық сезім.
Дәл сонда сен: «Уағда, мен – сенікі!»
Демеп пе едің, жаудырап қара көзің?

Мен де сонда сертімді беріп ем-ау,
Қылығыңмен бойымды жеңіп ең-ау.
Бүкіл дүние сұлуын берсе-дағы,
Бәрінен де сені артық көріп ем-ау!

Мен құшпаған тал белің, бойың бар ма?
Мен сүймеген бал тілің, мойның бар ма?
Таң атқанша тар төсекте еркіндеп,
Мен кірмеген, жаным-ау, қойның бар ма?

Біз екеуміз – бірміз деп ойламап па ек?
Күні бұрын қызықтап тойламап па ек?
Келешегін өмірдің бірге болжап,
Тереңіне тұрмыстың бойламап па ек?

ІІ

Сол тілекті бірақ сен ақтамадың,
Есігінен өмірдің аттамадың.
Сандығымды сындырып, бар бұйымын –
Естен кетпес аяққа таптағаның?

Ішін көрмей, сандықтың сыртын көрдің,
Біраз ғана шаң басқан сиқын көрдің.
Мен, сен түгіл, қоғамға мүлік болар,
Ішіндегі асылын, - қиқым көрдің.

Өзін көрмей, тұлпардың түгін көрдің,
Тозаң жұққан сұңқардың жүнін көрдің.
Шапақ атқан бақшаның гүлін көрмей,
Гүлге шашқан тентектің күлін көрдің.

Бір тұтылған өмірдің күнін көрдің,
«Сонді ғой деп енді күн» - түнін көрдің.
Өмірінің жігіттің нұрын көрмей,
Етегіне бір жұққан кірін көрдің.

ІІІ

Асыл зат таптасаң да жерде қалмас,
Жасықты берсең-дағы ешкім алмас.
Алтайдай асқар биік тау сұңқары
Қонам деп шөпсіз, сусыз шөлге бармас.

Жас тұлпар тұра алар ма өрге шаппай,
Жас қыран отырар ма, қанат қақпай.
Жас жігіт – жалын жігер жай жата ма,
Маздатып өмірінің отын жақпай!

Алтын таң түннен қорқып, тұра ма атпай,
Күміс күн ұялар ма күлім қақпай!
Жас жігіт таң атқанда талаптанған,
Қояр ма өмір таппай, бақыт таппай!

Өскен гүл тұра ма екен шешек атпай,
Қоймақшы сандуғашты кім сайратпай.
Гүл жүзді, бұлбұл үнді, сырлы сөзді –
Жас ақын қояр ма жыр сорғалатпай.

IV

Сынса да, сыр сандықтың бітпес сыры,
Сынығын жамап алдым, жоқ еш міні.
Бұйымы сандығымның басымда мол,
Таусылмас шашсам-дағы күні-түні.

Сандықтың кілтін ашсам, сыр тамады,
Жан сүйер, тәнің балқыр – нұр тамады.
Тамылжып, бойды серпіп, ойды желпіп,
Сорғалап күй тамады, жыр тамады.

Сандығым – тән азығы, жан азығы,
Сандығым – қуат, жігер, қан азығы.
Сүйдірген өз заманын, өз қоғамын
Сандығым – сана-сезім, ар азығы.

Сандығым – жас жүрегім, тілім кілті,
Сұлулап сырдан құйған іші-сырты.
Сақталған көкірегімде сыр сандығым,
«Сенікі», «менікі» емес, көптің мүлкі!

Тән тозып, қан суалмақ, - расында!
Тән қалар қара жердің жырасында.
Сонда да сыр сандығым жерде қалмас,
Сақталар ұлы тарих мұрасында.

Сенемін! Сақталар деп сыр сандығым,
Білінер! Бұл өмірде болғандығым!
Сандықты сақталғандай ете алмасам,
Не керек босқа туған адамдығым!
29 май, 1936. Орал


* * *

Көптен бері өзімнен кетті ерік,
Құпия сыр бойымды жүр меңгеріп.
Бір арудың тартады магниті,
Мен бір бейне металмын жүрген еріп.
Күндіз көлбеп өтеді көлеңкедей,
Түн ләззат ала алман түсте көріп.
Ұят деген бір қырсық болды бөгет,
Жүрегіме жүрегім болмай серік.
Енді қайтем, япырмай, болдым дел-сал,
Махаббаттан кетермін қайтіп жеріп?
Ол перизат баспас па құмарымды,
Ақ құшағын ұсынып қолын беріп.
Тәтті ұйқыда жатқанда, жайлап қана
Таңғы алтын шолпандай төніп келіп?!
Февраль, 1938. Алматы


С...ҒА

Тұлпарын мініп алып жастық шақтың,
Өмірдің өріне өрлей жүйтки шаптым.
Сайрандап сәулетті өмір саясында,
Көңілім не тілесе – бәрін таптым.
Қайырлы сапарымда көпті көріп,
Арудың алуан сортын ұшыраттым,.
Мен көрдім сұлуларды сандуғаштай,
Сайраған саясында «Иран бақтың».
Мен көрдім таң алдында, тәтті ұйқыда
Құпия сыр-сипатын перизаттың.
Сен соның бәрін-дағы ұмыттырып,
Шығыстың шолпанындай көзді тарттың.
Жүректі әлдеқайда жетектейсің,
Бейне бір сен – магнит, мен – болатпын.
Тәуекел! Дариясына кеттім сүңгіп
Шалқардай шалқып жатқан махаббаттың.
Қиыннан қаймықпайтын әдетім бар,
Еркіне қоя бердім ер талаптың.
Болғанда сен аспанның аққу құсы,
Сұңқардай соңнан қуа қанат қақтым.
Амал не, аққу шіркін қонса барып
Көңілсіз көңіліне бір басқа жақтың!
1938. Алматы


ФАТИМАҒА ЖАЗҒАН ХАТТАН

Шұбар тауға шарықтап
Жетші жылдам, өлеңім.
Аққудайын аруға
Айтшы ақынның сәлемін.

