Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл, жүрек!
БИКЕШ
І бөлім
Шықты бір қыз театрдан,
Мойынында орман түлкі.
Шашын күзеп, қасын қырған,
Аузы-мұрны толған күлкі.
- Пожалуйста, машинаға, -
Деді жігіт қолтықтаған.
Қылмыңдасып екеу ара,
Кетті тартып тауға таман...
Басарықтың бер жағында
Бір үй бар-ды оңашарақ.
Бар сияқты бір сыр мұнда,
Анадайдан тұрсаң қарап.
Тарс бекіліп терезесі,
Ашылмайтын айында бір.
Жоламайтын күн сәулесі,
Бейне қуыс қараңғы үңгір.
Жапан түзде жалғыз тұрған
Дуананың моласындай. –
Бір сыр ұрлап тұнжыраған
Үйдің сиқы міне осындай...
Шуылдатып ит біткенді,
Түршіктіріп тыныш түнді.
Сазға бояп етек-жеңді,
Ылғи біреу келетін-ді.
Келетін де, үйге кіріп
Отыратын ол айғай сап.
Ессіз тамда жын шақырып,
Зікір салған бақсыға ұқсап.
Бұл – белгілі Азғынбаев
Дейтұғын бір жігіт еді.
Тегін сұрап не қылайық,
Өз басы да бір ертегі.
Көксау қойдың өкпесіндей
Екі беті қабыныңқы.
Бұршақ соққан көктесіндей
Шаш дегенің қиқы-жиқы.
Жұтқыншағы жұдырықтай,
Трубкадай кеңірдегі.
Аршылмаған погрыптай
Қандай сасық шыққан демі...
Азғынбаев келді биыл,
Жетеуіне жиырманың.
Ізі де жоқ, жолы түгіл,
Байқап тұрсаң өткен шағын.
Өмір деген – ұлы теңіз
Кең дүниеде жатқан шалқып.
Теңіз сырын білмесеңіз,
Әкетеді түпке тартып.
Ерінбедік, еңбектендік,
Алдық алуан кеме жасап.
Дауыл, апат бәрін жеңдік,
Кемемізді толқынға сап.
Бірақ біздің Азғынбаев
Сап-сау басын салды дауға.
Әкесінен қалған қайық
Жатушы еді жағалауда,
Салды суға соны жамап,
Жүрді біраз қалт-құлт етіп.
Алға емес, артқа қарап,
Шегірткеше өлеңдетіп.
Теріс жаққа кетті ығып,
Көз ауданы көмкеріліп.
Толқын соғып қалды шығып,
Қайығымен төңкеріліп...
Замана – бір экспресс
Барады алға жүйткіп заулап.
(Бұрынғыдай түйе емес,
Ілбіп басқан шаңдаққа аунап).
Тұрды ол қарап аузын ашып,
Поезд көрген есекке ұсап.
Жылжымады алға басып, -
Қойғандай-ақ біреу тұсап.
Толған өнер, толған білім,
Біріне ол қоймады ден.
Ескіліктің қалған күлін
Бұрқыратып іздеді жем.
«Білім ал» деп тұрды мектеп,
Анасындай жайып құшақ.
Кірді күліп, шықты ептеп,
Үйге түскен ұрыға ұсап.
Жалт берді де кетті жытып
Ескіліктің ізіменен.
Аты-жөнін жатты өшіртіп
Талай мектеп тізімінен.
Бітірді рас («диплом» алды),
Екі-үш айлық бидің курсын.
Фокстрот, танголардың
Білуші еді он шақтысын.
Болып жүрді ресторанның
Үйреншікті «сый қонағы».
Қашан көрсең графиннің
Тасасында отырғаны...
ІІ болім
Көршімізде болды бір қыз,
Ақша маңдай, алма сағақ.
Әйтеуір бір танысқанбыз
Өте беріп жанасалап.
Махаббаттан айтар үгіт
Болды оның бір сырласы:
«Саған лайық сондай жігіт, -
Болса дейтін машинасы...»
Сондықтан ол көп қарайтын
Өткен-кеткен машинаға.
Бірақ «ГАЗ»-ды ұнатпайтын,
Арман етіп «ЗИС»-ті ғана...