Сәлем жеткіз сұлуға
Алатаудың баурынан.
Жас ақынның лепірген
Жүрегінен, жанынан.

Сен оған айт: «Жас ақын
Болған саған құмар» де.
«Сырын айтпай жас жүрек,
Қайтып қана шыдар» де.

«Соққан сайын жүрегі
Саған қарай талпынар.
Басқан сайын адымы
Саған арнап басылар»

Айт осыны аруға,
Аймалашы жүрегін.
Ғашық болған жас жанның
Бермес пе екен тілегін!

Мұздай болса жүрегі,
Жылытып көр от болып.
Сырласып көр жанымен
Түн ұйқысын төрт бөліп.

Ұялап ал жанына,
Ала берші тынышын.
Оралып ақ мойнына,
Тілінен сүй мен үшін.

Тысқа шықса, бірге шық,
Үйге кірсе, бірге кір.
Жүрегінің сырын ұқ,
Махаббатын маған бұр.
1938. Алматы


САЙРА, САЙРА, САНДУҒАШЫМ

(Әнші қызға)

Сайра, сайра, сандуғашым,
Жыр төгілтіп тіліңнен.
Таң құстары күй тыңдасын
Сенің шаттық үніңнен.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Бақыт таңы атқанда,
Сен отырған миуа ағашың
Нұр маржанын таққанда.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Бақыт құсы сырласың.
Көлде аққу, көкте лашын
Шаттық жырын тыңдасын.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Жаңғырықсын асқар тау.
Қалың орман исін басын,
Берсін букет бақша-бау.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Шолпы тақсын күміс су.
Сылап, сипап қолаң шашың,
Жібек жапсын қалың ну.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Масайрасын алтын күн.
Ай мен жұлдыз балбырасын,
Маужырасын салқын түн.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Серуенді елің тыңдасын.
Шет жұрттағы бауырласың
Орамалын бұлғасын.

Сайра, сайра, сандуғашым,
Ләззәтті үнің тыңдайын!
Сандуғашым – жас сырласым,
Сен сайра, мен жырлайын.

Сен сайрасаң тамылжытып,
Сорғалатып, үзілтіп.
Мен жырлайын құйқылжытып,
Сөз маржанын тізілтіп.

Жан сусыны – тәтті лебіз,
Жан азығы – сұлу жыр.
Тояттасын халқым тегіс,
Ақтарылсын ішкі сыр.
1936


АЛМА БАҒЫНДА

Қылыш, қанжар тағынған
Жетті жігіт ат мініп.
Шықты алма бағынан
Жас келіншек шат күліп.

Жігіт айтад жарына:
«Мен бақытты күзеттім.
Мына алма бағыңа
Сен неше түр гүр ектің?»

Деді сонда келіншек:
«Күттім алма бақтарын.
Жар сүйсініп көрсін деп,
Жүрегімдей сақтадым».

Күн күлімдеп нұр сеуіп,
Жайнай түсті алма бақ.
Екі жүрек бір соғып,
Кетті аралап ән шырқап.


ОРАМАЛ

(Романс)

Айнымасқа серттескем,
Айғағым бұл орамал.
Орамалға, тілесең,
Жүрегімді орап ал.
Кіршіксіз ақ орамал,
Көз жасыммен жуғанмын.
Жаным сендік, қабыл ал,
Бір сен үшін туғанмын.
Жаудан елін қорғауға,
Жарым, кетіп барасың.
Бәлкім, жарар орауға
Білегіңнің жарасын.
Бәлкім, осы орамал
Қызыл қанға боялар.
Жанға тисе, жат хабар,
Жарың шошып оянар.
Отан үшін, сен үшін
Тілеп, ұшып барармын.
Аралармын тау ішін,
Сені іздеп табармын.
Қаның жұққан орамал,
Сонда бізге ту болар.
Орамалда бір сыр бар,
Кейінгіге жыр болар.
1 июль, 1940


СҮЙЕМІН МЕН ИСПАНКАНЫ

Ғафу, қыздар, қызғанбаңыз,
Сүйемін мен испанканы,
Махаббаты болған аңыз,
Бар ғой оның ұлы жаны.

Көріп пе едің Пиренейдің
Жазғы нұрлы атқан таңын,
Жылылығы сондай деймін,
Қара көзді испанканың.

Естіп пе едің бұлбұл үнін,
Балбыратқан гүл бақшаны.
Елжіретер ел жүрегін
Испанканың салған әні.

Қолда гитар, белде қанжар,
Міне осындай қызды көрдім.
Жүрегі оның бірге соғар
Жүрегімен бүкіл елдің.

Гүл бақшада, нулы орманда
Келе жатыр гитар ойнап.
Көз жіберер ол Отанға,
Туған елдің қамын ойлап.

Майдан десе, гитарын ол
Бір ағашқа іле салып,
Зор майданға сапар шегер
Білек түріп, мылтық алып.

Өжет сұлу қан майданға
Қаймықпастан кетер кіріп.
Фашист сынды қас-дұшпанға
Қатулана салар бүлік.

Мұндай сұлу жігіттердің
Ынжығына қайтып тиер.
Намысы үшін туған елдің
Майданда өскен ерді сүйер.

Махаббаты қандай ыстық,
Қандай тәтті испанканың.
Жүректе серт айнымастық,
Жардай сүйер ол Отанын.

Ол махаббат идеалы
Құмар қылған Байрондарды.
Сүйемін мен испанканы,
Сүйемін мен сондай жарды!


СОНЕТ

(Құрдас туралы)

Түн ортасы ауғанда көше жым-жырт,
Жұпар жаңбыр себелеп ойнайды бұлт;
Таң асырған тұлпардай тұр тыпыршып,
Қақпа алдында қалшиып жалғыз жігіт.

Жүрек лүп-лүп соғады, ұйқы сергек,
Көкірегін кей кезде ыза кернеп;
«Әлде басқа жігітпен кетті ме екен?
Неге алдады, япырм-ай, түнде кел деп».

«Үйде деуге естілмейд ешбір тықыр,
Түзде болса, мұнша кеш ол неғып жүр?»
Деген оймен бір жылып, бірде суып,
Таң күзеткен тағатсыз жас жігіт тұр.

Сүйген сәуле алаңсыз жатыр ұйықтап,
Қақпа алдында болған соң күзетші сақ.


ЖЫЛҚЫШЫ ЖЫРЫ

(Романс)

Жылқым жатыр жайылып көкорайда,
Аш қасқырлар ұлиды әлдеқайда.
Жерде тұрып ым қағам қалғыма деп,
Аспандағы серігім алтын айға.
Қоңырау үнді құлыншақ, құрау-құрау!
Еркін ойна, асыр сап, жібермен жау.

Алтын жалды астымда арғымағым,
Сауырыңнан ай сүйсін, жас пырағым.
Маған орден тағылса, саған тұмар,
Сым жібектей тарармын құйрық-жалын.
Ай тұяқты сал күрең, саларым сайран.
Жүйткітермін сенімен болса майдан.

Бұлбұл қақты қанатын, таң да таяу,
Мезгіл жетті салатын әнге баяу.
Жас жүрегім тербетсін, әнім жетсін,
Жатқан шығар жан сәулем ұйқылы-ояу.
Тай-құлыншақ арда емген, жуса-жуса,
Өргізермін өлеңмен шолпан туса.

Шопылдатып ойнаса суда шортан,
Нұр шапаққа шомылар таңда шолпан.
Сол сықылды махаббат шұғыласына
Шомылармыз біз-дағы, сүйген қалқам.
Сал күреңмен салдыртып келген шақта,
Ақ білегін талдыртып бір құшақта.


ТҮНГІ СЫР

(Романс)

Ай жарық сүттей әуе тұрған ұйып,
Майда жел сыбырлайды беттен сүйіп.
Тілек қып сол сағатта тұрмын мен де,
Бір жылып, бірде суып, бірде күйіп.

Тілегім бүгін түнде сүйгенімді –
Сүймекпін, куә қылып меңіреу түнді.
Ерітіп жас жүректі құшағында,
Ойыма түсірмекпін өткен күнді.

Мінеки, сол мезгілде біздің тілек,
Болған соң тілек солай қайтсін жүрек.
Ол-дағы асау аттай тыпыршиды –
Алысып, жанды қинап бермей тірек.

Осылай тұруменен уақыт өтті,
Келмеді сүйген жарым, үміт бітті.
«Қайтам ба, енді қайтем» дей бергенде,
Көлбеңдеп қарсы алдымнан біреу шықты.

Тағат қып тұра алмадым, жүрдім солай,
(Сол жерде қозғалуым болды оп-оңай).
Ол-дағы маған қарай бұрды бетін,
Екі ара жақындасты тіпті сондай.

Қалғанда арамызда бес-алты адым,
Мен-дағы сүйгенімді шын таныдым.
«Келші» деп құшақ жая бергенімде,
Мақпалдай ақ саусағын берді жаным.

Айқасып кетті оп-оңай екі білек,
Дүрсілдеп көңілденді шіркін жүрек.
Жабысып, құшақтасып бір адамдай
Болдық та, жоғары қарай жүре бердік.

Сол жерде жас жүрегім атша тулап,
(Әлдене бар денемді кетті улап).
Тым-тырыс, сөз айтуға тіл күрмеліп,
Келемін шыққан бетке бастап тура-ақ.

Ұзамай кез болыстық бір терекке,
(Ол-дағы демеу болды жас жүрекке).
«Сәулешім, осы араға тұрайық» деп,
Бұрылып тура жолдан шықтық шетке.

Бұраңдап тал шыбықтай тұрды жаным,
Бір минут аялдауға жоқ амалым.
Сол жерде ауызға-ауыз тиіп қалды,
Сәулешім тәтті аузынан берді балын.

Сәулешім құшағымда тұрды еркелеп,
Дәл тар төсек сықылды болды терек.
Жайқалған жапырағы шымылдықтай,
Сыбырлап бізді тұрды көлеңкелеп.

Табиғат тамылжыды майдай болып,
Бұлт тарап, әуе ашылды шайдай болып.
Жұлдыздар жымыңдады бізге қарап,
Ай-дағы күлімдеді жеткен толып.

Сүйгеніммен екеуміз сыр айтыстық,
Сыр сандықтан шыққан сөз болмай ма ыстық.
Тағы біраз сүйісіп алдық-тағы,
Тәтті өмірдің жайынан жыр айтыстық.

Осылай тұра бердік құшақтасып,
Табиғат еркелетті қойнын ашып.
Сол кезде күн шығыстан таң белгісі
Сарғайды жер жүзіне нұрын шашып.
Сонда да елең қылмай емін-еркін
Сүйісіп тұрдық тағы екі ғашық.

Таң нұрымен құлпырып жер ойнады,
Жер бетінде ызыңдап жел ойнады.
Қораздардың қып-қысқа әніменен
Кемпір-шалдар бас болды, ел оянды.