Бітірді де онжылдықты
Қойды жиып оқуды бұл...
Саханадан кеп бір-ақ шықты,
Театрға енді биыл.
Кең ғой біздің театрлар,
Аясын ба бір орынды.
Әп-әдемі дауысы бар
Артист болар қыз көрінді.
«Ауызы да, мұрыны да
Жаратылған сахна үшін.
Қарайды ғой жұрт сыртына,
Көре жатар кейін ішін.
Жас адам ғой талабы зор,
Жүрер, көрер, өсер мұнда!..»
Деген оймен бір режиссер
Ала салды театрға.
Өсті бұл тез: барды базар,
Таңдап жүріп алды түлкі.
Жағынды кеп, кірді ажар,
Артистка боп шықты ілкі.
Бірақ оны сахнадан біз
Көре алмадық ешқашан да.
Көлбең қағып артисткамыз
Жүретін-ді ылғи залда,
Алда тұрған бос орынға
Отыратын еркін қонып.
Білдіретін өзі осында
Істейтінін артист болып.
«Бис-бис!» деп-ақ сездіретін
Искусствоны білетінін:
Бір шығатын, бір кіретін
Аяғына бермей тыным...
Қырланатын әлсін-әлі
Өзін тым-ақ сұлу санап.
Ойлайтын ол: «Жұрттың бәрі
Отыр ғой деп маған қарап».
«Ана рольді, мына рольді
Беріп еді, алмап едім.
Бұзды-ау анау, көрдің бе енді,
Бүйтер ме еді мына жерін...»
Деп қоятын көршісіне,
Ыбыр-жыбыр аузы тынбай.
Көп сенетін өз күшіне,
Ойнай кетсе қыратындай...
Жас адам ғой, жетсінші бір
Өзі ойлаған мақсатына.
Түспесінші көңліне кір,
Тілектеспіз жақсы атына.
Мақсаты не? Біледі өзі,
Бос біткен жоқ бет ажары.
Керек емес жұрттың сөзі,
Алда мұның өз базары...
ІІІ бөлім
Театрда болды бір кеш,
Жиналды жұрт жарқ-жұрқ еткен.
Жүрді сонда әлгі Бикеш
Өзі білер бір ниетпен...
Бір сөзінен бір романның
Сырын саған ұқтырғандай.
Қуанышы ақын жанның –
Қыздар жүрді атқан таңдай.
Жігіт жүрді, дидарынан
Жігер оты лапылдаған.
Өнер-білім шалқарынан
Шыққан қанып, жарқылдаған,
Ағайлармен қолтықтасып,
Бойдақтарға көрсетіп қыр.
Кербез күліп, көсем басып
Тілі тәтті жеңгейлер жүр.
Бір ғасырдың тұлғасындай,
Әзілдесіп шал мен кемпір.
Осы жұрттың құрдасындай,
Қызыл мауыт диванда отыр...
Қылқ еткізіп бір стопка
Буфеттегі бөтелкеден.
Тұрды біреу қарап топқа
Оқшырая ту желкеден.
«Не бір әйел, не бір қызбен
(Бәрібір ғой сірә оған!).
Таныссам-ау, би билесем...»
Деп ойлап тұр бағанадан.
Ауып-ақ тұр есі-дерті,
Шұбырып тұр сілекейі.
Бірақ келмейд еш реті,
Батыл бармайд, жоқ үрейі...
Оркестр де ду етті кеп,
Мың құбылтты кларнеттер.
Ортқып ойнап, кетті билеп
Еркін қыздар, жас жігіттер...
Тұрды Бикеш елден ерек,
Қыңыр қарап бишіл топқа.
Жігіттерге тұрды өкпелеп,
Шақырмады деп фокстротқа.
Сәл нәрседен түсті сәті,
Әлгі жігіт келді жетіп.
Білмен қайтіп барды дәті,
Қызды кетті дедектетіп...
Би де бітті. Тыншықты жұрт, -
Дауыл өткен дариядай.
Қызымызды әлгі жігіт
Меңгеріпті тіпті оп-оңай.
«Жақсы білем сізді сырттан,
Жүруші едім таныса алмай.
Құмар болып көп уақыттан,
Бір сырласып қаныса алмай.