Тоқтамай ма дүние сабыр етіп,
Тоқтатуға бізде де жоқ қой тетік.
Табиғаттың еркесі алтын күннің
Ыстық нұры лезде келді жетіп.

Сүйіп, жанап, жағалап өте беріп:
«Қайт» дегендей ым қақты, жымың етіп.
Бізде ерік жоқ, биледі жастық жалын,
Минут сайын барады елжіретіп.


ЖАН СӘУЛЕМ

(Романс)

Жан сәулем, сағындым ғой көптен көрмей,
Сен неге мен кеткенде қалдың ермей.
Баурында Баянаулы, Көкшетаудың
Жүрдім ғой елегізіп ескен желдей.

Жан сәулем, қарақат көз құралайым,
Шолпаным шығыстағы, күнім, айым.
Толықсып құшағыма келші, жаным,
Құшайын сүйейін де, жыр жырлайын.


* * *

Ғашық едім, қайтейін,
Кеттің  аулақ алыстап.
Айтып айтпай не дейін,
Жоқ қой енді табыспақ.

Жүрекке арман орнады,
Қосыла алмай, көп жылап.
Тілегенім болмады,
Сол батады-ау жалғыз-ақ.

Қайда жүрсең аман бол,
Өміріңді тілеймін.
Сенен басқа, сертім сол,
Ешбір жанды сүймеймін.

Ашу, ыза аралас
Ренжіткен болсам сені егер.
Өкпелеме, жарамас,
Бар кінәмді кеше гөр.

Ғашық едім, қайтейін
Оны білер жан қайда?
Арманда боп өтейін,
Армансыз боп не пайда.

Жалғыз ғана тілегім
Көкірегімнен кетсін мұз.
Жылып қалсын жүрегім,
Ақтық рет бір сүйгіз.
10 апрель. 1940


* * *

Қайдасың махаббаттың періштесі?
Жаныма жақынырақ ұшып келші.
Қолға алып жүрегімді жалбарынам,
Жұбатшы жан қайғысын, есіркеші.

Періштем – сүйген сәулем, қалқажаным,
Тәтті үміт, сүйінішім, ұлы арманым.
Тыңдашы, құлағыңа жетер ме екен,
Сағынып сені, сәулем, салған әнім.

Ауыпты түн ортасы. Қашты ұйқым.
Уһілеп, ән саламын, дүркін-дүркін.
Жел жаттап осы әнімді, жеделдетіп
Жаныңа жеткізер ме ед, әттең шіркін.

Ғашықтың жан әуезін тыңдағандай,
Телміріп тереземнен қарайды ай.
Мен өстіп отырғанда, тереземнен
Ай болып сен қарарма ең, үһ дариғай.

Кім айтар шыны ғашық емн емес деп?
Мұншама ғашық болар жөн емес деп.
Қалайын құшақ жайып, көз алдымнан
Өтсеңші ең болмаса бір елестеп.

Әлде сен тәтті ұйқының құшағында
Маужырап, еш алаңсыз жатырсың ба?
Түс болып барайын да, сырласайын,
Соғуын жүрегімнің тыңда-тыңда.


СҰЛУДЫҢ СЫМБАТЫ

Қара көз, қиылған қас, жазық маңдай,
Алма бет, ақша жүзі нұр тамғандай.
Қыр мұрын, оймақ ерін, меруерт тіс,
Бейне мақпал қызыл тіл шекер балдай.
Төгілер иығына қара шашы,
Жібектей жүз құлпырған дамыл алмай.
Күмбездей жарқыраған мойыны бар,
Тамағы күн шалмаған ақ торғындай.
Тік иық, сүмбіл білек, кербез кеуде,
Қос емшек ақ төсінде қос алмадай...
Мықыны тар, қиылған қыпша белі –
Буралған бейне нәзік пружинадай.
Бөксесі дөп-дөңгелек қызықтырар,
Жұп-жұмыр кіршіксіз ақ саны қандай.
Күлкілдеп балтыр еті, екі аяғы –
Түп-түзу мергендердің мылтығындай.
Еш мін жоқ, көз тойғысыз сырт тұлғасы,
Заказбен мрамордан құйылғандай.
Ақ көңіл, таза пейіл, уыз жүрек,
Сырты қандай болса, дәл іші сондай.
Кішіпейіл, білімді, ойы зерек,
Ибадатты боп келсін, арсызданбай.
Қара көзін төңкере қарағанда,
Кірпігінен құлпырып нұр тамғандай.
Жымың қағып, еркелеп сызылғанда.
Балдан тәтті қылығы – ес танғандай.
Жарқ-жұрқ етіп тұрғанда, жүргенінде
Көзге түсер таудағы ор құландай.
Нәзік даусы сыңқылдап күлгенінде,
Аққу құсы айдынның ойнағандай.
Жүз бұралып, сызылып шыққан үні,
Қос сандуғаш бақшада сайрағандай.
Жібек желдей тәніңе тисе лебі,
Бойы балқып, ойыңды арбағандай.
Он жеті мен он сегіз шамасында,
Көзді тартар кенеттен туған айдай.
Болар ма еді арманың бұл жалғанда,
Жарың болса өмірлік дәл осындай.
Болмаса егер, амал не, тудың, өлдің
Дәл осындай сұлуды ойлай-ойлай.
1935. Орал


СҮЙДІМ ДЕДІҢ

Сүйдім дедің, білегіңнен ұстадым,
Бірақ сені сүй деп зорлап қыспадым.
Адамшылық жүрегіңмен, еркіңмен
«Сүйдім» деп, сен білемісің құшқаның?