Хабар естіп біреулерден:
Сізді осында келді деген.
Әдейілеп іздеп келгем,
Зырылдатып машинамен...
IV бөлім
Машина да келді жетіп,
Екпіні үйді сілкіндіріп.
Қос көлеңке көлбең етіп,
Қыз бен жігіт кетті кіріп.
«Пожалуйста, төрлетіңіз,
Пальтоңызды мен ілейін.
Қызмет ету міндетіміз,
Туфлиіңізді шөткелейін...
Үйіміз тар, бір-ақ бөлме,
Әрине, бұл сізден ұят.
Айтып едім Совнаркомге,
Бітпей жатыр жилкомбинат»
Деп қутыңдап түлкі жігіт,
Қояр емес қызды еркіне.
Отырды кеп қыз да күліп,
Жасаулы стол шетіне.
«...Сонымен сол институттен
Қайтарда алып дипломды.
Баспа орнына беріп кеткем
Суретім мен үш томымды...»
Деп бір қойды желе жортып,
Ойын алдан ойқастатып.
Қыз отырды іштен толқып,
Бір тұңғиық ойға батып:
«Институттен алған диплом...
Өн бойының бәрі білім...
Жазған кітап бірнеше том...
Айына алад бірнеше мың...
Өзгесін қой, машинаны айт,
- Алдым, - дейді былтыр сатып.
Қандай қызық етсең «гуляйт»
Асфальттармен зымыратып...
Жалғыз-ақ тар үйі тұрған,
Жаңа кепті Москва жақтан.
Береді ғой, сөз жоқ, бұған
Жетінші жилкомбинаттан...»
Осыны ойлап қыз отырды,
Сарт-сұрт етіп жатты есік:
Әлдекімдер үйге кірді, -
Былқ-сылқ етіп иін тіресіп...
Келіп болды «сыйқонақтар»,
Бұйрық күтіп тұрды банкет:
Ас «патшасы» шашқан қаһар
Дәл ортада «Ақмағамбет».
Ойдай келіп қызды думан,
Бісмілләні айтты арақ.
Тиді келіп жан-жағынан
Стол үстін жүндей сабап.
Емес тіпті мұрсат берер,
Шақар бокал етіп шақ-шақ.
Бір жақта бос бөтелкелер
Сыйыса алмай салды шатақ.
Қонақтардың бәрі де мәз,
Басталды сөз анекдоттан.
Ішінде бар не бір «сабаз»
Өтірікті төпей соққан.
Қысылған көз, шымшылған сан,
Бір-бірінен сыр ұрласқан.
Стол асты – ол бір майдан,
Ақ балтырлар араласқан.
- Кәне, кәне, көтерейік,
Қалдырмаңыз бір тамшысын...
Ақ ішпесе, көк берейік...
«Амал болса, тек сіз үшін».
- Алып жібер, қағып жібер,
- Ой, молодец! Міне, жігіт!
- Құйып жібер, қайда ликер?
Ештеңе етпес, шампаннан жұт...
- Асықпаңыз, уақыт ерте,
Машинамен зыр еткізем...
- Бас гармоньды желпілдете,
- Бикешімді билеткізем...
- Бис-бис! Танго! Бис-бис, фокстрот!
- Гүлләулә-һә, оһ-аһа...
- Ал кәнекей! Қолдарың соқ!
- Асса! Асса! Ха-ха-ха-ха!..
V бөлім
Қандай тәтті таңғы ұйқы!
Қандай таза таңғы ауа!
Ерінінде ойнап күлкі
Талай қыздар жатыр-ау, ә?..
Қыздар үшін еңбек етем,
Әлі отырмын жазып өлең.
Ең болмаса ендім бе екен,
Біреуінің түсіне мен?..
Түс демекші, айтайыншы
Бикешімнің «көрген түсін».
Таң алдында кетті-ау тынышы,
Түсі құрғыр бұзды ұйқысын.
Тілім келсе, тікесінен
Айтар едім... Бірақ... бірақ...
Ұйқыда емес, өңде көрген
Түстің жайы шатағырақ...
Тұрды орнынан шошып Бикеш
Құлан иек атқанда таң.
Не болғанын ұға алмай еш,
Аз отырды болып аң-таң.