Сүйдім дедің, қара көзің жаудырап,
Сүйдім дедің, ақша жүзің балбырап.
Сүйдім дедің, ауызыңнан бердің бал,
Сүйдім дедің, ақ төсіңде аймалап.

Сүйдім дедің, жер еркесі жел білді,
Қошеметтеп көкте жұлдыз, ай күлді.
Табиғаттың құшағында серттескен,
Қайтып қана ұмытарсың сол түнді.

Сүйдім дедің, бал тіліңнен сүйдірдің,
Сүйдім дедің, сүйсіндірдің, күлдірдің:
Енді бүгін жүрегіме шоқ басып,
Неге менің жас жанымды күйдірдің?

Ойлашы өзің, осың дұрыс қылық па?
Ойлашы өзің, осың адамшылық па?
Айтқан сөзден, берген серттен тайғаның –
Мағынасыз тауып сылтау сыныққа?

Сүйдім дедің... сүйдім дедім... ып-ырас...
Бір өзіңе ауғаны хақ ықылас.
Өлтірсең де бал орнына у беріп,
Сүйдің... сүйдім... мәңгілікке ұмытылмас.
1935. Орал.


* * *

Құлағымнан кетер емес
Сенің, сәулем, тәтті үнің!
Жас музадан еш кем көрмес,
Сен – сүйікті бұлбұлым.

Гүл бақшадай сахнаға
Шыққан кезде сен сайрап.
Мен отырғам қарсы алдыңда
Қиял кернеп, ой ойлап.

Сені көріп, ой бөлініп,
Қарағанмын жүзіңе.
Кірпігімнен нұр төгіліп,
Көзім түскен көзіңе.

Сонда сенің күн көзіңнен
Жүрегіме нұр тиіп.
Ойға шомғам өз-өзімнен
Көңіліме сыр түйіп.

Нұрлы сәуле сонда сені
Жүрегіме бөледім.
Арман еткен көңлімдегі
Аруыма теңедім...

Күндер өтті, айлар өтті,
Бойды жеңді құмарлық.
Жас жүректі елжіретті,
Болмай кетті шыдарлық.

Махаббатқа бой алдырдым,
Амалым жоқ ашынам.
Құлы емес қой мен тағдырдың,
Неге сырым жасырам:

Махаббатқа жоқ қой айып,
Ерік бердім жүрекке.
Мен ұмтылдым құшақ жайып,
Жетем бе деп тілекке.

Жан жүректен жаздым хатты,
Таңданбассың, сұлуым.
Жас тілекті, махаббатты
Қорламассың, сұлуым.

Жүрегіңе тиер барып,
Жалындаған біздің сөз.
Жүрек сырын тез аңғарып,
Сен де ойыңды білдір тез.
Апрель, 1937. Алматы


* * *

Домбырамда бір күй бар тартылмаған,
Көңілімде бір сыр бар айтылмаған.
Күйімді де сырымды сыйлар едім,
Жаным сүйер жар болсаң жарқылдаған.

Шабыт таппай жас сұңқар саңқылдар ма,
Нұр шалмаса ақ алмас жарқылдар ма.
Сол секілді менің де көңілімнің
Нұр сәулесі, шабыты сүйген жарда.

Өмір өлке болғанда, мен бір айдын,
Алтын нұры төгілген күн мен айдың.
Аққудайын айдынға қонар күні
Болар ма екен құмартқан қалқатайдың!

Сонда күйдің пернесін басар едім,
Сақтап келген сырымды ашар едім.
Сүйген сәулем – серігі жас жанымның,
Сеніменен мәңгілік жасар едім.
1938. Алматы


* * *

Қыз – қызыл гүл бақшадағы,
Күн нұрымен құлпырар.
Көрсе кенет әркім-дағы
Гүлді алуға ұмтылар.

Бірақ қызыл гүлдер көп қой,
Қайсы бірін аларсың?!
Көрінгенін үзіп кетпей,
Таңдап бірін табарсың.

Гүл жақсысын кім білмекші,
Иіскеп көрші иісін.
Үзбей тұрып иіскетсеңші,
Сен де гүлдің бірісің.

Хош иісіңмен құмар қылсан,
Құмардан бір қанатын.
Қызыл гүлім шын ұнасаң,
Сонда үзіп алатын.
Август, 1937. Шұбартау


* * *

Сөзімді құп ал, құрбым, күлімсіреп,
Мінеки, саған арнап соқты жүрек.
Кеудемде махаббаттың оты лаулап,
Уыздай жас жүрегім тұр елжіреп.

Ғашықпын еш күмәнсіз, өзіме аян,
Сондықтан жүрек сырын етем баян.
Алдымда бақыт құсым тұрғандай-ақ,
Мен саған құштарлықпен құшақ жаям.

Сен болсаң нулы жердің қызыл гүлі,
Болар ем сахараның мен бұлбұлы.
Қонақтап гүл жанында рақат тауып,
Гүл құшып, сайрар едім күні-түні.

Сен болсаң жапандағы жалғыз терек,
Кез болсам келе жатып мен тентіреп.
Жолаушы жалқы жүрген жатар едім
Жапанда жапырағыңды көлеңкелеп.

Сен болсаң кәусар сулы мөлдір бұлақ,
Жарқырап жатсаң ағып таудан құлап.
Суыңды шөлдеп келіп ішер едім,
Маңында паналар ем мекен құрап.

Немесе жұбай аққу болар ма едік,
Аялап айдынға кеп қонар ма едік.
Күн болса, күн нұрымен бірге балқып,
Түн болса, самалда бір тоңар ма едік.
1937. Шұбартау


ЖАҢБЫРЛЫ КЕШТЕ, КӨШЕДЕ

Жаңбырлы кеште, көшеде
Жүрді жалғыз жас жігіт.
Дем алады күрсіне,
Өңі қашқан сұп-сұрғылт.