Ойы мең-зең, айналды бас,
Сырқырайды сай сүйегі...
Кетті ыршып көзінен жас,
Құп-қу болып қашты өңі.
Біраздан соң жиды есін,
Қарады бір жатқан жанға:
Шалды көзі бір шекесін –
Қызыл жоса батқан қанға.
Жатыр ұйықтап қызыл шеке,
Белгілі ғой мұның сыры.
Бұл шекеге бір бөтелке
Тиген еді өткен түні...
Қаусағандай бар өмірі,
Бойы дел-сал, ойы мең-зең.
Әлде өлі, әлде тірі,
Шықты Бикеш сол бір үйден.
Қайран қалып бұл күйіне,
Шошыды ол өз-өзінен.
Бара алмады өз үйіне,
Ұялып өз көшесінен...
VІ бөлім
Азғынбаев көтерді бас
Бықыраған төсегінен.
Шала-бурыл әлі де мас,
Түк қалмапты «кешегіден»...
«Дәрі» керек емделуге,
Қалтада жоқ жалғыз тиын.
Үйде жалғыз сенделуде,
Қаусап қапты, соқты қиын...
Бір уақытта, «құдай айдап»
Келді оның шофер досты.
Тағы кетті «алақайлап»,
Көтерісті бұлар тосты...
Кетті досы елтіп, қызып,
Келемін, деп, тағы тауып.
Шыға беріп, тәртіп бұзып, -
Милиционер қойды жауып...
Күн айналып кетті кешке,
Азғынбаев сипап басын.
Әлденелер түсіп еске,
Қарады еңбек книжкасын.
Книжкада ине шаншар
Жазылмаған жер қалмапты.
Ақтық бетке бір секретарь
Кетпестей ғып крест сапты.
Сол кресті көзі шалып,
Азғынбаев көп ойлады.
«Бұл кресті салғаны анық
Өміріме» деп ойлады...
Түсті есіне бір кездері
Өзінше бір «дәуірлеген».
Болушы еді нән портфелі,
Жүруші еді машинамен.
Бір ызғарлы начальниктің
Болып еді секретары.
Барлық кілті кабинеттің,
Приемныйдың делолары.
Қолында еді бәрі мұның,
Жағымды еді начальникке.
Тілін алғыш иесінің
Ұқсаушы еді ақылды итке.
Болып жүріп начальникке
Күндіз хатшы, түнде малай.
Арақ тасып сан банкетке,
Көрген «қызық» талай-талай.
Мерез шыққан жүрегіне
Начальнигі «ауру» еді.
НКВД лагеріне
Кеткен еді емделгелі.
Содан бері Азғынбаев
Кірді талай мекемеге.
Табылмады іс оған лайық,
Жарамады ештемеге.
Болды хатшы, болды завхоз,
Шыға келді былықтырып.
«Байқайын» деп барды колхоз,
Кете барды қол қусырып.
Таңдады оқу бір күн жатып,
Санап мектеп атаулыны.
Кежегеден кері тартып,
Жылжытпады жалқаулығы.
Не делбеші, не курьер
Болуға бұл арланады.
Ешбір істі қолдан келер
Ойлап-ойлап таба алмады.
Сонда анық сезген еді
Қалғандығын таза махрұм.
Алда нелер кез келеді,
Не болса да күтті ақырын...
Арамызда бұғып жүрген
Бар ғой қулар, не бір жылпос.
Жүре берді жалтарумен
Солармен бұл болда да дос...
VІІ бөлім
Болды бес күн төсек тартып
Жатулы қыз ертелі-кеш.
Махаббатқа ауру сатып
Алды біздің сұлу Бикеш.
Орнынан қойды тұрмай,
Шақыртпады не дәрігер.
Жан ауырса тән ауырмай,
Дәрігер не дәрі берер?
Күлетіндей жұрттың бәрі,
Жатып алды үйден шықпай.
Жақындары, сырластары
Не болғанын қойды ұқпай.
Қиырына қиялының
Жете алмады шолақ ойы!
Көрінді оған жас шағының
Тарқағандай ойын-тойы.
Шықты тысқа бір күні кеш
Көрінбеді көшеде жұрт.
Кете барды мұңды Бикеш
Жамылды да қараңғы ымырт.
Басы ойдан босамады,
Тапты жолын екі аяғы.
Тапты таныс босағаны,
Аттап өткен сол баяғы.
Қақты есікті қол қалтырап,
«Пожалуйста!» - ашты жайлап.
Азғынбаев қызыңқырап,
Отыр екен тілін шайнап.
«Ә, сайтан қыз, сен бе ең келген?
Хош келіпсің, жоғары шық.
Сені күтіп отыр ем мен,
Сезеді ғой қайран ғашық.
Шеш пальтоңды, шеш галошты,
Лақтыра сал ана жерге.
Сен келген соң көңіл хош-ты,
Әттең жоқ-ау сімірерге.
Ақшаң бар ма, сал ортаға,
Кедей болып қалдым бүгін.
Екеуміз бір оңашада
Желпейікші көңіл кірін.
Ант атқан қыз, қайда жүрсің?
Күте-күте зарықтым мен.
Өзің қандай сүйкімдісің,
Сұлу-ақсың, жаңа ұқтым мен.
Келші бері, келші бері,
Бір қысайын сүбеңізден.
Құшақташы, сүйші мені,
Келмесең де күдер үзбен.
Қашан келер екен деп бұл,
Екі көзім сегіз болды.
Мен аңсаған сырлы бұлбұл
Бақшама кеп өзі қонды»...
Дей бергенде, былш еткізіп
Түкірді қыз бетіне оның.
Түсіне алмай, көзін сүзіп,
Азғынбаев күтті соңын.
Бедірейіп тұрды Бикеш,
Отырмады орындыққа.
Тұрды ұзақ тіл қатпай еш,
Суырылды бір уақытта.
- Дәл осы сен кімсің өзің?
Адамбысың, сайтанбысың?
Шын сыналар келді кезің,
Шыныңды сен айтармысың?
Жастық мені алдап соқты,
Алданыппын, сездім енді.
Жас жаныма салдың соққы,
Кегімді алар кезім келді.
Қымбат емес тірлік маған,
Өлгеннен соң ар-ұятым.
Өз ләззәтім болды харам,
Болды харам махаббатым.
Жастық желі жанға толып,
Жеңіл ойлап жүріппін мен.
Мезгіл жетті гүлім солып,
Қуарыппын, қураппын мен.
Сендей жынды көбелекті
Қондырыппын гүліме мен.
Қасіреттімін сол себепті,
Кетті аулақ өмір менен.
Сендейлердің мыңы тұрмас
Жігіттердің ғашығы едім.
Соларға да имедім бас,
Жүрегімді ап қашып едім.
Онда ойым сәби де еді,
Аяқ басқан апыл-тапыл.
Енді ойласам, жан күйеді,
Қайда болған қайран ақыл!
Алып қашты асау қиял,
Жар іздедім жұрттан артық.
Сен кез келдің... Бар ма амал!
Сөнді қиял босқа шалқып.
Неге ғана айттың жалған?
Неге алдадың айтшы маған?
Әзезіл ме ең сиқырлаған,
Қайдан душар болдым саған?
Жазығым не, жастығым ба?
Сұмдығыңмен неге алдадың?
Білгенің бе, қастығың ба?
Өмірімді арамдадың.
Айтшы, кімсің? – азғынбысың?
Сені де ана тапты ма екен?
Жарық дүние бар қылмысын
Саған арқалатты ма екен?..
Айта алмады бұдан ары,
Алқымға кеп ыза долы.
Жарқ-жұрқ етті көз жанары,
Оң қалтада ойнап қолы...
- Өзің не деп тұрсың, Бикеш? -
Деп бастады Азғынбаев.
Бос сөзді қой, киімің шеш,
Ақшаң бар ма? – Алғызайық.
Бүлінесің мұнша неге? –
Кеткен жоқ қой ештемең де.
Соған да қыз бүліне ме?!
Қызықтадық мен де, сен де.
Алдадым рас, айттым жалған,
Не күнә бар онда тұрған?
Жалғыз ғана сен бе алдаңған?
Қыздар үшін алдау – бір заң.
Мен атқардым міндетімді.
Неге алдандың, - өзіңнен көр.