Құйып тұр жауын нөсерлеп,
Алас ұрып ойнап бұлт.
Ұялаған құстардай,
Үйінде отыр барлық жұрт.

Жалғыз ғана жігіт жүр,
Жапанда жалғыз батырдай.
Онда сірә бар не сыр,
Білер ме еді, япырм-ай!

Жүр ме әлде, жауыннан
Жан ләззәтін табам деп.
Ескен желмен тілдесіп,
Алыстан хабар алам деп.

Кенеттен ол жанғандай,
Жарқ-жұрқ етті нажағай!
О, жоқ! Емес нажағай,
Жарқ-жұрқ етті ақ маңдай.

Жарқ-жұрқ етіп ақ маңдай,
Қыз келеді жарқылдап.
Қыз магниті тартқандай
Жетті жігіт жақындап.

Жас жүрегін қолына ап,
Қызға жігіт ұсынды.
Кетті сұлу ғайып боп...
Жігіт ауыр күрсінді.

Бұл бір кәміл ақиқат,
Мұнда терең бір сыр бар.
Кімде күшті махаббат
Болса, мұны сол ұғар.
1938, Алматы


* * *

Алыстан айтқан сөзім өтер ме екен,
Биіксіз, созсам қолым жетер ме екен.
Алам деп айға ұмтылған жас баладай,
Қиынға қолқа салу бекер ме екен?

Тәуекел, бір сынайын өзімді-өзім,
Тоғындай электрдің тисін сөзім.
Әкетті мені билеп әлдеқайда,
Сұңқардай алып ұшқан жастық сезім.

Аспанда жарқыраған көп жұлдыз бар,
Мен соның біреуіне едім құмар.
Жақында сол жұлдызым жерге түсіп,
Таба алмай жүруші едім боп ынтызар.

Таба алмай көп шарлап ем жердің жүзін,
Кез болдым, Сіз екенсіз сол жұлдызым.
Кең жайып құшағымды шақырамын,
Жаныма жылжып қана кел, жұлдызым.
24 февраль, 1939


АЙТШЫ, ЖАНЫМ

Айтшы, жаным, неге тайдың сертіңнен,
Айтшы, жаным, от шығарып бетімнен.
Айтшы, жаным, біліп қана кетейін,
Өлсем-дағы сенің салған дертіңнен!

Айтшы, жаным, неден көңлің қалдырдым,
Айтшы, жаным, не деп серттен тандырдым?

Айтшы, жаным, не жазыппын мен саған,
Неге мұнша жүрегімді жандырдың?
Айтшы, жаным, неге суыды жүрегің?
Айтшы, жаным, талды ма әлде білегің?

Айтшы, жаным, қысып, құшып сүйгенде,
Жанбады ма, болмады ма тілегің?
1935. Орал


ӘЛДЕ...

Әлде, менің махаббатым харам ба?
Әлде, көңілім сен дегенде сараң ба?
Әлде, менің адамшылық арым кем,
Дос болуға сірә сіздей адамға?

Әлде, сенен басқа жарды сүйдім бе?
Сенен ұрлап жүректе сыр түйдім бе?
Әлде, мүмкін, дұшпан сөзін құп көріп,
Сабырсыз боп жоқ нәрсеге күйдің бе?

Әлде, мүмкін, тұтылды ма алтын күн,
Ай күңгірт боп басты ма кеп қара түн?
Әлде, мүмкін, шалқып жатқан дарияға
Күйе түсіп, қаптады ма көк түтін.
1935. Орал


ЖАУЫНГЕР ЖЫРЫ

Алқара көк астымда,
Белде болат қанжарым.
Күзеттемін мен мұнда,
Қайда менің жан жарым?

Ай сәулесі ойнайды.
Қанжарымда дірілдеп.
Жарым нелер ойлайды,
Отыр ма екен күлімдеп?

Отыр ма екен жан жарым,
Жатыр ма екен жан жарым?
Толған айдай дидарын
Көрмегелі жыл жарым.

Жарқылдаса қанжарым,
Жар жүзіндей қараймын.
Астымдағы ат жалын
Саусағыммен тараймын.

Алқара көк ойнақта,
Жарқылдай бер, қанжарым.
Алаңдатпа, ойлатпа,
Күзеттемін жан жарым.
1940


* * *

Жаным, сәулем, еркешім, қызыл гүлім,
Тек сенімен гүлденсін жас ғұмырым.
Күздей күңгірт көңілге жас орнатқан,
Жадыратқан жанымды сенің нұрың.

Күнім, айым, жұлдызым – бәрі сенсің,
Қасиетті жаныма тек сен теңсің.
Тек сен болсаң, мен үшін бәрі жарқын,
Мейлі аспанның ай, күні мәңгі сөнсін.

Мейлі аспанның бұлты кеп бассын мені,
Жарқ етермін күндей боп көрсем сені.
Қарт болсам мен, сен үшін жасарар ем,
Тірілер ем егер де болсам өлі!

Табыстырды өзіңе мені дағдыр,
Сүйдім, құштым, жанымнан төгілді жыр.
Аспан алғыс айтты ма екі жасқа,
Естен кетпес бұл кеште жауды жаңбыр.

Нөсерлесе аспаннан маржан жаңбыр,
Жасарар да құлпырар тау менен қыр.
Сол секілді құлпырсын біздің өмір
Деп ойлап, саған арнап жаздым мен жыр.
1941


* * *

Мен сүйем аспандағы алтын күнді,
Самалды, майда желді салқын түнді.
Мен сүйем ауаменен ширатылып,
Құлаққа жылы тиген мұңлы үнді.