Өкпені қой, бұр бетіңді,
Ақылды қыз болсаң егер.
Алданарсың әлі талай, -
Опық жеме ол үшін сен.
Қалмайсың ғой бай таба алмай,
Кім сенбейді «қызбын» десең?
Махаббат не? Бір бос сөз ол,
Ақындар ғой ойлап тапқан.
Қызықтай бер, - айтарым сол,
Күдеріңді үз махаббаттан»...
Деді де ол ашты құшақ,
Ойлап тағы сұм ниетті.
Қыз қолында сұсты пышақ
Нажағайдай жарқ-жұрқ етті.
«Бол, қарабет» деді де қыз,
Кете берді үйден ытқып.
Бетке түсіп крест айғыз,
Азғынбаев қалды ауытқып...
* * *
Өтті кетті сол бір жәйіт,
Бұдан он бес жылдар бұрын.
Өмір-өзен кетті шәйіп,
Ескіліктің кір қоқырын.
Сол қоқыспен кетсе керек,
Азған-тозған сол бір сүлде.
Естілмейді ешбір дерек,
Бар ма, жоқ па жер бетінде.
1938-54 ж.
АБДОЛЛА
(Абдолла Жұмағалиев (1915-1941) неміс-фашист
басқыншыларына қарсы соғыста ерлікпен қаза
тапқан қазақ ақыны.)
(Ақын өлімі туралы аңыз)
Майдан етіп дүние төрін,
Темір, гүрзі қақтап отқа,
Жекпе-жек кеп өмір, өлім,
Соққыласып жатқан жоқ па?
Арқалап сол майдан жүгін,
Қырғын соғыс ортасында,
Жүрегінің кекті зілін,
Қанды қырғын қапылыста
Айрылып бар жолдасынан
Жараланған жолбарыстай,
Өрт жанарлы бір жас ұлан
Қоса түйіп қорғасынға, -
Ырғып бұлттан түсер жайдай.
Өзі оқ боп атылғандай,
Ерегіске жанын тігіп,
Күтті жауын,
Тас бекініп.
Өмір гүлін жаншып, таптап,
Шаштан сүйреп махаббатты,
Жерімізде жындай қаптап,
Найзаға іліп ар-ұятты, -
Келе жатты сұм жендеттер!
Жиіркеніп,
Жиырылды жер,
Жауға тамшы татырмастай
Буырқанып тасты өзендер.
Сол аймақтың әрбір тасы
Ұшқандай ед құс боп көкке,
Қанды көбік қара топан
Ортасында бейне шың тас,
Өр кеудесін етіп қалқан,
Сол баяғы жатыр бір жас.
Қойып айды қарауылға,
Күн де шомды ұлы ұйқыға.
Қонды орманға қорғасын бұлт
Жат дыбысқа құлағын сап,
Тың тыңдаған адамға ұқсап,
Айнала аймақ тұрды жым-жырт.
Ойшыл орман мүлгіп, қалғып,
Төңіректің сырын аңдып:
Жайлап қана тартып сырнай,
Сыр шертеді ну қарағай.
Сонау орман етегінде
Жаланған от сатыр-сұтыр.
Қанды ізін қара түнге
Көме тастап жаулар отыр,
Сол бір оттан ыршып бір шоқ
Түсті ме ер кеудесіне?
Қойылғандай болды сол от
Динамиттің білтесіне.
- Қасақы жау қарсы алдында
Қасақана көрсетіп қыр,
Сенің алтын ошағыңда
Ұрлық отын жағып отыр,
Түскен дұшпан терезеңнен
Қапылыста салып жара,
Қуса сені өз төріңнен,
Көнсең соған,
Не масқара!..
Құдірет күші, жер жаһанның
Қанатын бер қыран құстың,
Ашуын бер арыстанның,
Жүрегін бер жолбарыстың!
Күллі әлемнің ашу-кегі
Орна менің кеудеме кеп!
Жау жолына атам сені,
Бомба бол да жарыл жүрек!
Бар арманым асқар тауым,
Көтеріл, ел, намыс туы! –
Деп ер ұлан бақты жауын,
Жарқ-жұрқ етіп жан ашуы.
Қанды пышақ – жау күлкісі
Қақ жарғандай түн жүрегін,
Шошып ұшты орман құсы,
Көл күрсініп алды демін.
Қызғыш болып қызғанышы,
Ер күрсініп алды демін.
Қимай жауға көл арнасын,
Жалын шарпып, дем алысы,
Құшып жерін, сүйіп-тасын
Жүрегіндей сол аймақтың
Аласұрды намысты ұлан,
Ащы зары махаббаттың
Естілгендей күйінді жан,
Кеуде кегі, жан ашуы
Кетті шығып от өзектен...
Көтерілді жаудың шуы
Түскендей-ақ каһар көктен.
Айнала жау ырсыл қағып,
Айдаһардай көтерді бас.
Кетті ілезде қызып, жанып
Дүниедегі бір ұлы айқас.
Зілзәлә боп жер мен аспан,
Соқты ұйтқып оқ бораны:
Қан кілкіте қара тастан,
Түткіледі кең даланы,
Түсіргендей көктің миын
Зіркілдеді зеңбіректер.
Естігендей дозақ күйін
Көрден ытқып шықты өліктер.
Қара толқын орман шашын
Жұлды талдап снарядтар,
Мәңгі мекен көл жағасын
Тастап, суға сүңгіді жар.
Ұмтылды жау ондап, жүздеп,
Тойтарам деп ердің сағын,
Тұтқын етіп аламыз, - деп, -
Айқара ашып оқ құшағын.
- Ала алмайсың! – деді ер ұлан,
- Алмай қойман! – деді жауы.
Қысты келіп жан-жағынан
Темір торлы жау құрсауы.
Жеті қабат жер өзегін
Жарып шықты отты селдей.
Бет қаратпай өртеп лебі,
Оқ орағын орай сермей,
Соғып жерге жау жүрегін,
Төңкерілтіп төңірегін, -
Бұрсанды кеп батыр ұлан,
Автоматтан түтетіп оқ,
Жау тобына лақтырылған
Жер мен көктің кәріндей боп.
Қанжарына қарақшының
Қарсы тосып өз кеудесін,
Қорғады жер батыр ұлан –
Жаралы ана жиып есін.
Алмай қойман! – деді дұшпан,
- Ала алмайсың! – деді ер ұлан.
Қайсарлықпен шыққан даңқы
Келе жатты ауыр танк.
- О, құдірет! Құнсыз темір
Кеше ғана жатқан шаңда.
Біткендей-ақ бойына өмір
Зірк-зірк етіп қан майданда,
Көрдіңдер ме, енді мынау
Сайысады адаммен бұл.
О, зымиян, сұрқия жау!
Қайран өнер, қайран ақыл! –
Деді де ол жалын шарпып
Жіберді өртеп жау танкісін.
Ол темірден алды тартып,
Адамзаттың өнер-күшін.
Ыза боп жау жіберді өрт,
Кідірді ер, оқ таусылып.
Автоматы ең соңғы рет
Алды демін, тынды сұлық...
«Алтын туын бостандықтың
Бір килодай қорғасынға
Күліп тұрып, сатқан сұмға
Мен бе екем болар тұтқын!»
Серпіп ойын, сілкіп бойын,
Тұрды атып қарады өртке,
Қалды қатып, салып зейін,
Таңғажайып бір суретке:
Қызыл, жасыл киінген өрт
Көрінді оған боп қыз ойнақ,
Толқын торғын, жайнап букет,
Тым сиқырлы билеп, ойнап.
Ашып отқа омырауын,
- Естісін, - деп, - қырсық жауым.
Айтты ол шырқап өрт ішінде
Сүйген әні «Қарғам-ауын»...
Қайсар батыр от киінген
Күш қайратын тіске жиып,
Жаңағы ақшыл ер жүзінен
Жалын тілін тұрды сүйіп.
Шұғыла шалған кешкі бұлттай,
Толқын шашта оттар ойнап,
Өрт топанын кешіп Нұхтай,
Жалғыз өзі тұрды бойлап,
Тұрды ұқсап, тұрды кейде
От ұстаған Прометейге.