Мен сүйем сылдыраған салқын суды,
Судағы салқындаған үйрек, қуды.
Мен сүйем күн шығарда көтерілген –
Көгілдір көк жібектей – көкшіл буды.

Мен сүйем ерікті-еркін таудың құсын,
Сайрасатын төрт бөліп түн ұйқысын.
Мен сүймес дүниеде еш нәрсе жоқ.
Сүйемін табиғаттың барлық күшін.

Дүниеде сүймейін мен нені ғана –
Бәрі қызық өзіме, бәрі жаңа.
Сонда-дағы осының бәрінен де
Артық сүйем дүниеде сені ғана.


СЕНІҢ АЛМА БАҒЫҢА

Сенің алма бағыңа
Шыбық шаншып кетіп ем.
Алдағы өмір бағына
Соны белгі етіп ем.

Келдім қайтып майданнан,
Таптым іздеп сені алғаш.
Сол шыбықтан жайқалған
Өсіпті бір алма ағаш.

Тұр жайқалып бағында,
Қызығамын, тамсанам.
Өзің де бұл шағыңда
Кем емессің дәл сонан.

Неткен жақсы жер еді
Жас шыбығым жайқалған!
Бір сөз айтқым келеді,
Тіл жетпейді, айта алман.
1945


ҮЙ ІШІНІҢ ӘЗІЛІ

Тозыпты сенің көйлегің,
Тозбайтын өлең жазайын.
Болмаса сенің көмегің,
Шығар ма, құрғыр, күн сайын.

Құрысып жатқан көңілімді
Үтіктеп берші азырақ.
Күні бойы шимайлап,
Қалыппын шаршап, қалжырап.

Ашуыма ащы етіп
Жібере көрме бұрыш сап.
Жаныма сусын пейілің,
Әкелші бері дұрыстап.

Уақытым тапшы, қысқартпа,
Қайшылап қиып жүрме сен.
Тұтанбай жатқан жырымды,
Қайтеді келіп үрлесең?

Бұрқ-сарқ етіп қайнаған
Қарамашы шәйнекке.
Ал, ойнайын домбыра,
Қосыла қой «ай, гөкке».
1946


САҚЫПЖАМАЛ

Сақыпжамал! Бір өзіңде
Екі әйелдің аты бар.
Күн боп көзің күлгеніңде,
Қабағыңнан ай туар.

Сол кез саған қарай берем
Көрмегендей мен бұрын.
Жанның сырын жатқан терең
Оқи берем жасырын.

Сақыпжамал! Атың қандай!
«Сәпен» дейміз қысқартып.
Жар бола гөр айтылғандай,
Сенен қайсы қыз артық?!

Махаббаттан талай жастың
Жүректері күюлі.
Мүмкін жөндеп сүйе алмаспын,
Өзің үйрет сүюді.

«Сенен артық жан табам» деп
Ойлайтын жан мен емес.
Қате бассам, кетсем желдеп,
Өзің сотта, өзің кеш.
1946


АҚСӘУЛЕ

Бір күй бар домбырада тартылмаған,
Бір сыр бар көңілімде айтылмаған.
Сен үшін келдім сақтап, сүйген сәуле!
Көзіңнен айналайын жалтылдаған.

Ақсәуле, аспанда аймен таласасың,
Төгіліп иығыңа қара шашың.
Жалт беріп құралай көз қарағанда,
Жанымның жайлауындай жарасасың.

Ақсәуле, арнадым мен арманымды,
Бұлбұлдай аялаған таңда гүлді.
Көркіне еңбегі сай келіп тұрған,
Арман не көргеніңде жан жарыңды!


* * *

Дариғашым, Дариғашым!
Қуанышым, балақаным.
Шешең – Сәпен, әкең – Қасым
Жайды саған алақанын.
Құсымыз боп қондың қолға,
Махаббаттың бал бөбегі.
Көп күттіріп, келдің зорға
Өмірімнің бар керегі.
Шықты нәзік тұңғыш үнің
Күйіндей боп арманымның.
Қуанышы үй ішінің
Адам болып, - алда тұрдың.
Кіп-кішкентай көзіңді ашып,
Қарадың сен, - көрдің жарық.
Өмірге ендің тайталасып,
Болмай жылап, тыпыр қағып.
Тосып алдық жайып жанды,
Бөледік біз махаббатқа.
Сүйдік қатты, сусын қанды,
Шомды жүрек бір рақатқа.
Бірақ, балам, кешірерсің,
Жасамадым жұртша мен той.
Ер жетерсің, түсінерсің,
- Тойым менің алда, - деп қой.
Ат өойдым мен Дариға деп,
Ұнар ма бұл? Әзір білмен.
Сақтамадым ешбір әдеп,
Қоя салдым өз еркіммен.

Дариғашым, ер жетерсің,
Оқырсың бұл өлеңімді.
Келер күндер күле келсін,
Сүйейінші бөбегімді.
1947


АЗЕРБАЙЖАН ҚЫЗЫНА

Атың Сана, көзің қара, гөзәл қыз,
Жыр жаздырдың жүрегімнен амалсыз.
Мен кетермін, альбом ашып қарарсыз,
Ақын қазақ ағаны еске аларсыз.