Қара түнгі қанатындай,
Алыстағы нажағайдың,
Жарқ-жұрқ етті жүзінде айбын,
Атылғандай ішінде жай,
Жан күнінің нұр шапағы
Күлкі ойнады келбетінде,
Сәл шытынап ай қабағы,
Ең соңғы рет келді тілге:
- Жау жанында сен сүйкімді,
Кел бері өлім, күйіңді шерт!
Менің адал жүрегімді,
Жау алмасын, сен алшы өрт!
Қош бол енді, туған елім!
«Кетті де, бір қарыздар жан».
Бұл емес ед көксегенім,
Бұл емес ед арман!
Осы-ақ болды, келген қолдан,
Осы-ақ болды-ау, әттең шіркін!
Сен бөгелме ұлы жолдан,
Туған халқым, туған жұртым!
Сенің ашу арыстаның
Сілкуші еді жер мен көкті,
Ту сыртынан шығып жанын
Алшы жаудан, алшы кекті.
Жасашы той! Бәлкім сонда
Еске алып бұл бөбегіңді,
Бір азамат өз ортаңда
Оқыр менің өлеңімді.
Қош бол енді, туған елім!
Кеттім, кеттік боп қарыздар.
Жоғал жауым! Кел бері, өлім!
Қош бол, достар! Достар! Достар!
- О, дүние! – деген даусы
От ішінде сәл тұншығып.
Өмір ақтық музыкасы
Басталды да, қалды тынып.
Қағып алып сол бір күйді
Жалғастыра көкте жырлап,
Өрт үстінде көк түтінді
Құстар байғұс жүр шырылдап.
Айтып жұмбақ өлеңдерін
Аңыз болып бір сұлу жар,
Желпіп жалын желектерін
Келе жатты от сұлулар.
Айтты да ол соңғы сөзін,
Аударды бір отты көзін,
Жанарынан шырқ үйіріп,
Жер мен көкті алды жиып,
Сол бір көздің аясына
Кеткендей ед дүние сыйып.
Күй көңілді, жаз бейнелі
Алтын өмір мың құлпырып,
Көз алдында жардай күліп,
Қасақана алды тұрып.
Ғашық жардай қайран өмір
Қиналдырмай қалатын ба ең?
Желпуші еді ол жуытпай кір,
Құс жанының қанатымен.
Кейде сағым, кейде жалын
Арбады елес көз жанарын,
Көрді бәрін, құшты бәрін:
Туыстарын, жан достарын...
Кенет осы сұлу сурет
Тұрған жайнап, көзді тартып,
Сұп-сұрланып, о керемет,
Орны-орнында қалды қатып.
Тұр еді ол, үсте жалын
Алтын тудай шалқып, лаулап,
Жалп етті ту, жалт берді өмір,
От төсекке түсті аунап.
Ұшты құстар шар тарапқа
Хабарлауға ер өмірін.
Ұмтылды жау таптамаққа
Ең болмаса қалған күлін.
Бұлтын жиып көкірегіне
Күрсінді бір аспан ауыр,
Қос қанатын соғып жерге,
Азаланып жетті дауыл,
«Таптатпан, - деп, - күлін жауға»,
Құшып алып кетті дауыл,
Республика аспанында
Осынау күйді шертті дауыл.
ЭПИЛОГ
Ата қазақ ақсақалды,
Атыңа мін, ал домбыра,
Жина жырмен ұрпағыңды,
Аш кеудеңді батырыңа.
Жина-жырла, жина-жырла
Мына ұлы бата оқырға...
Алтын тулы ару таңның
Жаралғандай шапағынан,
Жүрегіндей сұлу жардың
От қанатты ақын ұлан,
Жан еді бір жатқан жұмбақ,
Сол бір жұмбақ шешілді енді.
Қайғы отында қайрат шыңдап
Түсір еске есіл ерді
Аты оның еді Абдолла,
Алшы жаттап, балғын бөбек,
Алтын қалам алшы қолға
Ағаңа ұқсап жазшы өлең!
Аш жүзіңді, шашыңды жи,
Жас арулар шық ортаға,
Ойнашы күй, ойнашы күй,
Жасыңды тып, қарт ата-ана!
Соқсын дауыл даусымыздан
Жырлайықшы қосылып бір!
Көрдің бе, әне, сонау құздан
Күле қарап Абдолла тұр!
Қиыр Шығыс. Госпиталь.
1943
|