Тавриз – Баку аспанында күн Сана,
Күміс Каспий жағасында гүл Сана.
Жүрегіңмен жүрегімді бір сана,
Айтарым көп, айтқызбай-ақ біл, Сана.
1947


БАЛАМ АУЫРҒАНДА

Халім нашар. Кім ұғынар қайғымды...
Көргім келмейд күйзелгенде ай-күнді!
Жалғыз балам, Дариғашым, жалғызым!..
Бір сені ойлап, қайрат қажып майрылды.
Аурухана үйің бе еді сен жатар,
Ата-анаңдай кім бар сені уатар?
Тілің де жоқ, уілдейсің мұңайып,
Жылап жатсаң, кім әлпештеп жұбатар?
Көрдім бүгін, көрмеп едім бір айдай,
Кім болғансың? Миым қатты ұға алмай.
Ақ жүзіңде арай таңдай шалқыған,
Сәби нұрың сейіліпті тұмандай.
Тар қапаста жүдеген бір балапан
Сықылданып жатырсың сен, балақан.
Кіп-кішкентай көздеріңде кейіс бар,
Талпынбайсың, жаймайсың да алақан.
Сондай халде ұмытпайсың сен мені,
Өзің де бір едің сәби сергегі.
Көрген жерден кәмпитіңді ұсындың,
Білдім, балам, бары осы ғой сендегі.
Бердім аршып, саусақтарың үлбіреп,
Алдың менен, бір сөз айттың уілдеп.
Дәмін алып, бердің маған бір тістеп,
Мәз болдық біз бір кәмпитті бөліп жеп.
Сүйдім келіп, иісіңмен дем алдым,
Жас мейірмен рахаттанып сен қалдың.
Жайлап қана жайнап жүзің, жан бөпем,
Ай, бұрынғы қалпыңа бір келе алдың!
Ойладың ба: «Менен енді кетпес» деп?
Мен де ойлаушы ем не бір кезім өтпес деп.
Кеттім ақыр. Қала бердің тағы да,
Ақ бөпешім, арманымдай елестеп.
От шығады көкірегімнен, ойпырм-ай!
Ауыр соққы тиді басқа оңдырмай.
Қайтсем ғана сақтап қалам өмірін,
Құлынымды құрт ауруға қор қылмай.
Медицина, әлсіз бе едің әлі сен!
Қайдан іздеп табам енді әдіс, ем?
Қандай адам түсінер бұл халімді?
Ащы қайғы уытына зәр ішем.
1948


ЖАЗ КӨҢІЛ

(Әнге арналған)

Жаз көңіл, жарқылдаған бұл бір шағым,
Жаныма дарытпаймын дүние шаңын.
Әніммен қарсы аламын әрбір күнді,
Жайғандай ерке нәзік жар құшағын.

Жаз көңіл жігіт болдық той бастаған,
Құрбыға зейіні бар ой тастаған.
Жас өмір жайлауында шіркін көңіл
Бәйгіден күнде келіп ойқастаған.

Желпимін жанымды бір осындайда,
Үңілер жүрегіме досым қайда.
Кездесіп көңілімнің күнгейінде,
Әніме асыл құрбым қосылмай ма.
1948


АХ, САМАРА, ГОРОДОК!

(Орыс халық әнінің аудармасы)

Орамалым батар-батпас,
Қалқып қана ағады.
Сүйген жарым сүйер-сүймес,
Уақыт өтіп барады.

Қайырмасы:

Ах, Самара, жас қала,
Барамын сөнгелі.
Барамын сөнгелі,
Жұбатшы сен мені.

Өстім еркін, гүлдедім мен
Он жетіге келгенше.
Он жетіде махаббат
Қыз сорлыны жеңгенше.

Қайырмасы.

Сорлы ақ қайың саған орын
Тимепті өзен жарынан.
Жарым десең жаралама,
Сақта мені, жалынам.

Қайырмасы.

Ұмытайын сүйген жарды
Десем-дағы сан рет.
Махаббаттан безе алмадым,
Шектім талай қасірет.

Қайырмасы.

«Қош» десе жар, жүрек шіркін
Лап етер бір жалын ғой.
Қайғырады, қалжырайды,
Баяғы ол бір, баяғы ой.

Қайырмасы.

1949


ДАРИҒАҒА ХАТ

Құралай көзі мөлдіреп,
Кекіл шашы желбіреп.
«Папалап» кеп әрдайым,
Сүйдіретін маңдайын.
Қозым менің, құлыным,
Әрі қызым, әрі ұлым.
Құсым менің құлшынған,
Гүлім менің құлпырған.
Қызығына үй толған,
Көкірегіме күй болған.
Жалықтырмас жәрмеңкем,
Жайдары жаз, ақ еркем.
Көп түсірген ой маған,
Алтын оттай ойнаған.
Қуанышым арнасы –
Өмірімнің жалғасы.
Қағаз алып тартпадан,
Жазыпты ғой хат маған.
«Папа, сені сағындым...»
Деп жазыпты дарындым.
Толған жоқсың алтыға,
Сенің тұңғыш хатыңа
Қараймын да мәз болам,
Жаз осылай, жаз, балам!
1952. Қырым.


СУЛИКО

Акакий Церетелиден

Көп іздедім қабырыңды,
Қайғы сыймай жүрекке.
Сүйген жарың зарлай-зарлай сағынды,
Бір тіл қатшы-ау, Сулико.

Көрдім гүлді бақшадан,
Шық сорғалап, жас тамған.
Сол бір гүлім сен емеспең, жан еркем,
Тіл қатсаңшы-ау, Сулико.

Тұр жайқалып қызыл гүл,
Жүр аялап бір бұлбұл.
Мен сұрадым қайғы серпе, күрсіне,
Сенбісің, сәулем, Сулико.

Сонда бұлбұл даусынан
Жаңғырықты нулы орман.
«Сүйген сәулем Суликоң мен» дегендей
Сайрады бұлбұл күй көмей.


 
 

Published: 20 February 2009. Free to distribute, link to original URL is mandatory.


Используются технологии uCoz